«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАЛАНЫҢ ҚАБІЛЕТІ ОЙЫН АРҚЫЛЫ ДАМИДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Белгілі педагог А.Макаренко айтқандай, бала ойын ойнағанда өзін қалай көрсетсе, өсе келе еңбекте де солай болады. Сондықтан да болашақ қайраткерді тәрбиелеудің бірден-бір жолы – ойын. Адамның бүкіл өмірлік жолында бір-бірінің орнын басып тұратын үш түрлі генетикалық іс-әрекет бар. Олар: ойын, оқу, еңбек. Ойын – үлкендердің балаларды тәрбиелеудегі іс-әрекеті. Ойынның теориялық түсінігі педагогика мен психологияда көп зерттелген.

Бала кездегі ойын түрлері бүлдіршіндердің ақыл-ойын дамытады, өсіреді. Балабақшадағы балғындар дайын бөлшектерден үй құрастырып, ермексаздан түрлі-түрлі мүсіндер жасаса, бірте-бірте виртуалды ойындарды ойнауға көшеді. Ойынның басты үш түрі бар. Олар: кәсіптік, әуестену және жаттығу ойындары. Оқыту барысындағы ойындар оқу үдерісінің бір формасы және әдіс-тәсілі ретінде дидактикалық санатқа жатады. Осыған орай ойынды оқытушылар мен студенттердің, ұстаздар мен шәкірттердің, мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндер мен тәрбиешілердің қоғамдасқан оқу мен тәрбие ісіндегі бір-бірімен тығыз байланысты технологиясы ретінде қарастыруға болады. Кішкентайлардың да, ересектердің де ойындары белгілі бір тұлғаның мағыналы іс-әрекеті ретінде құрылады.

Адам өзінің де, өзгенің де ойынын талдап, таразылай отырып, оны өз өмір тәжірибесінде қолдануға дағдыланады. Педагогтердің іс-тәжірибесінде ойынға қатысты бірқатар түсініктер қалыптасқан. Атап айтар болсақ, ол: ұжымдық, рөлдік, сюжеттік, ұлттық және т.б. ойындар. Балалар ойындарындағы ұстаздардың рөлі өте зор. Ұстаз – көбіне ұйымдастырушы. Ол ойынның мән-маңызын түсіндіріп, ақыл-кеңес береді. Шәкірттердің дау-дамайлы мәселелеріне әділ қазы да бола біледі.

Ұстаз балалардың ойын кезінде де қилы сезімдерде болып, көңіл күйінің мың құбылатынын (мақтану, қуану, ренжу, қызғану, өкіну) білуі тиіс. Мұндай көңіл күйдің ұтысқа, не болмаса ұтылысқа байланысты болатыны бесенеден белгілі. Ойын үстінде топ мүшелері жұмылған жұдырықтай, тату-тәтті қарым-қатынаста болады. Кей кездердегідей талас-тартыс, ашу-реніш атымен ұмытылады. Ұжым бір адамның баласындай ортақ бір мүдде үшін күреседі. Алайда, ойын барысында жағымсыз жағдаяттардың да туындауы мүмкін нәрсе. Шәкірттердің бәсекелес қарсы топты дұшпан көріп, келеңсіз іс-әрекеттерге баруы ғажап емес. Мәселен, қарсы ойыншылар ұтып кеткенде намыстанып, қызғанып, жеңіс жалауын қолдан бермеуге тырысып, жеңіске жетудің қилы жолдарын жасауы мүмкін. Мұндайда ұстаз әділ төрелігін айтып, екі жақты да ренжітпеуі тиіс.

Балалардың еңбегінде, қарым-қатынасында, танымдық үдерісінде және тұлға болып қалыптасуында ойынның алатын орны ерекше. Тәрбиенің теориясы мен тәжірибесінде балалардың ойын әрекетін күшейту туралы мәселенің қойылуы тұлғаның қалыптасуы мен ойын әрекетінің көптеген мүмкіндігіне және осы мақсаттардың іске асуына негізделген. Ойынның мәні мен оның тәрбиедегі маңызын екі жақты бағалауға болады. Біріншіден, қоғамдағы адамгершілік тұрғыда алғанда адамға деген қамқорлық және өсіп келе жатқан ұрпаққа деген жанашырлық. Екіншісі, педагогикалық жағынан келгенде, білім беру мен тәрбиедегі нақты мәселелерді шешуге негізделген.

Ой қорыта келгенде шығатын тұжырым: бастауыш сынып мұғалімдері балаларды ойынға әділ жолмен қызықтыра білсе, оқу-тәрбие үдерісінде ойын әдістерін тиімді ұйымдастырса, оқуға жағымды қарым-қатынас қалыптасады. Баланың өздігінен білім алу дағдысы, өз-өзіне сенімі, еңбек ету мәдениеті арта түседі.

Қарлығаш ҚАЛИЕВА,

Бұлақ орта мектебінің

бастауыш сынып мұғалімі.

Есіл ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp