Қазақ халқының әндері – ұлттық мәдениетіміздің баға жетпес құнды жауһарлары. Домбыраның сүйемелдеуімен орындалатын әндер дауыстың ырғағы ең жоғары және төменгі шектеу аралығында еркін құбылатынына таңғаласың.
Рахмет ЖҰСЫП,
Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мұғалімі.
Кезінде Әміре Қашаубаев атамыздың Париж сахнасында орындаған әнін Еуропа жұртшылығы жоғары бағалағанын оқығанымыз бар. Ұлы Абай бабамыз: “Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар”, – деп тегін айтпаған болар. Пайғамбар жасына келіп, өмірдің ащы-тұщысын көріп өскен біздің қазіргі ән айтушылардың кейбіреуіне көңіліміз толмайды. Неге десеңіз, жастар “Заманың түлкі болса, тазы боп шал”, деген қағиданы ұстанатын шығар. Үстіне киген киімдері де, өлеңдерінің мән-мәнісі де өздеріне жараспайтын сияқты. Бүгін айтқан әндері ертең ұмытылып қалады. Әрине, дүниежүзінің мәдениетіне еліктеу керек, бірақ бабалар салған сара жолды ұмытпаған жөн.
Ән дүлдүлдері Біржан, Ақан, Жаяу Мұса, Мәди, Иса, Әсет, Үкілі Ыбырай әндері неге ұмытылмайды?! Өйткені, олар шығарған әндер – мәңгілік. Ұрпақтан ұрпаққа қалдырған мұра.
Қазіргі әндердің көпшілігі махаббат жайлы болғанымен, шынайы сезімге ұласпайды. Жастардың әні мен сәні келіспейтін сияқты. Құрғақ сөз, өтірік өлең. Осындай әндерді естіген кезде құлақтан кіріп бойды алар, нағыз қазақтың әндерін сағынасың. Жүректен шыққан, өмірден алынған мәнді, салмақты, адамға ой салатын әндерді естіген кезде денең шымырлап, сана-сезімің оянады. Әннен арқау аласың, демаласың. Осындай әндерді, әсіресе, Роза Бағланова, Мақпал Жүнісова, Бекболат Тілеуханов, Роза Рымбаева сияқты халыққа танымал тарландарымыз орындайды. Олар киелі сахна төріне шыққанда, әнді жан дүниесімен беріле айтып тұрғандарын көресің. Міне, халыққа деген, әнге деген құрмет бұл. Осындай майталман жандардың шәкірттері болуға тиіс қой. Солар қайда? Әрине, көпшілікке топырақ шашудан аулақпын. Жастар арасында да, алдыңғы толқынға қарап, оларды үлгі-өнеге тұтып, сөзі мен музыкасы қиысатын ән айтып жүргендер де бар. Бірақ олар бүгінде саусақпен санарлықтай. Шыны керек, қазір теледидарды қоссаң, неше түрлі әндер естисің. Өкініштісі сол, оларды орындаушылар, яғни шетелдегі әншілерге еліктеушілер де көп ретте өзіміздің ұлттан болып жатады. Ата-бабамыз мұсылман болған соң тілді де, өнерді де, адамгершілікті де сыйлауды жастар жағы ескере жүрсе екен дегім келеді.
Ән – халықтың жан дүниесі, өткен күндердің айнасы іспеттес. Сондықтан да жастар жағы оған үлкен мән берсе жақсы болар еді. Әрине, шетелдің әндерін тыңдаудың қажеті жоқ деуден аулақпын. Ол да заманның талабы шығар. Бірақ ұлттық құндылығымызды сақтап, барымызды бағалай білсек, өнеріміздің өрісі одан сайын кеңейе түседі.