«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР АЗҒЫН ЖАЗАДАН ҚҰТЫЛЫП КЕТТІ, екіншісі темір торға тоғытылды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі сотта алғаш рет он төрт жасқа толмаған балаларға қатысты күш қолданусыз азғындық іс-әрекеттерді жасау бойынша екі қылмыстық іс қаралған болатын. Айыпталушылардың кінәсі дәлелденіп, олардың бірі 3 жылға бас бостандығынан айрылды. Ал екіншісі жәбірленуші тараппен татуласқандықтан, жазадан құтылып кетті.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыстағы аудандардың бірінде араққа тойып алған ер адам “DVD арқылы мультхикаялар көрсетемін” деп, қыз балаларды үйіне шақырады. Ауылда бір телеарна ғана көрсететіндіктен, балалар ауылдас ағаның шақыруына бірден келіскен. Арам ойын жүзеге асырмақ болған ер адам балаларға теледидарды қосып беріп, қыздардың бірін жатын бөлмеге апарады. Содан кейін 7 жастағы бүлдіршіннің киімдерін шешіп, дене мүшелерін сүйе бастаған. Мұндай қорлыққа шыдай алмаған қыз бала қалшылдап жылай бастайды. Ардан безген азғын қызды киіндіріп, оған сағат сыйлап, болған жағдайды ешкімге айтпауын өтінген.

Абырой болғанда орын алған оқиға қыз баланың әке-шешесіне мәлім болып, айыпталушы өз жазасын алды. Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі сот оған Қылмыстық кодекстің 124 (азғындық әрекеттер) және 175 (ұрлық)-баптары бойынша 3 жылға бас бостандығынан айыру және жазасын жалпы режімдегі түзету колониясында өтеу туралы үкім шығарды. Сондай-ақ ол жазасын өтеу орнында маскүнемдіктен ықтиярсыз емделмек.  

Мұндай қылмыстық іс өңіріміздің тағы бір ауданында орын алды. Бұл жолғы азғындық әрекеттер де “ащы судың” буымен жасалыпты. Мас еркек өзінің нәпсіқұмарлығын қанағаттандыру үшін иесіз қалған үйдің ішінде 6-8 жас аралығындағы балаларға анайы тұрғыдағы азғындық әрекеттерге баруды ұсынған. Жас балалар қарсылық білдірген соң азғын еркек өзінің дене мүшелерін жалаңаштап, арсыз іс-әрекет жасаған.

Алайда, жас балалардың табиғи және психикалық дамуына кері әсер тигізген азғын жасаған әрекеті үшін жазасын алған жоқ. Сотталушы Қылмыстық кодекстің 67-бабына сәйкес, яғни адамның қайтыс болуына немесе оның денсаулығына ауыр зиян келтiруге байланысты емес орташа ауыр қылмысты бiрiншi рет жасағандықтан және жәбiрленушi тараппен татуласқандықтан, сондай-ақ айыпталушы жәбірленушіге келген залалды өтегендіктен, қылмыстық жауаптылықтан босатылды. Осымен қылмыстық іс те тоқтатылды.

Баласына психикалық тұрғыдан ауыр соққы жасаған адамды кешірген ата-ананы түсінудің өзі қиын. Қалай десек те, қоғамға зиянын тигізіп, бүлдіршіндердің болашағына балта шабатын азғындар осылайша заңның солқылдақтығының салдарынан жазадан құтылып кетуде. Сол себепті қолымызды мезгілінен кеш сермеп қалмаудың жалғыз амалы заңды қатаңдату болып отыр. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp