Зәуреш СӘДУАҚАСОВА,
Петропавл машина жасау
колледжі директорының
оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Соңғы жылдары кәсіптік білім беруде жаңа дуальдік оқыту әдісі кең тарап, өзінің тиімділігіне көз жеткізуде. Дуальдік оқыту дегеніміз – теориялық білімді практикамен үзіліссіз ұштастыру. Бұл үшін кәсіптік білім алатын оқушы кәсіпорында практикалық жұмысты сол сабақтың үстінде қоса атқарады. Соның арқасында ол біліктілігін тез және оңай жетілдіреді.
Мұндай оқу әдісі туралы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет” деп тапсырма берді.
Бұл жұмысты біздің колледж бен “Петропавл ауыр машина жасау зауыты” акционерлік қоғамы 2012 жылы бірлесіп қолға алған еді. Колледжде оқытылатын мамандықтар бойынша жасалған оқу бағдарламалары өндірістегі мамандықтарға сәйкестендірілген. Бұл бағдарламаларды зауыт басшылығы бекітті. Соның нәтижесінде студент колледжде кәсіптік білімнің негіздерін оқыса, кәсіпорында мамандыққа жұмыс үстінде машықтанады.
Бұл үшін тәжірибелі өндірісшілер студенттерді нақты түрде өзінің қарауына алады. Осы толыққанды байланыстың арқасында болашақ жас маман кәсіби білімді тиімді және жылдам игереді, өндірістік ортаға машықтанады.
Жақында біздің оқу орнымызда “ПАМЖ” АҚ бас директоры Қуаныш Бишімов, кадрлар бөлімінің басшысы Тұяқ Рақышев және колледж директоры Анатолий Фурманюк қатысқан басқосу өтіп, олар дуальдік, техникалық және кәсіптік білім беруді жақсарту жолдары туралы ойларын ортаға салды.
Дуальдік білім беру жоғарыда аталған ерекшеліктеріне қоса, кәсіби біліктілікті арттырып қана қоймай, ол сонымен бірге болашақ маманның еңбек рыногындағы бәсекелесе алу қабілетіне де қол жеткізеді.
“ПАМЖ” АҚ мен машина жасау колледжінің арасындағы әлеуметтік әріптестік кәсіптік-техникалық білімді игерген жастардың жұмысқа орналасуына қиындық тудырмайды.