Бұрнағы күні облыстық қала құрылысы кеңесінің отырысы болып, онда өңір басшысы Самат Ескендіров облыстағы үш аудан орталығының 2030 жылға дейін белгіленген аумақтық орналасу сызбасының бас жоспарын мақұлдады. Жобаны жасаған алматылық “Градо” ЖФ” ЖШС-нің директоры Арқынжан Маметов облыс әкіміне бұрынғы бас жобалардың толықтырылған нұсқаларын баяндап берді.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Аталмыш жобалау фирмасы Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның орталығы – Новоишимка, Тимирязев ауданының орталығы – Тимирязево мен Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылдарының аумақтық бас жоспарларының жобасын жасады. Ондағы мақсат – әр елді мекендегі тұрғындар санының өсуіне қарай алдағы әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, аумақтың жоспарлы құрылымы мен функционалдық ұйымдастырылуын, көлік және инженерлік коммуникациялар, көгалдандыру және көріктендіру жүйесін белгілейтін кешенді жоспарларды айқындау болып табылады.
– Осы жұмысты орындау үшін біз бірқатар шараларды басты назарда ұстадық. Онда ең алдымен аумақтардағы демографиялық өсімге сараптама жасадық, екіншіден, ол елді мекендердегі құрылыс жұмыстарының жүргізілу деңгейіне баға бердік, сондай-ақ әр ауылдың даму тұрғысынан ерекшеліктеріне баса көңіл бөлдік. Сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Осылайша үш елді мекеннің аумақтық дамуының барлық бағыттары мен жоспарларын ескере отырып, бас жоспарлардың жобасы жасалды, – деді тапсырысты орындаушы фирманың басшысы А. Маметов.
Әр аудан орталығының жоспары сол аумақтың 2030 жылға дейінгі даму бағыттарын қамтыған. Жалпы өңіріміздегі барлық аудан орталықтары мен Петропавл қаласының бұрынғы жасалған бас жоспарының орындалу мерзімі 2015 жылы аяқталады екен. Ендеше алдағы уақытта басқа 10 аудан мен облыс орталығының бас жоспарын бекіту ісі де кешіктірмей қолға алуды талап ететін шаруа.
Аумақтық орналасу жоспарын жасаған фирма қызметкерлерінің айтуынша, әр ауылдың аумақтық сұлбасын және оның анықтама құжаттарын жасап шығу үшін мамандарға 5-7 ай мерзім керек екен. Бұл, әрине, үлкен еңбекті талап ететін жұмыс. Бас жоспарларды жасаған компания ол аумақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын, тұрғындар өсімі мен көші-қон мәселесін, тұрғындарының жұмыспен қамтылу көрсеткіштерін, қоршаған ортаның жағдайын, жолдар мен коммуникация тораптарын, көгалдандыру, инженерлік және геологиялық ахуалды, тағысын тағыларды зерттеген. Осы бағыттардың барлығы егжей-тегжейлі қамтылған соң фирманың директоры өңір басшысына тапсырыстың орындалу көрсеткіштерін баяндаған кезде олардың жұмысы оң баға алды.
– “Градо” жобалау фирмасының аты бізге таңсық емес, олармен он жылдың көлемінде қарым-қатынас жасап келеміз. Бүгінгі олардың үш аудан орталығының бас жоспарының жобасымен таныстыру шаралары да оң көзқараспен қабылданды. Енді бұл жобалар әр ауданның мәслихаттарында қаралып, егер ондағы депутаттардың алып-қосарлары болса, тағы бір пысықталып, жоба әрі қарай күшіне енетін болады. Фирманың жұмысына ризашылығымызды білдіреміз, – деді облыс әкімі Самат Ескендіров.
Суретті түсірген
Виталий ВЛАСЕНКО.