Достық үйінде “Мәңгілік Ел” – Қазақстан халқы Ассамблеясының бірлігі мен келісімінің тұғырнамасы” тақырыбында “дөңгелек үстел” болып өтті. Оған ардагерлер, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен белсенділері, жастар мен әртүрлі ұйымдардың өкілдері қатысып, Елбасының “Қазақстан – 2050” Стратегиясындағы қазақстандықтар алдына қойған міндеттерді орындау барысын талқылады.
Гүлбике КУБЕНОВА.
“Солтүстік Қазақстан”.
Алдымен “дөңгелек үстел” басына жиналған қауым Қазақстан халқы Ассамблеясының ел тарихындағы рөліне тоқталды. Бүгін, яғни 1 наурызда елімізде тұратын түрлі этнос өкілдерінің ұйытқысына айналған Ассамблеяның құрылғанына 19 жыл толып отыр. Өткен мерзім ішінде бірлікке жол бастаған аталмыш органның атқарған еңбегі қыруар. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы төрағасының орынбасары Рашбиль Евдаев ассамблеяны құруға не себеп болғанын атап өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет 1992 жылы ауызға алған еді. 1995 жылы 1 наурызда Президентіміздің Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Жарлығы шықты. Ассамблея ел Президенті жанындағы консультативтік-кеңесшілік органнан конституциялық органға айналып, берік құқықтық негізге және қоғамдық-саяси мәртебеге ие бола түсті. Төраға орынбасарының айтуынша, елдегі этностар арасындағы тыныштық пен татулықты сақтауға және дамытуға діңгек бола білген игі істердің бастамашысы Ассамблеяның ендігі міндеті – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына атсалысу. Бұл орган үшін де Елбасы айтқандай,, “Стратегия – күннен- күнге, жылдан-жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы”. Мәселен, түрік ұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Диляра Хасанованың пікірінше, облыстық ассамблея жанында жұмыс істейтін жастар ұйымдарының қызметін күшейту керек. Өйткені, бүгінгі жас буын – ертеңгі билік тізгінін ұстайтын ұрпақ. “Олардың бойына қазақстандық патриотизмді ұялату, елжанды етіп тәрбиелеу – басты парызымыз”, – деді ол.