ҚР Президенті Н. Назарбаевтың атына Ингушетия Республикасының басшысы Юнус-Бек Евкуровтан Алғыс хат келіп түсті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметінен хабарлады.
Өз хатында Ю.Евкуров ингуштердің сан ғасырлық тарихындағы қасіретті датаның бірі 1944 жылғы 23 ақпан екенін атап өткен. Бұл күні ингуш халқы бір сағат ішінде тарихи Отанынан айрылды, ал жаппай жер аудару мен қуғын-сүргін салдарынан жартысынан астамы қаза болды.
Ю.Евкуров ингуштер үшін Қазақстан екінші Отанға айналғанын және көпшілігі әлі де осы елде тұрып жатқанын, оның толыққанды азаматы болып саналатынын атап көрсеткен. Ол осының бәрі Нұрсұлтан Назарбаев жүргізген саясаттың арқасында мүмкін болғанына тоқталған.
“Ингушетия Республикасы халқының және жеке өзімнің атымнан барша қазақ халқына қиын-қыстау жылдары өз Отанынан айрылған адамдарға көрсеткен көмегі үшін шынайы ризашылық білдіремін”, – делінген хатта.