Бұрнағы күні “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Самат Ескендіров қоғамдық қабылдау өткізіп, 16 азаматтың өтінішін тыңдады.
Қызылжар аудандық мәслихаттың депутаты, Бескөл орта мектеп-гимназиясының директоры Нина Маслова 47 жыл тарихы бар мектепке күрделі жөндеу жүргізу үшін бюджеттен қаржы бөлу туралы өтінішпен келіпті. Мектеп директорын мұқият тыңдаған Самат Ескендіров осы мақсатта бюджеттен 30 миллион теңге бөлінетіндігін айтты. Сонымен қатар осындай қаржыны №2 мектепке де бөлу қарастырылғандығын айтып, жөндеу жұмыстары жазғы демалыс кездерінде жүргізілетіндігін айтып өтті.
Петропавл қаласының тұрғыны, “Ракета” саяжай қоғамының төрайымы Ирина Белова:
– Жақын маңайда шағын өзен, не болмаса су жиналатын да жер жоқ. Сондықтан да өзімізге тиімді болу үшін су құбырын тартсақ деген ойымыз бар. Бүгінде осы мақсатпен өз күшімізбен 1 миллион теңге жинадық. Енді ойымызды жүзеге асыру үшін тағы да 3 миллион теңге жетпей, қолбайлау болып тұр, – деді.
Самат Ескендіров бұл өтініш жақын арада қарастырылатынын айтты.
Петропавл қаласының тұрғыны Күләнда Тасболатованың асырауында мүгедек баласы бар екен.
– Жер үйде тұрамыз. Бірақ, қолымда мүгедек балам бар, ол еңбектеп қана жүреді. Тар бөлмеде оған ешқандай да жағдай жоқ. Басқа тағы да екі балам және маған көмектесу үшін анамды да қолыма алғам. Осының барлығын ескере келе, баспана жағдайын жақсарту үшін тізімге тұрғанбыз. Құжат жинаған кезде өзіміздің баспанамыз барын онда жазып, көрсеттік. Сөйтіп, 2005 жылдан бері өз мәселеміз бойынша тізімге жазылдық. Бірақ, арада 8 жыл өткен соң бізді тізімнен сызып тастады. Тиісті орындармен хабарласып, себебін сұрағанда біздің баспанамыз барын алға тартты. Бірақ, олар менің жағдайымды түсінбей отырған сияқты, – деді ағынан жарылған Күләнда Әлімқызы.
Ананың мұң-мұқтажын тыңдаған Самат Сапарбекұлы мәселенің қайта қарастырылатынын жеткізді.
Үшінші қалалық аурухананың мейірбикесі Елена Абдрахманова отыз жыл өтілі бар бюджет саласының қызметкері ретінде 2007 жылы баспана алуға тізімге тұрған екен. Бірақ анасы ауырып қалған соң жұмыстан шығуға тура келген. Сөйтіп тек 2011 жылы ғана қайтадан жұмысқа орналасқан. Қазір ол үй алуға тұрған тізімде 2568-ші болып тұр. Бірақ, бұған дейін бюджеттік сала қызметкері болып істегенде 345-ші еді.
– Мен қазір бұрынғы жұмысыма қайта орналастым, бірақ үй алуға тұрған тізімнен неге шегерілгенімді түсінбеймін? – деді ол. Бұл сұраққа жауап берген Самат Ескендіров өтініш иесінің қолда бар құжаттарын қарастырып, барлық іс-әрекет заң аясында жасалғандығын тілге тиек етті.
Облыс орталығының тұрғыны Нұрзат Найманова да баспана мәселесімен келген. 2004 жылы олар отбасымен Тимирязев ауданындағы Жарқын ауылынан көшіп келген. Бірақ, ауылдағы үйлерін сатқан кезде оның жаңа иесі баспананы өз атына түсірмеген екен. Ол жайында Наймановтар отбасы білмеген. Сөйтіп, қалаға келген соң отағасы Ауған соғысының ардагері ретінде, ал зайыбы мүгедек баласы болғандықтан, баспана алуға екі тізімге тұрған. Ауылдағы үйдің әлегінен оларды 2013 жылы тізімнен сызып тастаған.
Мәселені тыңдаған Самат Ескендіров: “Бұл жағдайды, мүмкін, сот арқылы шешуге болатын шығар, құжаттарды тексеріп, ол жағын қарастырамыз”, – деді.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Виктор Потапов велосипед спортшылардың жарысқа қатысуы үшін қаражат қажет болғандығынан, қоғамдық қабылдауға келген. Бүгінгі таңда велоспорттың дамуы үшін қолдан келген барлық жағдайдың жасалып отырғандығын тілге тиек еткен Самат Сапарбекұлы бұл мәселе де өз ретімен шешімін табатындығын айтып, оны жауапты адамдарға тапсырды.
Самат Ескендіров бұл күні қоғамдық қабылдауға келген барлық азаматтардың өтініштерін жеке-жеке қарап, олардың барлығы бақылауда болатындығын айтты.
Суретті түсірген Талған ТӘНІБАЕВ.