«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КЕШЕГІ ИНТЕРНАЦИОНАЛИСТ-ЖАУЫНГЕР бүгін патриоттарды тәрбиелеп жүр

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Кеудесі түрлі дәрежедегі наградаларға толы Жарқын Бейсенов Кеңес Одағы әскерлерінің құрамында Ауған жеріне соғысқа аттанғанда 18 жастағы бозбала болған. Бала күнінен Ұлы Отан соғысының ардагерлерін құрметтеп, олардың ерліктерін құлағына құйып, соларды өнеге тұтып өскен ол Отан алдындағы міндетіне, берген антына берік болған. Термез қаласында оқу-жаттығудан өтіп, Құндыз провинциясында 783-ші жеке барлау батальонында әскери қызметін атқарған. От пен оқтың арасында арпалысып, майдан шебінде қаза болған өрімдей жас жігіттерді еске алғанда Жарқын Қайырбекұлының бір сәт қабағын кірбің шалып, үнсіз қалды.

– Міне, Ауған соғысына қатысқан біздің де елге оралғанымызға 25 жылдан асып барады. Тірі адамға уақыт қас пен көздің арасындай сәтте өте шықты, бірақ сол кезде қаза болған достарымыз, жаралы болған жолдастарымыз әлі күнге есімде. Қаншама қыршын жас көз алдымызда оққа ұшты. Қазір тыныш заманда қанша ұмытайын десең де, ол кездер көзден кетсе де, көкейден кеткен емес, – деген Жарқын Бейсеновтің жүзінен соғыс салған жараның жүрегін әлі де сыздататыны аңғарылды.

Жарқын Бейсенов 1966 жылы қазіргі Есіл ауданындағы Қарағай ауылында туып-өскен. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің дене тәрбиесі факультетін бітірген. Үйленген, ұл-қыз тәрбиелеп отыр. 25 жылдан бері Қарағай негізгі мектебін басқарады.  

– Өзімнің алдымнан шыққан оқушыларымның 15-16-сы еліміздің әскери оқу орындарын бітіріп, бүгінгі күні Ішкі істер органдарында қызмет атқарып жүр. Айқын Бәженов, Жомарт Абылаев – подполковник, Жасұлан Бектемісов – майор шенінде, Нұрлан Кәкішев, Назымбек Құдабаев – шекарашы, Кенжебек Тәшетов Ресейде оқып жүр. Олардың нағыз ер-азаматтың мамандығын таңдап, бейбіт өмір сақшылары болып жүргендерін мақтан етемін. Басқа да салаларда көптеген түлектеріміз еңбек етуде, – деп оқушылары жайлы әңгімелей бастаған Жарқын Қайырбекұлының жүзінен енді бір сәт шәкірттеріне деген жылылық ескендей болды.

Әңгіме ауаны Қарағай негізгі мектебіне ауысқанда онда қазіргі күні 38 бала оқып жүргенін білдім. Мектеп 2013 жылдың қазан айында аттестаттаудан өтіп, ұжымның соңғы 5 жылдағы оқу-тәрбиелік іс- шаралары тексерілген. 4-9- сыныптарда өткізілген білім бақылау кесінділерінде оқушылар жақсы нәтиже көрсеткен. Ұжым Есіл ауданында аттестаттауды “жақсы” бағамен өткен мектептердің қатарынан көрінген.

– Ауылдық мектептерде қаладағыдай жағдай бола бермейді. Дегенмен, осыдан екі жыл бұрын мектебімізге өзіміздің жерлесіміз, ауылдың азаматы, қазір Мәскеу қаласында тұратын Сағындық Тәшенов қаржылық көмек берді. Оның берген қаражатына мектептің жиһаздарын ауыстырып, ноутбуктер, интерактивті тақта алдық. Қазір сол бойынша жұмыс істеудеміз. Мектепте 5 жас маман бар. “Жас келсе – іске” деген, бұл мұғалімдер жаңаша еңбек етеді. Жас маман Махаббат Әубәкірова “Өзін-өзі тану” пәні бойынша өткен облыстық байқауда бірінші орын алды. Ол бастауыш сыныптардың мұғалімі, қолынан барлық өнер келеді. Ән айтады, билейді, домбыра тартады, – дейді мектеп директоры.

Жарқын Қайырбекұлының айтуынша, Азат Байманов – “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасымен келген тарих пәнінің мұғалімі. Ол биыл үшінші жыл еңбек етіп жүр. Жұмысы жаман емес, дайындаған оқушыларын аудандық олимпиадаға апарып, 2-ші орын алған. Талғат Қатаев, Әйгерім Көбенова, Жайнагүл Ақмәдиева да мектепке осы бағдарламамен келгендер. Білім ордасындағы “Балауса” шағын орталығында 3-6 жас аралығындағы 7 тәрбиеленуші бар. Тәжірибелі ұстаздар жастарға бағыт-бағдар беріп үйретіп отырады. Оқушылардың негізгі білім сапасы, оның көрсеткіші мектепте көп жылдан бері істеп келе жатқан Ғайша Күшенғалиева, Қалқа Игенова, Дариқа Бейсенова, Гүлнар Қойшина сынды тәжірибелі мұғалімдердің еңбегінің жемісі.

– Ауылда бала туу көрсеткіші төмен. Бұл біздің ауылдың ғана емес, бүкіл облыстың мәселесі. Жыл санап оқушылар азайып келе жатқаны қынжылтады, – деп мәселенің бір ұшын шығарған мектеп директоры Жарқын Бейсенов: “Алдымыздағы болашақ ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеп, елін, жерін сүйетін, Мәңгілік Ел құрылысшылары етіп шығару – біздің міндет”, – деді.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Есіл ауданы.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp