Жамбыл ауданындағы Ольговка ауылының тұрғыны, белгілі марафоншы Әскер Қожанов жуырда Астанадан жеңіспен оралған бетінде кездесіп, сұхбаттастық.
– Әскер Айбергенұлы желмен жарысып, рекорд жасаған жүйрік екеніңізді жастардың көбі біле бермейтін сияқты. Сондықтан спортпен қоян-қолтық арала-суыңызға тоқтала кетсек.
– Жас күнімде атағым алысқа кетіп, айтулы додалардан жүлде аламын деп ойлаған емеспін. Далада доп теуіп, ауланың құмын көкке шығарғаннан басқа басыма ештеңе де кіріп-шыққан жоқ. Бірақ дене шынықтыру пәнінде жүгіру, секіру сынды ауыл балаларының кез келгені орындай алатын жаттығуларды бұлжытпай орындай жүріп, бірте-бірте спортқа деген ынтам ояна бастады. Марафонға келмес бұрын аз уақыт шаңғы және велоспортпен жаттықтым. Сол кездегі ауыл мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Еркін Аңдыбаевтың қарамағында жаттығып, көптеген мектепаралық сайыстарда топ жардым. Ал 1995-1997 жылдар аралығында әскерде жүргенімде кросс бойынша алдыма жан салмадым деп айта аламын. Әскери борышымды өтеп келгеннен кейін Благовещенка ауылының марафоншысы Николай Самойловпен танысқан соң спорттың аталмыш түріне көңіл қойдым. Қысы-жазы жаттыға жүріп, өзімнен болашақта жап-жақсы желаяқ шығуы мүмкін деген үміт оты ояна бастады. Сол үміттің арқасында тынбай жаттығып, шелектеп тер төктім. Ақыры жүгіру алаңынан бір қадам алыстамай жаттыққан соң жақсы нәтижелер көрсете бастадым.
– Спорттық мансабыңыздағы алғашқы жетістіктеріңіз қандай болды?
– Ең алғашқы жарысыма тоқталар болсам, Николай Самойловтың нұсқауымен 2003 жылы Ресейдің Омбы қаласында өткен Сібір халықаралық марафонына қатысып, 700 адамның ішінде алғашқы жүздікке кірдім. Көрсеткен нәтижем – 3 сағат 05 минут. Бұл марафонға жаңа келген спортшы үшін жаман нәтиже емес.
– Бұдан кейін спортқа деген құштарлығыңыз арта түскен шығар?
– Иә, ең бастысы – талпынысым шындыққа айналды. Төккен терім ақталды. Сөйтіп, соңғы 13 жылдың ішінде біраз сайыстарда топ жардым. Спорттық мансабымдағы ең үздік нәтижеме –2003 жылы Астана қаласында өткен ел біріншілігінде 2 сағат 36 минут уақытты көрсеткен едім. Ал 2004 жылы Челябі қаласында өткен 100 шақырымдық марафонда бірінші, 2005 жылы Санкт-Петербургте өткен 100 шақырымдық Ресей кубогында үшінші болдым. Онда мен жүз шақырымды 8 сағат 3 минуттың ішінде бағындырдым. Сондай-ақ үш мәрте 12 сағаттық ел біріншілігін, 2013 жылдың мамыр айында Ыстықкөлде Жапония елшілігі ұйымдастырған екінші халықаралық марафонда өзімнің жас тобымда екінші орынға ие болдым.
Қарап отырсам, 2000 жылдан бастап жалпы 76 марафонда бағымды сынаған екенмін. Оның 75-інде сөреге жетіп, денсаулық жағдайыма байланысты тек бір рет қана жарыстан шығып қалдым. 19 рет жеңімпаз атандым. Марафондарға қатысқалы бері тоғызыншы рет кубок иегері, 29-шы рет әртүрлі дәрежедегі медальдарға ие болдым. Сондай-ақ 6 мәрте тәуліктік, 9 мәрте 100 шақырымдық, 5 мәрте 12 сағаттық, 42 шақырым 195 метрлік марафонға 50 мәрте қатысқан екенмін. Бұл – мен үшін үлкен жетістік.
