«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДОЛЛАР БАҒАМЫНЫҢ ӨЗГЕРУІ “Сбербанк” қызметін тұтынушыларға әсер етпейді

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

“Сбербанк” акционерлік қоғамы еншілес банкінің Петропавл қалалық филиалында өткен баспасөз мәслихатында 2013 жылы атқарылған жұмыстың қорытындысы шығарылып, қаржы институтының тұтынушыларына арналған жаңашылдықтар жайы сөз болды.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Филиал директоры Петр Салохиннің айтуынша, 2013 жыл олар үшін табысты болыпты. Солтүстік өңірде жұмыс істей бастағанына 4 жыл болған банктің жергілікті өкілдігі қысқа уақыт аралығында облыс экономикасының нақты секторын 8,5 миллиард теңгеге қаржыландырыпты. Бұл көрсеткіш 2012 жылғыдан 5 есе артық. Қарқынды дамудың арқасында банктің облыс нарығындағы үлесі 14,4-тен 20,3 пайызға дейін жеткен. Клиенттер саны 77,27 пайызға артып, 1264 адамды құрап отыр. Осыған орай салым қоры да 134,6 пайызға ұлғайып, несиелік портфелі 65,79 пайызға өсіпті.

Баспасөз мәслихатында қазақстандық кәсіпкерлерді қолдау “Сбербанк” жұмысының басым бағыттарының бірі екендігі айтылды. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы қаржыландыру бизнесмендерге өндірістік қуатын көтеруге және бәсекеге қабілеттігін арттыруға зор мүмкіндік беретіні сөзсіз. Былтыр шағын және орта бизнес субъектілері аталмыш қаржы институтынан 3 миллиард теңгеге несие ресімдеген екен. Бүгінде олардың барлығы да кестеге сәйкес есеп айырысып жатқан көрінеді.  

Кәсіпкерлердің дені “Бизнестің Жол картасы – 2020” мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген несиеге қол жеткізуде. Филиал 2013 жылы мемлекеттік бағдарламаның алғашқы бағытын жүзеге асыру мақсатында көлік құрылысы, әлеуметтік қызметтер, тасымалдау, азық-түлік өнімдері салалары бойынша 485,3 миллион теңгенің 7 жобасын қолдаған. Сонымен қатар кәсібін кеңейткісі келетін кәсіпкерлердің 630 миллион теңгенің өтініші қанағаттандырылыпты.

– “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы кәсіпкерлердің банк пайызын төлеу шығындарын екі есе қысқартуға мүмкіндік береді. Аталған бағдарламаға құрылған уақыттан бастап қатысып келе жатқан “Сбербанк” жүздеген бизнес-жобаларға қолдау көрсетті. Бұл банктің қоғам алдындағы үлкен жауапкершілігін, елдің экономикасын дамытуға мүдделі екендігін білдіреді, – деді “Сбербанк” АҚ ЕБ Петропавл қалалық филиалының шағын бизнеспен жұмыс жөніндегі бөлімнің басшысы Иван Терлецкий.

Сондай-ақ қаржыгерлер жылдам әрі сапалы несиелендірудің жеке түрлерін де заман ағымына сәйкес жетілдіріп жатқан көрінеді. “Сбербанк” АҚ ЕБ Петропавл қалалық филиалының бас менеджері Екатерина Смолкина олардың бірқатарына тоқталып өтті.

– “Сенімгерлік” жеке несиелендіру бағдарламасы зор сұранысқа ие. Жылдық мөлшерлеме клиенттің жалақысы мен берілген мерзіміне сәйкес 9 пайыздан басталады. Кепілзатсыз кемінде 150 мыңнан 3 миллион теңгеге дейін ресімдей алады. Қарыз 12-48 айға дейін беріледі. Ал “Биікте плюс” депозиті – соңғы жаңалығымыз. Алғашқы жарна 7 мың теңгеден кем болмауы керек. Сыйақы мөлшерлемесі 9 пайызды құрайды. Есепшот 36 айға ашылады. Оған қоса дебиттік карта беріледі. Салымшылар электрондық желі арқылы депозитті бақылап, ақшасын толықтыруға, не болмаса бөлшектеп алуға құқылы, – дейді маман.

Өткен жылы банк “Сбербанк-экспресс” жобасын да қолға алған екен. Оның артықшылығы – несие алу талаптары жеңілдетіліп, өтініштер үш күннің ішінде қаралмақ. Сонымен қатар шұғыл қажеттіліктерге, үшінші тұлғаның кепілдігімен, депозитті кепілге қою арқылы несие ресімдеуге болады. Жас отбасыларға ипотекалық, жастарға білім несиелерін, випнесиелерді беру де қарастырылған.

Жиында филиал басшысы ел аумағында халықтың алаңдаушылығын туғызған доллар бағамының күрт өсуі банк қызметін тұтынушыларға кері әсерін тигізбегенін айтты. Мұнда ресімделетін несиелер мен депозиттік салымдардың жылдық мөлшерлемесі өзгеріссіз қалды.

– Ресімделген несиелердің пайыздық үстемеақысын өсіру жоспарда жоқ. Біз клиенттерімізді мүмкіндігінше теңгемен қаржыландыруға тырысамыз. Бүгінде қанағаттандырылған өтініштердің 99 пайызы ұлттық валютамен берілді. Сондықтан ешқандай қысым болмайды. Алаңдауға себеп жоқ, – дейді Петр Салохин.

Жергілікті филиалдың жеке ғимаратында тұтынушыларға барлық жағдай жасалған. Корпоративтік клиенттерге қызмет көрсету аймақтары, кассалық тораптар қарастырылыпты. Қаржы институты ұсынатын қызметтер кешені әр клиенттің талғамына сай құрылған. Банктік қызмет көрсету орталығында есептік-кассалық, қаржыландыру, қашықтықтан қызмет көрсету жүйесі енгізілген. Мұнда ақша аударымдарын, айырбас операцияларын, жедел салымдарды жүзеге асыруға болады.

Екінші деңгейлі қаржы институты өткен жылы темір жол вокзалы маңынан қосымша кеңсесін ашып, тұтынушыларын тағы қуантты. Жаңа бөлімше ақпан айында пайдалануға берілді. Онда да банк қызметінің барлық түрлері көрсетіледі. Келер жылы жергілікті филиал қаланың солтүстік ауданында тағы да бір қаржылық қызмет ұсынатын орталық құруды жоспарлап отыр.

Жалпы өткен жылдың қорытындысы Қазақстандағы “Сбербанк” АҚ ЕК-де барлық көрсеткіштердің қарқынды өскенін көрсетті. Ел бойынша банк активтері 40 пайызға өсіп, 1,035 триллион теңгені құрапты. Серіктестерінің сенімі мен қолдауының арқасында осындай нәтижеге қол жеткізген банк активтер көлемі бойынша Қазақстан банктері арасында 5-інші орынға ие болған.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp