Ұрпақ тәрбиесі қоғамнан тыс құбылыс емес, ол заманның бағыт-бағдарына, тыныс-тіршілігіне ілесіп отырады. Ұлттық тәрбиенің негізі балаға ана тілімен, ана сүтімен, бесік жырының әлдиімен беріледі. Ал балабақшада әр бүлдіршіннің тілге, білімге деген жеке-дара бейімділігі мен қызығушылығы ескеріле отырып, ойлау және танымдық қабілеті қалыптасады. Сол себепті балабақша мен ата-ана ынтымақтастығы бірін-бірі толықтырады десек те болады.
Алтын СЕЙІТОВА,
“Ақ бота” бөбекжай-бақшасы”
МКҚК-ның директоры.
Бүлдіршін жаңа көктеп келе жатқан тал шыбықтай болса, ата-анамен мен тәрбиеші оны бабына келтіріп өсіретін бағбан іспетті. Халықта “Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың” деп бекер айтылмаған. Сондықтан бала бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, яғни адамгершілік қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікте тәрбиелеуде отбасы мен балабақша шешуші рөл атқарады.
“Ақ бота” бөбекжай-бақшасында отбасы мен балабақша арасындағы ықтымақтастықты нығайту мақсатында ата-аналарды топтағы оқу-тәрбие үдерісінің мазмұнымен және әдістемесімен таныстырып, отбасы тәрбиесі туралы педагогикалық және психологиялық кеңес беру игі дәстүрге айналған. Отбасы мүшелерін балабақшадағы дәстүрлі іс-шараларға барынша көбірек қатыстыру қажет. Сол себепті ата-аналарды балабақшадағы әртүрлі іс-шараларды ұйымдастыру жұмысына қатыстыру да жолға қойылған.
Отбасындағы бала тәрбиесі жайлы айтар болсақ, әр ата-ана баланың тіршілік әрекетін ұйымдастыру мәселесіне ерекше мән бергені жөн. Режім баланы жинақылыққа, елгезектікке, дәлдікке, мұқияттылыққа үйретеді, еңбек қабілетін жақсартады. Өз баласының ертеңгі күні үлгілі, өнегелі, тәрбиелі, достары мен тәрбиешілері, ұстаздары алдында беделді, мәдениетті бала әрі азамат болып қалыптасуы үшін ата-аналар баланың күн режімін жоспарлауға көмектесу қажет. Бұл – аса маңызды мәселе. Балабақшада бала 10 сағат болса, бір тәуліктің қалған уақытында ол үйде, яғни ата-анасымен бірге болады. Сол кезден баланың бос уақыты қалай өтеді, немен шұғылданады – соны қадағалау керек. Сондай-ақ баланы толғандырған сауалдар жауапсыз қалмағаны жөн.
Бала Сіздің әрбір қимылыңызды, бет әлпетіңіздегі өзгерістерді, дауыс ырғағыңызды қалтқысыз қадағалап отыратындығын есіңізден шығармағаныңыз абзал. Мысалы, балаға әңгіме, ертегі оқыған кезде мазмұнына сәйкес дауыс ырғағын келтіріп оқысаңыз, бала ұйып тыңдайды.
Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Дегенмен, отбасылық жайттар балаға теріс әсерін тигізетінін естен шығармау керек. Ата-ана өз баласын күнде көрген соң мінез-құлқын байқамайды. Ал балалар болса болған оқиғалардың барлығын естерінде ұзақ сақтайды. Ата-ана бұл мәселеге мән бергені жөн.
Бала тәрбиесіне отбасында, балабақшада, білім беру мекемелерінде жан-жақты мән берсек, бүлдіршіндеріміздің күні ертең беткеұстар ел азаматы болып ержетіп, өмірде өз орнын табары сөзсіз.