– Қарап отырсақ, шаңғымен де, велоспортпен де мықтап айналысқан екенсіз. Неліктен сол спорт түрлеріне тұрақтамай, таңдауыңыз марафонға түсті?
– Бала жасымнан спортқа жақын болып, ағзамды шынықтырғанды қатты сүйдім. Мектепте оқығанымда қуана-қуана шаңғымен де, велоспортпен де айналысқаным рас. Бірақ әскерден келгенімде жасым 23-ке жетіп қалған болатын. Енді спортқа оралайын десем, спорттың көптеген түрлеріне жасым келмейді. Себебі, ол спорт түрлеріне адам ерте жастан келіп, жаттығуы қажет. Яғни, мен үшін кеш деген сөз. Осы орайда марафонның өзге спорт түрлерінен жөні бөлек. Марафонға мықтап ден қоямын дегендер қашан бастаса да, өз еркі. Өйткені, марафон жүгірісінде адамның қабілеті отыз жасқа қараған шағында ашыла бастайды.
– Марафоншы болу үшін спортшының бойында қандай қасиет болуы керек деп ойлайсыз?
– Марафон мен үстірт марафонды өмірлік серік қыламын деген әрбір жас ең алдымен төзімді, қайратты, қажырлы болуы керек. Ал аталған қасиеттерді дамыту үшін қосымша суда балықтай жүзе, шаңғы тебе білу керек. Сондықтан қалай болғанның өзінде бір спорттың екіншісіне әсер етпей қоймайды.
– Сіздің сөзіңізге қарағанда талант, бейімділік сияқты қасиеттер Сізде бар болғаны ғой?
– Бойға Алла тағала дарытқан жылдамдық пен төзімділік болмаса, аталмыш спорт түрінде бүгінгі деңгейіме жете алмас едім. Бір мысал келтірейін, мен жарыстарға жаттыққанымда көрші ауылдарға дейін жүгіріп барып, келемін. Бұл дегеніміз – күніне орташа алғанда 25-30 шақырым. Ал санай берсек, айына бағындыратын қашықтығым 700 шақырымнан асып кетеді екен. Ең бастысы, мен жаттығуларымды жыл бойы үзбеймін. Ешқашан да далада аяз, суық екен деп үйде қарап отырмаймын. Жылы киініп, бетімді үсіктен сақтау үшін қаздың майын жағамын. Бетперде киемін. Міне, осындай жаттығулардан кейін адамда төзімділік пен шыдамдылық дами түседі?
– Басында 42 шақырымдық марафонға қатысқаныңызбен, соңғы жылдары үстірт марафонға ауысқан екенсіз. Оның себебіне тоқталып өтсеңіз…
– Адам есейген сайын ағзасы қартая түседі емес пе? Мен өзімді қартайдым деп айтпағаныммен, жылдамдығымның азайғаны рас. Сол себепті төзімділік пен шыдамдылығымды жақсарту мақсатында үстірт марафонға ауыстым. Оның жай марафоннан ерекшелігі – мұнда бір қалыпты жүгіріп отырасың әрі жылдамдықпен жүгіру қажет емес.
– Өткен жылдың тамыз айында және үстіміздегі жылдың қаңтар айында Астана қаласында өткен үстірт марафондарда топ жарған екенсіз. Жеңістеріңізбен құттықтаймыз! Аталмыш додалар қалай өтті?
– Рақмет! Астананың Орталық саябағында өткен тәуліктік марафон бойынша ел біріншілігіне қатысушылардың қатары аз болған жоқ. Облыс атынан Ильдар Халлиулин және Алексей Давыдов үшеуміз қатыстық. Бәріміз де Петропавл қаласындағы “Надежда” әуесқойлар клубының мүшесіміз. “Астана қаласының жүгіріс және саламатты өмір салтының әуесқойларының үйірмесі” қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған марафон 6,12 және 24 сағаттық болды. 6 және 12 сағаттық қашықтыққа кәсіби емес спортшылар мен ардагерлер қатысса, 24 сағатқа тек кәсіби спортшылар жүгірді. Өзім тәуліктік жарысқа қатысып, 182 шақырым 700 метрді ойдағыдай жүгіріп өттім. Шынын айту керек, жүгіру жеңіл болған жоқ. Кешке қарай жаңбыр жауып, таңертең күн шыққанда асфальт үстіндегі су буға айналып көтерілгенде қиналдық. Себебі, дымқыл ауа дем алғанда тыныс жолдарына ауыр тиді. Бірақ алдыма айқын мақсат қойғандықтан, тоқтаған жоқпын. Жалпы бұл марафонға бір айдай дайындалған едім. Төккен тер зая кетпеді. Қорытынды бойынша тәуліктік марафонда кәсіби спортшылар арасында жұлдызым жанып, жеңіс тұғырына көтерілдім.
Елордадан келген соң келесі жарысқа дайындыққа кірісіп кеттім. Араға аз уақыт салып, қаңтардың 2-сі күні Астанада өткен ел біріншілігінде сайысқа түстім. Бұл жарыс мен үшін үлкен сын болды. Аталмыш додада 12 сағаттың ішінде 132 километр 400 метрді жүгіріп өтіп, бұл нәтижеммен абсолютті жас санатта Қазақстан рекордын орнаттым.
– Арманыңыз бар ма?
– Осыдан бірнеше жыл бұрын жеті тәулік су астында ұзақ отырудан Гиннес рекордын жаңартпақшы болған едім. Бірақ демеушілер табылмай, арманымды жүзеге асыра алмадым. Дегенмен, рекордшы атануды мұрат етіп, әлі күнге дейін күні-түні жаттығып, әзірленіп жүрмін. Жақын уақытта Ресейге жарысқа барып, тағы да тапсырыс беріп көремін. Жарнаны төлеп, қажет болса, несие де аламын. Рекордқа нақтырақ тоқталар болсам, білмеген адамға осыншама уақыт бойы су астында отыру таңғажайып нәрсе сияқты көрінеді. Дегенмен, адам ағзасының мүмкіндігі шексіз екендігін түсіну қажет. Шара барысында рекорд орнатамын деген үміткер су құйылған аквариумда отырып, тек глюкозамен түтік арқылы тамақтанады. Ал оған дейін спортшы құрамында глюкоза молынан кездесетінін жеміс-жидектер мен балды жегені дұрыс. Сонымен бірге әртүрлі ботқалар мен нан, картоп сияқты крахмалға бай басқа да тағамдарды жегені жөн.
Жеті тәулік бойы су астында тапжылмастан отыру үшін йогамен айналысудамын. Себебі, ол адам денесінің икемділігі мен жақсы физикалық тұлғасын сақтауға, шаршағандықтан құтылуға және психикалық денсаулықты нығайтуға көмектеседі. Йоганың арқасында су астында денемді дұрыс босаңсытып, демім мен жүрек қағысымды бәсеңдете аламын. Яғни, медитация жасаймын.
– Сонда Сіз еттен бас тартып, вегетариандық болатын болдыңыз ғой?
– Жоқ, йогамен айналысу үшін міндетті түрде вегетариандық болудың еш қажеті жоқ. Тек ас мәзіріме қажетті өзгертулер енгізіп, дәрумендерге аса бай жеміс-жидекке көп көңіл бөлетін боламын.
Сонымен бірге Гиннес рекордтар кітабындағы әйгілі үштік триатлон бойынша өткізілетін “Темір адам” атағын жеңіп алғым келеді. Ол үшін белгілі бір уақыттың ішінде 3,8 шақырым қашықтықта суда жүзіп, 180 шақырым қашықтықты велосипедпен, ал 42 шақырым жерді жүгіріп өту керек. Аталмыш атақты жеңіп алу мүмкіндігім бар. Себебі, жастайымнан велосипед тебуді білемін, жүгіруден кенде қалған жоқпын. Ендігі кезекте тек суда балықша жүзуді үйрену ғана қалды. Алдағы жоспарларым осы. Жағдайым келіп жатса, алдағы марафондардан қалмай, белсенді түрде қатысуды жоспарлап отырмын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Қошан ҚАЛИ.