Ауғанстан жерінен кеңес әскерінің шығарылғанына 25 жыл толуына орай облыс орталығындағы гуманитарлық-техникалық колледжде “Жүректе сақталады” деген тақырыпта кеш болып өтті.
Гүлбике КУБЕНОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бұл шара Ауған соғысына қатысы бар барлық ер-азаматтарға арналды. Он жылға жуық қанды қырғында сарбаздар ерлік пен табандылық танытты. Соғыстың қиын жағдайында туған жерінен шалғайда сағат сайын өз өмірлерін қауіпке ұшыратса да, әскери антына, адами борышына адал болды. Кешке қатысқан осындай жандарға мерекелік медальдар табыс етілді. Петропавл қаласы Қорғаныс істері жөніндегі басқармасының өкілі Мұрат Ақышев баршаның атынан оларға амандық-саулық тіледі.
Ауған жерінде ерлікпен қаза тапқан Сергей Горлов пен Илья Клепальский аталмыш колледждің түлектері еді. Студенттер мен Ауған соғысының ардагерлері қыршынынан қиылған боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.