«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Марат ОСПАНОВ: “ЖАНКYЙЕРЛЕРІМІЗДІ ЖАСЫТПАУFА ТИІСПІЗ!”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасында өңірлік футбол федерациясының отырысы өтіп, онда ел чемпионатының бірінші тобында өнер көрсетіп жүрген “Қызылжар-СК” клубының 2013 жылғы жұмысы қорытындыланып, үстіміздегі жылға жоспар жасалды. Федерация мүшелерінің алдында клубтың президенті Марат Оспанов есеп берді, команданың жаңа бас бапкері болып тағайындалған Эдуард Глазунов таныстырылды. Осы жиыннан соң, мен клуб президентін әңгімеге тартқан едім.

– Марат Сапарұлы, команданың бұрынғы бас жаттықтырушысы Вячеслав Ледовских неліктен кетіп қалды?

– Онымен арадағы жасалған келісімшарттың уақыты өтті. Жаңадан келісімшартқа қол қойған жоқпыз.

– Бұған команданың өткен маусымдағы кейбір олқылықтары себеп болған шығар?

– Әрине, ол да бар. Мысалы, өткен маусымда бірінші лигада он сегіз команда ойнады. Біз ойыншылармен жасақталуымызға, қаржылай мүмкіншіліктерімізге қарай алғашқы бестікке енуді жоспарлаған едік. Бірінші айналым өтіп, екіншісіне кірісердің алдында жоспарға түзету енгізіп, үштіктен орын алуды көздедік. Бұл қолымыздан келетін де еді. Бірақ клубтың жаттықтырушыларының және басшылығының ағаттығынан көп ұпай алынуға тиісті кездесулерде опық жедік. Мысалы, “Каспий” командасын 2:0 есебімен ұтып тұрып, ақыр-соңында 2:3 есебімен жеңіліп қалдық. Осындай нәтижемен “Махтаарал” клубына да жол бердік. Сондай-ақ аса мықты емес “Лашын” командасымен ұпай бөлістік. Осылардың кесірінен командамыз көздеген мақсатына жете алмай, төртінші орынды місе тұтты. Бұл команданың жаттықтырушыларының ойыншыларды жеңіске жігерлендіре алмауының кесірі екенін ұқтық. Осал қарсыластың да бірқағары болатынын олар футболшыларымызға дұрыс түсіндірмеді.

– Бірақ 2012 жылғыдан айтарлықтай жоғары өрледіңіздер ғой?

– Иә. Ол маусымда он бірінші орын алғанбыз.

– Жергілікті футболшыларды клубқа тарту мәселесіне қалай қарайсыз?

– Бұл қай клуб үшін де қажет, өзекті мәселе деп ойлаймын. Өз үйінен түлеп ұшқан жастармен жасақталған команданың іргесі берік болатыны анық. Соған қоса өзге жерлерден шебер ойыншыларды да тартқан жөн. Біз осындай жолмен келеміз. Өзіміздің төл ойыншыларымыз Николай Сараев (“Атырау”, премьер-лига) пен Юрий Мокроусовты (“Тобыл”, премьер-лига) қайтарып алдық. Ал өзге жерлерден Олександр Згураны, Анатолий Малковты, Денис Гудаевты және Давид Чагелишвилиді шақырдық.

– Клубты қаржыландыру мәселесі қалай шешілді?

– 2012 жылдың ақпанында республика чемпионатына қатысуға ашық конкурс өткен еді. Соның нәтижесі бойынша клубқа 123 миллион теңге бөлінгенді. Қаржыны уақытында және толық алдық. Бірақ сыйақылар мен басқа да қажетті қаржы бұған кірмеген. Бұл орайда клубтың мұқтаждықтарына үлкен көмек жасағаны үшін өңір басшысы Самат Ескендіровке ризашылық білдіреміз. Осындай қолдау көрсетудің арқасында “Қызылжар-СК” клубының еңбекақыдан еш берешегі жоқ.

– Команданың базасы қайда орналасқан?

– Өткен жылы бұл мәселе қиындық туғызғаны рас. Қазір ол шешімін тапты. База – “Жастар” стадионында. Алдағы наурыз айында команда сонда орналасады.

– Сіз команданың негізгі құрамы сақталып қалғанын айттыңыз. Сонда да кейбір жаңа ойыншылар алынатын шығар?

– Әрине, клубты нығайту ойымызда бар. Кейбір шептерге ойыншылар шақырылды.

– Алғашқы оқу-жаттығу жиыны қалай өтті?

– Чемпионат 6 сәуірде басталады. Оған дейін 15-26 қаңтар аралығында Петропавлда жергілікті футболшыларды шақырып, алғашқы байқау жиынын ұйымдастырдық. Соған қоса 1996-1998 жылдары туған жас ойыншыларды да байқадық. Ол жиынды Юрий Чухлеба өткізді. Соның нәтижесі бойынша резервіміз анықталады.

Чемпионатқа даярлық барысында әдетте таулы өңірлерде жаттығулар өткізуші едіңіздер. Биыл қалай?

– Биыл 25 ақпанға дейін Тәжікстанда тауда жаттығамыз. Бұлар ойыншылардың күш-қуат әлеуетін қалыптастыруға пайдалы. Осында жолдастық кездесулер өткізіп, шептерді пысықтаймыз.

– Ал Түркияға аттану жоспарда бар ма?

– Әлбетте. Бұл команданың жыл бойғы ойын өрнегін қалыптастыру жиыны болмақ. Сонда он бір, он екі жолдастық кездесу өткіземіз.

– Әр клубтың жанында бірнеше жастар тобы болу керек деген шарт қойылғаны жөнінде айтылуда. Бұл қалай шешілуде?

– Қазақстан Футбол федерациясы осындай тәртіп енгізді. Осы регламент бойынша әр клубтың жанында үш қосалқы топ болуы керек. Олармен жұмыс істейтін жаттықтырушылар клубтың штатына алынады.

Демек, біз бұл топтарды шеберлікті ұштауға қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандырамыз.

– Премьер-лигаға өту үшін не істеу керек?

– Ол үшін біз ойнайтын бірінші лигадаға он алты клубтың арасында жеңіске жетуге тиіспіз. Сонда жоғары топқа бірден өтеміз. Ал екінші орын алсақ, премьер-лигада он бірінші орнында қалған командамен екі ойындық жекпе-жек өткізуге тура келеді.

– Марат Сапарұлы, төрешілердің біліктілігіне көңіліңіз тола ма? Шынын айтсақ, Қазақстанда халықарлық кездесулерге төрешілік ететін мамандар аса көп емес сияқты?

– Бұл бір маңызды және орынды сауал. Мұндай халықаралық ойындарды өткізуге қабілеті жететін төрешілер жоқ деуге болмайды. Алайда, көп те емес. Төрешілердің арасында теориямен ғана қаруланған, бірақ өздері алаңда ойнап көрмеген жастар басым. Олар ойын психологиясына жетік емес.

– Команданың жаңа бас бапкері жайлы не айтар едіңіз?

– Эдуард Глазунов – жақсы бапкер. Бір қарағанда жуас сияқты көрінеді. Ал, анығында, ол табанды, талап қоя білетін, тактикалық өрнектер таба алатын маман. Сондықтан оған сенім артамыз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp