Облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік мектеп-интернат-лицейінде жалпы білім беретін оқу орындарының қазақ және өзге ұлт өкілдері оқушыларының арасында қазақ тілінде өтетін республикалық “Жарқын болашақ” олимпиадасының облыстық кезеңі өтті. 5 бағытта өткен сайысқа 126 үміткер қатысты.
“Сөз шеберлері” бағытына 31 оқушы қатысты. Ол қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде үйренген оқушылардың қазақ тілінде мәнерлеп оқып, өзіндік қабілеттерін көрсететін жарысы. Сайыс шарты бойынша қатысушы 1 шығарманы (прозалық немесе поэзиялық) немесе одан үзіндіні жатқа мәнерлеп оқуы тиіс. Шығарманың тақырыбы ұлттық құндылықтарды (тарих, тіл, Отан, ұлттық тәрбие, т.б.) насихаттауға бағытталды. Оқушының мәнерлеп сөйлеу машығына, сөздердің анық айтылуына, сөздің мәнін жете түсінуіне назар аударылды. “Сөз шеберлері” бағытында Аққайың ауданының Қ. Оразов атындағы Аралағаш орта мектебінің 7-сынып оқушысы Заманбек Ермеков пен Айыртау ауданындағы Лавровка орта мектебінің 10-сынып оқушысы Татьяна Есауленко 1-орын иеленді.
“Тілші-әдебиетшілер” бағыты бойынша 32 оқушы бақ сынады. Бұл бағытта қазақ тілін ана тілі және шет тілі ретінде үйренген оқушылардың қазақ тілі мен әдебиетінен білімдері сыналды және осы пәндерді терең меңгерген оқушылар ынталандырылды. Қатысушылар 2 бөлімнен тұратын қазақ тілі және әдебиеті пәндерінен (5-11-сынып, қазақ және орыс тобы) құралған тест тапсырмаларын орындады. Жамбыл ауданындағы Ғ. Мүсірепов атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Күміс Қошаева мен облыстық дарынды балаларға мамандандырылған қазақ-түрік лицейінің 9-сынып оқушысы Любовь Курбатова 1-орынға лайықталды.
“Әнші-бұлбұлдар” бағытына 28 оқушы үміткер болды. Бұл сайыста қазақ халық әндері мен қазақ сазгерлерінің шығармалары насихатталып, талантты жастар анықталды. Ән табиғи дауыспен орындалуы және орындаушы әннің сөздерін анық және тіл табиғатын сақтап жеткізе білуі, ән мен саздың, қимылдың үйлесімділігіне, әнді көрерменге жеткізе білуіне және сахнада өзін-өзі ұстауына, киіміне назар аударылды. Өнер колледжі-музыкалық-эстетикалық бейіндегі дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың 8-сынып оқушысы Жұлдыз Ескендірова мен Петропавл қаласындағы №43 орта мектептің 9-сынып оқушысы Владимир Вьюхов осы талаптардан шыға білді.
“Жас ғалымдар” бағытында 15 оқушы сайысқа түсті. Қатысушылардың қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты бір тақырыпты қазақ тілінде ғылыми жақтан түсіндіру қабілеті бағаланды. Ғылыми жоба тақырыбы қазақ тілі мен әдебиетіне (тарихы, теориясы, өзекті мәселелері, т.б.) қатысты болуы керек. Жобаны қорғаушының тіл табиғатын сақтап жеткізуі, тың тақырыпты таңдауы, жаңалығы бағаланды. Ғылыми жұмыс стандарттағы ғылыми жобаның жазылу шарттарына сәйкес дайындалуы керек. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 11-сынып оқушысы Нұрбол Бекімов осы талаптарға сай болып, 1-орынды иеленді.
“Жазушылар” бағыты бойынша 20 оқушы бақ сынады. Онда жасөспірімдерді отансүйгіштік, ерлік, қаhармандық рухында тәрбиелеу, жазуға талапты балалардың қабiлет-қарымын ұштау, қазақ тіліне деген қызығушылықтарын арттыру, шығармашылық ізденіске жұмылдыру көзделді. Оқушылар өз ойларын қара сөзбен және өлең түрінде жазды. Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернаттың 10-сынып оқушысы Алтынбек Әділбеков пен Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның Калинов орта мектебінің 9-сынып оқушысы Татьяна Беккер 1-орынға ие болды.
Ырысжан НҰРҒАЛИЕВА,
облыстық Білім басқармасының
бас маманы.