«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАСТЫ МАҚСАТ – ХАЛЫҚҚА ҚАЛТҚЫСЫЗ ҚЫЗМЕТ ЕТУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ауданның сан алуан тіршілігі жергілікті мәслихат жұмысымен тікелей байланысты десек, артық айтқандық емес. Тайынша ауданының көкейкесті мәсе­лесін шешуге қаржы бөлу, билік пен халық арасында «алтын көпір» қыз­метін адал атқару, оң шешім қабылдау депутаттар белсенділігіне, сондай-ақ мәслихаттың белсенді жұмысына байла­нысты. Осы жайында аудандық мәслихат хат­шысы Қайрат Шәріповпен әңгімелескен едік.

– Қайрат Кеңесұлы, өткен жылдың жұмысын еңсерген уақытта жылдық жұмыс нәтижесін айту орынды. Аудандық мәслихат хатшысы ретінде жыл ішіндегі жұмысқа тоқталсаңыз?

– Тайынша аудандық мәслихаттың 2013 жылға арналған жоспарлы шаралары толықтай атқарылды деуге болады. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болса, өткен жылда 22 сессия өткізілді. Онда 80 мәселе қаралып, қабылданған 15 шешім мемлекеттік тіркеуден өткізіліп, бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жарияланды.

– Тарихқа шолу жасап, Тайынша аудандық мәслихаттың құрылуы жайлы айта кетсеңіз.

– 1994 жылғы 7 наурыз күні бірінші шақырылым депутаттарын сайлау науқаны өткізілген болатын. Сайланған депутаттық корпус құрамына аудан кәсіпкерлері, ірі кәсіпорын жетекшілері, көлік және байланыс, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім және мәдениет саласының қызметкерлері енді. Олардың қатарында Төлеген Қоныспаев, Мәулітбек Есмұқанов, Орынбай Әлжанов, Павел Рафальский, Орал Алдабергенов, Анатолий Рафальский болды. Қазақстан Республикасы Президентінің “Көкшетау облысының әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгертулер туралы” Жарлығын жүзеге асыру шаралары туралы” №698 қаулысының 1-тармағы 6) тармақшасына сәйкес таратылған Чкалов және Келлер аудандарының аумағы Тайынша ауданының шекарасына қосылды. Сәйкесінше, Чкалов, Келлер және Красноармеец аудандық мәслихаттардың депутаттары Тайынша аудандық мәслихат депутаттары атанып, өз мақсат-мүдделерін сақтап қалды. Осылайша 1997 жылғы 18 шілдедегі бірінші шақырылымның XV сессиясының шешіміне сәйкес Тайынша аудандық мәслихат құрылды. Осы 20 жылдық уақыт аралығында мәслихат хатшысы лауазымын атқарған азаматтар қатарында С.Алпысбаев, В.Бартусевич, Т.Тоқтыбаев, Ж.Ғабдуллин, С.Звольский, Т.Сәрсембаев, Ю.Красноголовый, Ю.Машталяр, Б.Абдрахманов, Г.Полякова, В.Червинский, О.Жакупова, С.Кочелабова, М.Ульсаитов, К.Токужинов, А.Дүйсенова, Қ.Ысқақов, Н.Трифонов, М.Нұрсеитов, С.Балтабаев, В.Масловский сынды депутаттар түрлі жылдары халық игілігі үшін қыруар шаруа атқарды.

– Жергілікті өзін-өзі бас­қару туралы заң қаншалықты орындалуда?

– Ел Прези­ден­тінің Қазақстан халқына арнаған “Қазақстан – 2050” Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты” Жолдауында: “Мен Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тұжырым­дамасын бекіттім. Ол ауылдық, селолық деңгейде басқару сапасын арттыруға мүмкіндік жасайды және азаматтардың жергілікті маңызы бар мәселелерге қатысуын кеңейтеді. Азаматтардың жергілікті жерлердегі өзекті мәселелерді ше­шуге, жергілікті билік органда­рының жұмысын бақылауға бел­сене араласатын уақыт туды”, – деп атап өткен болатын. Еліміздегі мемлекеттік құры­лымды жетілдіру бағытында біршама заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, өкілетті органдар – мәслихаттардың рөлі күшейтілді. Бұл бізге үлкен міндет­ жүктейді. Еліміздегі саяси жүйе мен мемлекеттік құрылымды одан әрі жетілдіру, демократиялық про­цестерді дамыту бағытында қолға алынып жатқан жұмыстардың бірі – жергілікті жерлердегі өзін-өзі бас­қаруды жүзеге асыру. Оны әрі қарай дамыту қала және ауыл әкімдерінің, ауыл тұрғын­дарының және мәслихат депутаттарының басты міндеті деп білемін.

– Былтырғы жылы еліміз бойынша 7 тамыз күні әкімдер сайлауы өткізілген болатын. Алғаш рет өткізілген ауыл әкімдерін сайлау халық қалаулыларына үлкен жауапкершілік артқандығы сөзсіз. Жалпы сайлау қандай деңгейде ұйымдастырылды?

– Тайынша қаласы және 18 ауылдық округ әкіміне, әрқайсысына балама 3 кандидаттан барлығы 57 кандидат тіркелген болатын. Мәслихат депутат­тарына барлық балама кандидат­тардың үгіт-насихат материал­дары таратылып, халық бұқа­ралық ақпарат құралдары арқылы кандидаттармен танысты. Кейін мәслихат депу­таттары барлық балама кандидаттармен кездесу өткізіп, бағдар­ламаларын тыңдады, сұрақтарын қойды. 7 тамыз күні сағат 10.00-де аудандық Мәдениет үйінде аудандық мәслихаттың отырысы болып, қала және ауылдық округ әкімдерінің сайлауы өткізілді. Сайланған әкім­дер тіркеуден өткізілгеннен кейін сайлау қорытындыларының нәтижелері жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияла­нды. Алғаш рет өткізіліп отырғандығына қарамастан, ауылдық округ әкімдерін сайлау науқаны жоғары деңгейде өтті.

– Ауданда атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Оған депутаттардың бақылауы қандай?

– Аудан бюджеттің қаржы­сына атқарылып жатқан жұмыс­ көпшіліктің бақылауында болуы керек. Мәслихат депутаттары тұр­ғындардың өтініш-талаптары бойынша жұмыс істейді. Халық қалаулылары “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” және басқа мемлекеттік бағдар­ламалар шеңберінде салынып жат­қан нысан­дардың сапалы да мер­зімінде бітуіне партиялық бақылауды “Нұр Отан” партиясының Тайынша аудандық филиалымен бірлесе отырып жүзеге асыруда. Депутат­тар тарапынан халыққа қызмет көрсету және денсаулық сақтау орын­дары, әлеуметтік салалар жұмыстарының тиісті деңгейде болуы үнемі қадағаланады.

– Тайынша қаласының болашағы жайлы не айтасыз?

– Бала кезімізде қаламыздың суретін салғанда зәулім де әсем ғимараттарды, кең көшелерде қозғалып бара жатқан үлкен автобустарды салатынбыз. Қазіргі балалардың Тайынша қаласының болашағы жайлы салған суреттері тіптен де керемет. Шынымен де, Тайынша қаласының ой-қиялдағыдай керемет қала болатынына сенемін, өйткені оған барлық мүмкіндік бар. Осы бағытта мәслихат депутаттары өз жұмысын қолданыстағы заңдылықтарға сай өңірімізді одан әрі жетілдіре түсу мақсатында ізденіспен жұмыс атқарары сөзсіз. Басты мақсат халыққа қалтқысыз қызмет ету болса, билік пен халық мемлекет жөніндегі жауапкершілігін неғұрлым тең бөліссе, атқарылатын жұмыс соғұрлым нәтижелі болады деп ойлаймын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Гүл НҰРАЛИНА,

журналист.

Тайынша қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp