Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” Жолдауында: “Мүмкіндігі шектеулі азаматтарымызға көбірек көңіл бөлу керек. Олар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуға тиіс. Бізде аз емес ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс – бұл өзіміздің және қоғам алдындағы біздің парызымыз”, – деген болатын. Бұл ретте өзінің азаматтық парызын, басына түскен қатал тағдырдың қиын сынына төтеп бере отырып, мүгедек кейпін кеше жүріп атқарып кеткен белгілі жерлесіміз Шәміл Шақшақбаевқа тағзым етсек, артық болмасы анық.
Шәміл Шақшақбаевтың бастамасымен іргесі қаланып, 1999 жылы ашылған Заречный кентіндегі №13 орта мектепте сау балалармен бірдей жағдайда мүмкіндігі шектелген балғындар да білім алуда. Бүгінгі күні мектепте білім алып жүрген 189 оқушының 26-сының мүмкіндіктері шектеулі. Олардың біреулері туғаннан, екіншілері апатқа ұшырап, мүгедек болып қалған. Мектеп құрылғаннан бергі жылдарда білім ошағын осы санаттағы 46 бала тамамдаған. Солардың 38-і – орта арнаулы және жоғары оқу орындарын бітірген. Бірақ, олардың кейбірінде 2-3 дипломнан болғанымен, жұмысқа орналасу қиын. Қазір сол дипломды жандардың 11-і ғана жұмысқа орналасып, мектептерде, кәсіпорындарда еңбек етіп жүр.
– Осыдан екі жыл бұрын біздің алғашқы түлегіміз Леонид Яковченко университетті информатика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітірді, бірақ жұмысқа орналаса алмады. Біз оны информатика пәнінің мұғалімі ретінде жұмысқа қабылдадық. Екі жылдан бері Смирново ауылынан келіп-кетіп жұмыс істейді. Апта бойы сабылып жүрмес үшін жұмыс кестесін оған ыңғайлы етіп жасап қойдық. Қыстың суығы, жауын-шашын, көктайғақ кездерінде балдақпен жүру оған өте қиын. Тағдырының қиындығына қарамастан, өзі сондай қайратты, жұрт қатарлы өмір сүруді қалайды, ешкімнен кем болғысы келмейді. Университетті бітірген соң үйленді, қызы өсіп келеді. Өзінің туысқандары да, үйі де жоқ, жетім. Қазір үйдің кезегінде тұр. Петропавл қаласынан бір үй алса дейміз. Леонид Николаевич өте ақылды, жауапты, өмірге деген сүйіспеншілігі мол. “Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз!” байқауында “Үздік педагог” аталымы бойынша жеңімпаз атанды, – дейді мектеп директоры Дина Баймақышова.
Инклюзивтік білім берудің басты басымдығы – тағдыр тауқыметін тартқан балалардың қоғамға бейімделулеріне, білім ала отырып, өздеріндей замандастарымен қарым-қатынас жасауларына, бойларында бар өнерлері мен дарындарын ашуларына, өмір сүріп қана қоймай, қандай да бір жетістіктерге қол жеткізулеріне, өз-өздеріне сенімдерін қалыптастыруларына мүмкіндік береді. Осылайша №13 орта мектеп тірек-қимыл мүшесі зақымданған балаларды кәдімгі сау адамдардың ортасындағыдай сергек сезінуге үйретеді.
Дина Қапезқызының айтуынша, түлектердің көпшілігі оқуға грантпен түседі. 2013 жылдың түлегі Алена Моор Ұлттық бірыңғай тестілеуден 103 балл жинап, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне әлеуметтік педагог мамандығы бойынша грантпен оқуға түскен. Диана Шмидт те 95 балл жинап, грантпен оқуға мүмкіндік алған. Қазір ол СҚМУ-дің бастауыш сыныптарды оқыту әдістемесі мамандығын меңгеруде. Андрей Простолупов Петропавлдағы темір жол колледжінде оқиды. Ол темір жол бойында апатқа ұшырап, осындай жағдайға тап болған. Қазір Андрей бар қиындыққа қарсы тұра білді. Ерік-жігері мықты бозбала бойындағы күш-қайратын жасөспірімдердің паралимпиадалық ойындарында көрсетіп, жүлдегер атанды. Одан басқа балалар да мектепте және одан тыс жерде өтетін байқаулардан шет қалмайды. Бастауыш буынның балалары “Бәріміз бірдейміз – кемсітуді білмейміз!” байқауында жүлделі орындарға ие болып, Астана қаласында өткен республикалық кезеңде де жүлдегер атанған.
Мектептің алғашқы түлектерінің бірі – Ақжан Кәрімнің басшылығымен мектеп түлектері бірлесіп мүгедектердің “Ардос-Жүрек” заңды тұлғалар бірлестігін (ЗТБ) құрған.
– Мен достарыммен бірге №13 жалпы білім беретін орта мектепте сау балалармен қатар оқыдым. Біз олармен араласа жүріп, өмірге бейімделдік және өзімізді сау балалармен тең сезініп өстік. Ендігі біздің арманымыз – мектеп пен жоғары оқу орындарында алған білімімізді тәжірибе жүзінде жүзеге асырып, мүмкіндігі шектелген жандардың өмірлерін жайлы етуге көмектесу. Өткен жылдың сәуір айында “Ардос-Жүрек” ЗТБ-і “Сорос-Қазақстан” республикалық қорынан мемлекеттік бағдарламаны бағалау мен тексеруге грант жеңіп алдық. Онда мүгедектердің өмір әрекеттеріне қажетті нысандар мен көлік инфрақұрылымдарының қолжетімділігін зерттедік. Ондағы мақсатымыз – мүгедектердің проблемаларын зерттей отырып, оларды шешудің тетіктерін анықтау. Өкінішке қарай, тексерілген 71 нысанның 8-і ғана талаптарға сай келді, – деген “Ардос-Жүрек” ЗТБ директоры Ақжан Кәрім.
№13 орта мектепте мүгедек балалардың оқуына барлық жағдай жасалыпты. Пандустар салынып, екінші қабатқа көтерілетін лифт орнатылған. Сыныптарға, спорт залы мен асхана, тағы басқа орындарға арбамен кіріп-шығуға ыңғайлы болу үшін табалдырықтар алынып тасталған.
Өткен жылы халықаралық “Сорос” ұйымынан америкалықтар келіп, бір ай бойы мектеп жұмысын зерттеп, кәдімгі мектептегі жағдайға мүгедек балалардың қалай бейімделіп жүргенін көріп, оң баға берген екен.
– Бізде оқыған балалар өмірге бейімделіп шығады, олар ұялмайды, жүгіреді, секіреді, ойнайды, өздерін еркін ұстайды. Бізде олар кез келген жағдайға дайын болуға үйренеді. Мектепте бір жыл оқығаннан кейін ол балалар өз-өздеріне қызмет жасай алатын жағдайға жетеді. Өздері киініп, шешінеді, өз бетімен жүреді. Балаларын алғаш әкелген кезде ата-аналар тарапынан түсініспеушілік болады. Бірақ, кейін олар ұстаздарға рақмет айтпаса, ренжімейді. Мектепте спорт шаралары да жиі өткізіліп, оған барлығы жаппай қатысады. Арбамен келгендердің көбі осында оқи жүріп, өз беттерімен жүретін жағдайға жетеді, – дейді мектеп директоры Дина Қапезқызы.
Иә, бір қарағанда шынымен де жақсы. Бірақ әттеген-айы да жетерлік. Мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын №13 орта мектеп 82 балаға ғана шақталған, балалар екі ауысымда оқиды. Қазіргі талапқа сәйкес әр сыныпқа 3 мүмкіндігі шектелген баладан артық отырғызуға болмайды. Олардың әрбірінің өз ерекшеліктері, өз-өздерін дұрыс ұстап отыра алмайтындары болады. Осының барлығы мұғалімге үлкен ауыртпалық тудырады. Осыған қарамастан, өзінің ісіне беріліп істейтін бұрыннан келе жатқан мұғалімдер бар. Бірақ олардың арасында зейнет жасына толғандары кетіп жатыр. Жаңадан келген жас мамандардың көбі шыдамайды. Мұғалімдерге үстемеақы төленбейді. Көп жыл еңбек еткен, санаты бар, жүктемесі толық мұғалімнің еңбекақысы көңіл көншітпейді. Ал жұмысқа жаңа орналасқан мектепалды даярлық тобының мұғалімі – жас маманның еңбекақысы оның жартысындай ғана.
– Мен Астана қаласындағы инклюзивтік білім беретін №65 гимназияда өткен конференцияға қатыстым. Онда әр баланың қасында тютер-тәрбиешісі бар. Әр балаға бекітілген тютер өзінің жауапты баласын апаратын жеріне апарып, соңында жүр. Ал бізде ондай әлі жоқ. Мектепалды даярлық тобындағы 18 баланың екеуінің мүмкіндігі шектеулі. Осының барлығына бір-ақ адам бөлінген, тәрбиеші қарастырылмаған, – дейді мектеп директоры.
6 жасар баланың салмағы шамамен 25 килограмм десек, мұғалімнің сыныптағы 2-3 баланы күніне бірнеше рет көтеріп, отырғызуына тура келеді. Осылай еңбек ете жүріп, 25-30 мың теңге еңбекақыға кез келген жан келісе бермесі анық.