Облыстық балалар ауруханасы “Қазмедтех” АҚ ұсынған қаржы лизингісі арқылы жаңа медициналық құрал-жабдықтармен толықты. Енді өңіріміздің жеткіншектеріне соңғы заманғы жабдықпен ем-дом қабылдауға мүмкіндік туды.
Мультиспиральді 40 кескінді компьютерлі томограф – 2013 жылы Германияда шығарылған Siemens Somatom Definition AS фирмасының өнімі, өңірімізде баламасы жоқ аппарат. Оның көмегімен ми, өкпе, жүрек, көкірек, құрсақ қуысын, жамбас және тағы басқа мүшелерді тексеруге болады. Балаларға арнайы жасалған аппарат сәуленің аз таралуын қамтамасыз етеді. Және түсірілген бейнелерді 3D, 4D режимінде көруге мүмкіндігі бар.
Аурухана тағы екі жаңа қондырғымен толықты. Олар заманауи рентгендиагностикалық кешен және ультрадыбыстық диагностикалық жүйе. Рентген-диагностикалық кешен екі жұмыс орнына шақталған. Италияда жасалған бұл қондырғы арқылы рентген тексерістердің кез келген түрін жасауға болады. Кореяда шығарылған соңғы заманғы ультрадыбыстық диагностикалық жүйе болса педиатрия, неонатология, балалар кардиологиясы және тағы басқа ағзаны зерттеуге оңтайлы.
(Өз тілшімізден).