Есіл ауданының орталығы – Явленка ауылында күрделі жөндеуден өткен екіқабатты тұрғын үйдің сегіз пәтері пайдалануға берілді. Пәтер кілттерін қоныс иелеріне облыс әкімі Самат Ескендіров табыс етті.
Мағжан АХМАДИНА,
журналист.
Өңір басшысы қоныстойын тойлау құрметіне ие болғандарды құттықтап, жаңа баспана “Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020” бағдарламасының аясында жөндеуден өткенін айтты. Аталмыш бағдарлама баспаналы болумен қатар, жұмыспен қамтылуға да мүмкіндік беріп отыр.
Аталмыш үйге келешегі бұлыңғыр елді мекендерден аудан орталығына көшіп келген азаматтар мен жас отбасылар қоныстанбақ. Солардың бірі – Жаңалық ауылының тумасы Рүстем Аманқұлов. Ол ауылда екі қолға бір күрек таппаған соң аудан орталығында механизатор болып қызмет етіп, отбасысымен бірге пәтер жалдап тұрған. Енді, міне, “Ақ түйенің қарны жарылды” дегендей, жас отбасы жаңа баспанаға ие болды.
2 қабатты тұрғын үйді жөндеу жұмыстары 2013 жылдың қараша айында басталған. Нысанды қалпына келтіруге 36 миллион теңге бөлініпті. Мұның 32 миллион теңгеден астамы республикалық бюджеттен болса, қалғаны – жұмыспен қамтушы кәсіпорынның қаржысы.
Тұрғындар жаңа баспанада тұрғаны үшін ай сайын 2 мың теңге мен коммуналдық қызмет ақысын төлейді. Ал 5 жылдан кейін пәтерді жекешелендіру мүмкіндігіне ие болмақ.
Суретті түсірген Виталий ВЛАСЕНКО.