«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖҮРГІЗІЛГЕН ЖҰМЫС НӘТИЖЕСІ БАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыстық Табиғи монополияларды реттеу департаментінің басшысы Марат Мұстафин жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен брифинг өткізіп, онда 2013 жылдың жұмыс қорытындыларын және департаменттің осы жылғы негізгі бағыттары мен міндеттерін сөз етті.

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Хабарламада айтылғандай, департамент есепті жылы қыруар жұмыс атқарып, 43 табиғи монополиялар субъектісіне және 8 доминант-субъектіге бақылау жасап отырған. Жыл ішінде табиғи монополиялар субъектілерінің 25 өтініші қаралған, соның ішінде 8 өтініш жаңадан құрылған субъектілердің реттелетін қызметтері тарифтерін белгілесе, бір өтініш қолданыстағы тариф деңгейінде, ал қалған 16 өтініш өзгерістермен бекітілді. Тарифтік реттеу өтініштерін қараудың қорытындысы бойынша монополистердің сұраған кірістерін қысқартудың есебінен алынған экономикалық тиімділік нәтижесі 1 765,7 млн. теңгені құрайды.

Сол сияқты доминант-субъектілердің 4 хабарламасы қаралған болса, оның баға көтеруді сұраған біреуі қабылданған жоқ, тағы біреуінің бағасы қолданыстағы деңгейде қалды, ал екі хабарлама бойынша бағаны өзгертуге шешім қабылданды.

Марат Кәрімұлы сондай-ақ инвестициялық бағдарламаларсыз тарифтердің қаралмайтынын айтты. Соның нәтижесінде инвестиция көлемі бұрнағы жылмен салыстырғанда 33,7 млн. теңгеге өсіп, есепті жылда 1743,0 млн. теңгені құраған. Табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық тарифтер бойынша жұмысқа көшуі тарифтер тұрақтылығын және қызметтер сапасының жақсаруын қамтамасыз етеді. Өйткені оған салынған инвестициялар активтерді жаңғыртуға жағдай жасайды.

Сонымен бірге табиғи монополиялар субъектілерінің өтініштерін қараудың нәтижесінде шикізаттар, материалдар, отын шығындарының өтінілген технологиялық нормалары бойынша кеміту 500,7 млн. теңгені құрады. 2012-2013 жылдардың жылыту маусымы үшін жылу қуатына қайта есептеу жүргізіліп, тұтынушыларға 4,3 млн. теңге қайтарылды. Сол сияқты бақылау шараларын жүргізудің және уақытша өтемақылық тарифті енгізу нәтижесінде тұтынушылар тағы 12,4 млн. теңге қайтарып алды.

Брифингте департамент басшысы назар аударған маңызды мәселенің бірі негізгі коммуналдық қызметтер желілеріне есептегіш құралдарын орнату жайы болды. Бұл орайда Петропавл қаласы суық суға – 90,6 пайыз, ыстық суға – 90,4 пайыз көрсеткіштерімен республикада алдыңғы орындардың бірінде. Әсіресе, өткен жылы 6 мыңнан астам осындай су есептегіш құралдары қойылып, күшті ілгерілеу жасалды. Ал орнатылған жылу есептегіш құралдары әзірге 34,4 пайызды құрайды. Өткен жылы көпқабатты үйлерге 60 есептегіш құралы қойылғанымен, алда әлі 284 үйді жабдықтау міндеті тұр. Баспасөз жиынында бұл мәселе жөнінде қала әкімінің кеңесшісі, департаменттің жанындағы сараптамашылар тобының мүшесі Анатолий Мишин сөз алып, осы күрделі жұмыстың мемлекеттік ауқымда шешілу жайы ойластырылып жатқанын айтты.

Департамент басшысы сол сияқты бақылау-талап қою және лицензиялау, тұрғындарға тарифтік саясатты түсіндіру жұмыстары жайында сөз етіп, ең соңында осы жылға арналған негізгі міндеттерге тоқталды. Олар: кәсіпорындардың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етуге, қуат үнемдеу жұмыстарын жалғастыруға, “Жасыл экономикаға” көшу жолдарын іздестіруге және реттеліп көрсетілетін қызметтерге негізсіз баға өсуінен тұтынушыларды қорғауға бағытталған.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp