Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Петропавлда “Қариялар тәрбие мектебінің” тұсаукесері өткізілді. Жиынға төрағалық еткен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов:
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың Ұлттық Идеясы”, – деп атап көрсетті. “Ел болам десең, бесігіңді түзе” дегендей, жарық дүниеге келген әр адамның алдындағы міндеттері – ақиқатты танып, иманды болу, әке-шешені сыйлау, құрмет көрсетіп, ата-ананың ақ сүтін ақтау екенін жастарға үйрету – біздің парыз. Осының барлығына әрбір ата-ана, ұстаз, қоғамның әрбір мүшесі күнделікті көңіл бөліп, ұлағатты ұл, қылықты қыз тәрбиелейтін болсақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдымызға қойған ұлы мұраттардың бәрі ақиқатқа айналатыны анық. Бір тілді, бір намысты, бір рухты, біртұтас мәңгілік қазақ елін қалыптастыруға ақсақалдар алқасының төрағасы Болат Сағындықовтың бастамасымен құрылған “Қариялар тәрбие мектебі” атсалысады деген ойдамын, – деді.
Ескендір Елеусізовтің айтуынша, облыс әкімдігі, Білім, Ішкі саясат, Мәдениет және мұрағат және Тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың қолдауымен ардагерлер кеңесінің жанынан “Қариялар тәрбие мектебі” ұйымдастырылып отыр. Қариялар мектебінің бағдарламасы жасалып, мектеп директорларының тәрбие ісі жөніндегі орынбасарларының қатысуымен талқыланған. Ол наурыз айынан жұмысын бастайды. Тәрбие мектебінің жұмысына зейнеткерлікке шыққан ұстаздар тартылған.
– Елбасы биылғы Жолдауында Мәңгілік Ел идеясын жүзеге асыру ісінде жастарға ерекше мән берді. Өйткені бұл игілікті істі атқаратын да, жемісін көретін де жастар. Осы жауапты да құрметті мақсатқа жету үшін жастарды тәрбиелеудің маңызы зор. Елімізде бұл бағытта іс-шаралар жүргізілуде. Әйткенмен, жас ұрпақ тәрбиесінде олқылық аз емес. Әсіресе, ұлттық рухты, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты, тілді насихаттау кенже қалып келеді. Тәрбиенің кемшін тұстары көп, соның салдарынан жастар арасында лайықсыз жайлар жиі кездеседі. Ата-аналарын отбасынан алшақтату, Қарттар үйіне тапсыру, имансыздық, әдепсіздік, ар-ұятқа кір келтіру, ұлттық намысымызды аяққа басу сияқты келеңсіз әрекеттер белең алып барады. Сондықтан ардагерлер ұлағатты сөзден бастап, тәрбие бағытындағы түрлі іс-шаралар атқаратын болады, – Болат Сағындықов.
Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі Әлия Малдыбаеваның айтуынша, бүгінгі жастарға халықтық педагогиканы үйрету мақсатында тәрбие мектебінің жоспарында “Қыз – елдің көркі”, “Сәлем – сөздің анасы”, “Ақылдың кені – асыл сөз”, “Тіл тағдыры – ұрпақ тағдыры”, “Ислам және біз”, “Ер намысы – ел намысы” тақырыптары қамтылған.
Қариялар мектебінің ережесі жасалған. Олар алдымен зерттеу жүргізбек. Ол үшін бір ай жұмыс істеп, қорытындысын өз араларында талдайды. Істеліп жатқан шараның тиімді – тиімсіз жақтарын айқындайды. Жұмысты ардагер педагогтер мектеп мұғалімдерімен бірлесе отырып жүргізетін болады. Жоспар бойынша әр ардагер педагог өзінің атқарған жұмысына есеп береді. Жұмыста құрғақ сөз болмай, қазіргі заман технологияларын пайдалану талабы қойылған. Шығармашылық жұмыстарды электронды нұсқада тарату қолға алынбақ.