«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

РЕВМАТОЛОГИЯЛЫҚ АУРУЛАР ұзақ емделуді талап етеді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Елімізде ревматологиялық аурулар етек жайып барады. Бұл дертпен 50 жастан асқан қазақстандықтардың 80 пайызы ауырады екен. Көпшілік сырқат туралы аз білуінің салдарынан қол-аяқтың сырқырағанына мән бермей, жүре береді. Дәрігерлерге ауру асқынған кезде ғана келеді. Алғашқы кезеңде дерттің алдын алуға болады, дейді дәрігерлер. Ал асқынып кетсе, дерттің емделуі екіталай. Тіпті, бұл сырқатқа шалдыққан адамдардың 90 пайызы мүгедек болып қалуы мүмкін. Өңірімізде буын ауруларының өзге сырқаттарын есепке алмағанда, ревматоид артриті дертімен емдеу мекемелерінде диспансерлік есепте тұрғандар саны шамамен 800-ге жеткен. Ал тіркелмегендері қаншама?! Бұл сырқаттың бірнеше түрі бар. Олар: ревматоид артриті, ювенальді ревматоид артриті, жүйелі қызыл жегі, остеоартроз және тағы басқалары. Облысымызда бұл ауруға қарсы жүргізіліп келген жұмыстар жайында облыстық аурухананың ревматология бөлімшесі меңгерушісінің міндетін атқарушы, облыстың штаттан тыс ревматологі Ольга Ишинамен сұхбаттасқан болатынбыз.

– Ольга Ивановна, білуімше, біздің өңірде бұл сырқатпен ауыратындар саны жылдан-жылға ұлғайып барады. Бұл дерттің белгілері қандай?

– “Ревматизм” грек сөзінен шыққан. “Өту” деген мағына береді. Дәнекер тіндерді, негізінен жүрек қан тамыр жүйесі мен буындарды зақымдайтын ауру. Сырқатты зерттеген француз дәрігері Ж.Буйо мен орыс терапевті Г.Сокольскийдің атымен Сокольский-Буйо дерті деп те аталады. Аурудың нақты неден пайда болатындығы осы күнге дейін анықталмаған. Дәрігерлер оны бірнеше себептермен бағалап, саралайды. Көп жағдайда аурудың пайда болуы “А” тобына жататын бетагемолитик, стрептококк бактериясына және ағзаның тұқым қуалайтын ауруларға бейімділігіне байланысты деп тұжырымдайды. Аяқ астынан дене қызуы көтеріліп, тізе, білезік, шынтақ, иықтың буындары қызарып, ісінеді. Десе де, ревматологиялық аурулардың өзге де белгілері бар. Олар әр адамда түрліше көрініс табуы мүмкін. Мәселен, табан, балтыр буындарының ісінуін полиартрит деп атайды. Ревматологиялық ауруларды да дер кезінде емдеп, дәрігерге қаралып тұрсаң, алдын алуға болады. Созылмалы аутоимунды дерт болғандықтан, оны алдын алмаса мүгедектікке апарады.

– Бұл аурудың бірнеше белгілері бар дедіңіз. Науқас оны қалай ажырата алады?

– Ревматоид артриті аутоимунды дерт болып келеді. Яғни, белгілі бір себептермен микробтар мен бактериялардан қорғауы тиіс иммунитеттің жасушалары сау ағзаға шабуыл жасай бастайды. Және ең бірінші олар буынның жасушаларына қауіп төндіреді. Содан кейін ағзаның өзге де мүшелерін зақымдай бастауы әбден мүмкін. Иммунитет жасушаларының ағзаға шабуылының туындауына бірнеше себептер бар деп пайымдайды ғалымдар. Бірақ нақты аурудың неден пайда болатындығы осы күнге дейін анықталмаған. Десе де, ғалымдар әртүрлі жұқпалы аурулар, тұмау, грипп, баспа, созылмалы жұқпалы аурулардың қозуы себеп болуы әбден мүмкін дейді. Бұл аурудың пайда болуына америкалық ғалымдар адамның рухани жан дүниесінің кенеттен құлазуын да жатқызады. Қайғылы жағдайдан құса болып, көп уақыт бойы есеңгіреп, қатты күйзеліске түсу де себеп бола алады. Көбінесе бұл ауруға нәзік жандардың жиі шалдығатындығы дәлелденген. Бірақ соңғы уақытта бұл дертке нәзік жандар қалай шалдықса, ерлер қатары да солай көбейіп келеді. Оның да өз себебі болуы мүмкін. Бұл аутоимунды сырқаттарға жататын ревматоид артритінің ғана белгілері. Оған қоса, асқынған ревматизм безгегі, ревматизм жүрек сырқаты, остеопороз, ревматоид артриті, дәнекер болып тұратын тіннің жүйелі кеселі (жүйелі қызыл жегі, антифосфолипидті синдром, жүйелі склеродермия, Шегрен ауруы), құяң және тағы басқа сырқаттар пайда болуы мүмкін. Саламатты өмір салтын ұстанбау да дерттің пайда болуына түрткі болуы ғажап емес.

Аурудың алғашқы белгілеріне буындардың ісінуін жатқызады. Буындар, әсіресе, түнде сырқырап, ісіне бастайды. Адамның қимыл-қозғалысы тежеледі. Әсіресе, таңертең төсектен тұруы қиындап, бір сағаттай буындарын жаза алмайды. Ондайда бірден дәрігерге қаралған дұрыс. Оның қандай ауру екендігін тек дәрігер ғана анықтап бере алады. Егер де науқас жылдар бойы емделмесе, бұл дерт адамның өзге ағзаларын зақымдай бастайды.

– Бұл түбінде мүгедекке соқтырса, онда бұл дерттің әлеуметтік маңызы бар ғой?

– Иә. Бұл – әлеуметтік маңызы бар дерттердің бірі. Әлемдік денсаулық сақтау тәжірибесінде жоғарыда айтылған жүйелі қызыл жегі, жүйелі склеродермия және тағы басқа дәнекер болып тұратын тіннің жүйелі кеселдері әлеуметтік маңызы бар дерт болып табылады. Бүкіл әлемде бұл сырқаттарды емдеуге жұмсалатын қаражат қатерлі ісік дерттердікінен кем емес. Бұрындары бұл сырқатпен ауыратын науқастар жөнінде санақ мүлдем жүргізілмей келді. Тіпті, Қазақстан бойынша ревматолог дәрігерлердің өзі санаулы болған. “Саламатты Қазақстан – 2015” мемлекеттік бағдарламасының аясында елімізде бұл дертпен күресудің жолдары қарастырылып, іске асуда. Алғашқы медициналық-санитарлық көмекке басымдық беріліп отыр. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Денсаулық сақтау саласындағы басты басымдық – алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дамыту”, – деп медицинадағы осы бағытты дамытудың маңыздылығына тоқталған болатын. Бұл дертті ерте кезде анықтауға өз септігін тигізбей қоймайды.

– Ал біздің облыста ревматолог дәрігерлер жеткілікті ме?

– Менің ойымша, ревматолог дәрігерлер қалалық, аудандық деңгейдегі барлық емханаларда болуы тиіс. Бұл дерт маңыздылығы жағынан қант диабетінен кем түспейді. Неге дейсіз ғой? Себебі ревматологиялық аурулар созылмалы аутоимунды болып табылады. Адам бұл дертке шалдықса, өмір бойы ауырады. Яғни, науқастар дерттің одан әрі асқынуын тежеу үшін жүйелі түрде өмір бақи дәрі-дәрмек қабылдап отыруы тиіс. Қазіргі таңда емханаларда қант диабетіне шалдыққан науқастарға арналған “мектептер” ашылып жатыр. Онда алғашқы психологиялық, медициналық көмек көрсетіледі. Ревматологиялық ауруларға шалдыққан науқастар үшін де емханаларда арнайы кабинеттер ашқан дұрыс. Себебі өңіріміздің науқастары негізгі арнайы мамандандырылған көмекті тек облыстық аурухананың ревматологиялық бөлімшесінен ала алады. Жыл сайын науқас санының көбейіп келетіндігін ескерсек, бөлімшеде қызмет ететін 3 ревматолог дәрігер аудандар мен қалалардан келетін науқастарды қамти алмайды. Ревматологиялық ауруларға шалдыққан науқастар емханаларда диспансерлік есепке алынады. Олар учаскелік терапевтің бақылауында болады. Терапевтің онсыз да жұмысы көп екендігін ескерсек, емханаларда ревматолог дәрігер болуы тиіс. Бұл дертке шалдыққан науқастарды анықтауға, оларды емдеуге өз септігін тигізеді.

– Бұл дертке шалдығатындар саны жыл санап көбейіп барады дедіңіз.

– Өткен жарты жылдың өзінде ауруханада 334 науқас емделіп шықты. Былтыр емделгендер саны 800-ден асты. Осыдан-ақ пайымдай беріңіз. Қазіргі таңда еліміздің медицинасы қарқынды дамып келеді. Емханаларда скрининг жүргізіледі. Қан сараптамасын тереңдете жасайтын жекеменшік зертханалар ашылды. Егер де солтүстікқазақстандықтар бұрындары диагнозды анықтау үшін талдамаларды Ресейде жасайтын болса, қазіргі таңда ол күрделі тексерістерді өңірімізде де жасауға мүмкіндік бар.

– Бұл дертті емдеу тәсілдерінде елімізде өзгерістер бар ма?

– Өткен жылдармен салыстырғанда ауруханада тегін берілетін дәрі-дәрмектердің тізімі молайды. Шетелде өндірілген қымбат дәрілердің қатары көбейді. Ол дәрілер диспансерлік тізімде тұрған науқасқа тегін беріліп келеді. Медицина саласы күн санап дамып келеді. Дерттің бетін қайтаратын заманауи дәрі-дәрмектер өндірілуде. Ол дәрілер өте қымбат тұрады. Білуімше, дәрінің біреуі 300 мың теңгені құрайды. Ал аурудың бетін бері қарату үшін ондай дәрі-дәрмекті 1 жыл бойы қабылдау керек. Мұны көптеген қазақстандықтардың қалтасы көтермейді. Сондықтан мемлекет бұл дәрілерді тегін берудің де жолдарын қарастыруда. Науқастарымызды осындай заманауи дәрі-дәрмекпен емдеудің күні алыс емес.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp