Жол апаттарының алдын алып, қоғамдық көліктердің жолаушылар тасымалдауын жайлы ете түсу мақсатында солтүстікқазақстандық әмбебап полицейлер ақпанның 24-інен облыстық “Автобус” жедел-алдын алу шарасын өткізуде. Тәртіп сақшылары рейдтің тек алғашқы екі күні ішінде жол ережесінің қатаң бұзылуының 119 фактісін анықтады.
Аталмыш шараға барлығы 60-тан астам тәртіп сақшысы жұмылдырылған. Олар шара барысында күнделікті жол ережесінің сақталуынан басқа жолаушылар тасымалдау көліктерін жіті бақылауда.
“Шараның басты мақсаты автобус жүргізушілерінің жолда жүру ережесінің бұзбауын қатаң қадағалау, ережені сақтамаудың арты қандай қайғылы жол апаттарына әкеліп соқтыратынын жеткізу болып табылады. Сондай-ақ біз пайда табуды көздеген жол жүруге жарамсыз, техникалық ақауы бар қоғамдық көліктерді анықтауға баса назар аударамыз”, – деп хабарлады СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы, полиция майоры Әбілсейіт Жолаушин.
Рейд барысында қоғамдық көлік кінәсінен орын алған жол-көлік апаттары тіркелген жоқ. Алайда, алдын алу шарасының алғашқы күні жолаушылар көлігі жүргізушілерінің қиылыстарды өту, қауіпсіздік белдігін тақпау және басып озу сияқты ережелерді сақтай бермейтіндігі белгілі болды. Екі күн ішінде осы сынды 38 факті тіркелді. Соның ішінде жол қауіпсіздігін сақтау талаптарына сай емес көліктерді жүргізген – 21, рульде келе жатып ұялы телефонмен сөйлескен 12 жүргізуші жауапқа тартылды.
СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.