Полицейлер заңсыз сақталған қарулар мен оқ-дәріні тәркілеу мақсатында алдын алу жұмыстарын күшейтті. Өткен аптада тіркелмеген алты тегіс оқпанды мылтық табылды. Ал жыл басынан бері мұндай 18 қару тәркіленді.
Қалалық ІІБ-нің “102” нөміріне мас күйдегі ер адамның бір отбасын қарумен қорқытып жатқаны туралы ақпарат түседі. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері шу шығарған азаматтың тегіс оқпанды мылтықты үйінде заңсыз сақтағанын анықтайды. Қару тәркіленді. Облыс орталығының 39 жастағы тұрғынына қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, ол екі айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл төлейтін болды.
Жыл басынан бері мылтық ұстайтын екі мыңға жуық адам тексерілді. Әкімшілік заңнаманы бұзудың 184 фактісі анықталды, яғни қаруды алу, сақтау, ұстау немесе сату тәртібінің бұзылғаны үшін – 17, қару мен оның патрондарын алу, сақтау, пайдалану және тасымалдау ережелерінің бұзылғаны үшін – 96, азаматтық қаруды тіркеу, қайта тіркеу және есепке қою тәртібінің бұзылғаны үшін 71 әкімшілік іс қаралған. СҚО ІІД Лицензиялау-рұқсат беру жүйесі бөлімшесінің бастығы Еркін Хамзиннің пікірінше, азаматтық қаруға бақылау жүргізу жөніндегі алдын алу жұмысы мен заңсыз сақталған оқ-қаруды тәркілеу қоғамдағы қылмыстылық деңгейін төмендетудің кепілі.
Қаруды алу, тіркеу және сақтау тәртібі мен ережелері бар. Қару мен оның патрондары еденге немесе қабырғаға нығыз бекітілген металл сейфте сақталуы тиіс. Оның ішкі құлпы берік орнатылуы, қабырғаларының қалыңдығы 3 миллиметрден кем болмауы шарт. Қару иесі үш айдан астам уақытқа іссапарға жөнелтілсе немесе әскери қызмет бабымен жол жүрсе, онда қаруын мекенжайы бойынша ішкі істер органдарына тапсыруы қажет.
Қаруды алу, сақтау, ұстау, беру немесе сату ережелері мен тәртібін бұзған азаматтар ҚР Әкімшілік кодексінің 368-369-баптарына сәйкес қаруды тәркілеумен бірден бес айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі көлемде айыппұл төлеуге міндетті немесе азаматтық қаруды ақылы тәркілеумен бестен он беске дейінгі АЕК көлемінде айыппұл төлеуге тартылады. Ерікті түрде қаруын тапсырғандар әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктен босатылады.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.