Әскер НҰРМҰҚАНОВ.
ОҢБАС БОЛАР
Жақсыдан жаман туса, оңбас болар,
Ата-анасын аямас “тоң” бас болар.
Құзғынға ұқсап жемін де басып жейтін.
Қалғып-мүлгіп жүрген бір маубас болар.
ОПА БЕРМЕС
Опасыздың сөзіне сенбе,
Ол – бір ағаш жеміс бермес,
Мүләйімсіген көзіне сенбе,
Қолынан түк те келмес.
Бар болсаң, еркелейді
Жұртта қалған иттейін.
Жоқ болсаң, сәлем де бермейді,
Опасы жоқ титтейін.
НЕСІ ҰЯТ?
“Кім боласыз?” деген сөздің несі бар?
Ата тегін біледі ғой есі бар…
Әрбір сөздің өзіндік киесі бар.
Айып етсең, міне, тілім – кесіп ал?!
БАЙЛЫҚ –
АҚШАДА ЕМЕС
Болып-толып тұрған кезде,
Көңіл бөлмеуші едің, жезде.
Дедік: “Байлық – ақшада емес,
Адамгершіліктен безбе!”
Тыңдамақ түгіл сөзді,
Салмадың бізге көзді.
Енді кеш,“қайығың шайқалып, қалың нөпірде”…
Қалқиып, жалғыз өзің қалдың өмірде.
Қойшыбай ШӘНИЕВ.
АҚ ҚАР ЖАЙЛЫ АҚПАР
Оқи қалсаң, БАҚ-тарды
Береді былай ақпарды:
– Кеше қалың қар жауып
Жабуға жолды шақ қалды.
Жұмылдырып бар күшті,
Жатырмыз тасып ақ қарды.
Тындырған істі дәріптеп
Бірталай сөзді ақтарды
Пәленбай мың тоннасын
Шығарып төктік… (мақтанды)
* * *
Таразыға ешкім салған жоқ,
Ақпарда ешбір “жалған жоқ”.
Тоннасына дейін айтады-ау,
Ақ қарда ізі қалған жоқ.
БАНКРОТ БОЛДЫ
“Іс жағдайын біледі
Әріп”, – деп
Газеттер жазған дәріптеп.
Банкрот болды фирмасы,
Несиені алып көп.