Үкімет үйінде өткен селекторлық кеңесте Елбасының тапсырмасымен 2010 жылы қолға алынған “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Самат ЕСМАҒИ,
журналист.
Бүгінгі таңда бағдарлама аясында барлық қолдау шараларымен 80 мыңға жуық кәсіпкер қамтылса, шағын және орта бизнес саласында ашылған жаңа жұмыс орындары 230 мыңға жуықтаған. Ал одан ел қазынасына түскен салық мөлшері 51,8 миллиард теңгені құрайды. Бұл туралы Үкімет отырысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев мәлім етті. Сонымен бірге, осы бағдарлама аясында Индустрияландыру картасына кіретін жобалар да қолдауға ие болып отыр. Нақты айтқанда, аталған жол картасының әрбір 4-інші жобасы бағдарламаның арқасында қаржылай қолдау тауып, оған қатысушылар 728,3 миллиард теңге шамасында өнім шығарған. Жұмысты одан әрі дамыту үшін осы жылы бұл бағытқа ел қазынасынан 40 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ.
Кеңес отырысында кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, мемлекеттік бағдарламаның аясын кеңейтуде “Даму” қорының атқарып жатқан жұмысы да қаралды. Олар өткен жылы шағын және орта бизнес субъектілерінен түскен 103 құжатты кері қайтарса, 3,5 мыңға жуық жоба қолдау тапқан.
Жиынды қорытындылаған Премьер-Министр Серік Ахметов жауапты басшылар мен облыс әкімдеріне бағдарламаны жүзеге асыру сапасын жақсарту бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.
Селекторлық режімдегі байланыс үзілісімен күн тәртібінде қаралған мәселе жергілікті деңгейде жалғасын тапты. Бағдарламаның өңіріміздегі орындалу барысы жайында облыстық Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Алмас Хасенов құлағдар етті.
– Аталмыш бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен үш жылға 3 миллиард 936,6 миллион теңге жұмсалды. Шағын және орта бизнес субъектілерінің қатары көбейіп, ондағы жұмыс орындарының саны 4 мыңға жуықтады. Олардан облыс бюджетіне түскен салық сомасы 600 миллион теңгеден асады, – деді ол.
Облыстық үйлестіру кеңесінің мүшелері өткен жылы кәсіпкерлікті дамытуға қатысты 120 өтінішті қанағаттандырған. Оларды қаржыландыруда өңіріміздегі екінші деңгейлі банктердің атқарған жұмыстары қомақты. “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасын қаржыландыруда былтырғы жылы “ЦентрКредит Банкі” 14 жобаны қолдаса, “Сбербанк” пен “БТА” банктерінде – 10, “Альянс” пен “Нұрбанк” 2 жобаны несиелендіргенін айтқан облыс әкімі Самат Ескендіров елді мекен тұрғындарына қолайлысы “Халық банкі” болғандықтан, аталмыш қаржы институтының да бағдарламаға атсалысуы керектігін жеткізді.
Мемлекет тарапынан өз ісін дамытамын дегендерге қолдау бар. Десек те өткен жылы Аққайың мен Уәлиханов аудандарынан бағдарлама аясында бірде-бір өтініш түспесе, Есіл ауданының оған қатысуға ниет білдірмегеніне екі жыл болыпты. Жиынды қорытындылаған Самат Ескендіров мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда аудан әкімдерімен жұмысты жандандыру керектігіне тоқталып, биылғы жылы ондай олқылықтарға жол берілмеуі қажеттігін атап көрсетті. Сонымен қатар жауапты басшылар мемлекеттік сатып алуға қатысты тендерлерді де уақытында өткізуді ұмытпаулары тиіс.