Кеңес өкіметі тұсында атеистік сеніммен тәрбие алған аға буын өкілдерінің де, олардың ұрпақтары – біздердің де дін туралы сауатымыздың ең төменгі деңгейде екендігін жасыра алмаймыз. Бұл туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің “Тарих толқынында” атты кітабында: “Біз бұқара санасындағы діншілдіктің артуына әзір болуымыз керек, онда тұрған қатерлі ештеңе жоқ. Жалпы дін өздігінен өнегелі ақиқаттан бөтен ештеңе үйретпейді. Жалғыз-ақ бізге қауіп төндіретіні – діни біліміміздің деңгейі онша жоғары болмай отырғаны”, – деп жазды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін бүгінгі жасөспірім, ертеңгі азамат еліміздің тарихы мен мәдениетін танып-білсін деген мақсатпен “Дінтану” курсы мектеп бағдарламасына енгізіліп отыр.
Оқушыларды күнделікті өмірде сан түрлі мәселелер мазалауы мүмкін. Мысалы, дін деген не, неге әртүрлі аталады, бір-бірінен айырмашылығы мен ұқсастығы неде, дін таратушылар дегеніміз кімдер, олардың мақсаты, т.с.с. құқықтық мәселелер төңірегіндегі сұрақтар болуы мүмкін.
Әрбір адамды мазалайтын және жауабын табуға итермелейтін, өмір тіршілігіне бағыт-бағдар беретін бірнеше негізгі сұрақтар болады. Дінтану курсы, міне, осындай сұрақтарға жауап беру мақсатында енгізіліп отыр. Бүгінгі Қазақстан халқы рухани бірлік пен келісім аясында өмір сүру салтын қалыптастыру жолында екендігі баршаға мәлім. Бұл жолда мақсатқа жету үшін өркениеттілігіміз бен азаматтық қоғам ретіндегі мәдени дамуымыздың жоғары деңгейі болып табылатын толеранттылық қасиетімізді сақтай білуіміз керек. Қоғамның толеранттылығы өздігінен пайда болмайды. Ол – тәрбие арқылы қалыптасатын қоғамдық мінез. Ал мінездің негізі – дінде. Дін білім арқылы келеді. Біздің ел – түрлі конфессиялардың мекені. Қоғамымыздағы бүгінгі басты мәселелердің бірі – еліміздегі түрлі діндерді ұстанушылар арасында экстремистік көзқарастардың орын алуына жол бермеу. Бұл азаматтардың рухани білім алуы арқылы ғана жүзеге асуы мүмкін. Азаматтардың рухани білім алуын дін де, мемлекет те, қоғам да қолдаған. “Дінтану негіздері” пәнін оқыту азаматтарға діни құндылықтардың маңыздылығын үйретіп қана қоймай, оларға құрметпен қарауға, қоғамымыздың мәдени әрі әлеуметтік көріністеріне сана-сезімін қалыптастыруға ықпал етеді.
Осының бір айғағын жуырда №20 орта мектепте өткен “Дінтану негіздері” онлайн-сабағынан аңғаруға болады. “Қазіргі Қазақстандағы ислам” тақырыбындағы онлайн-сабақты тарих пәнінің мұғалімі К. Молдахметова 9 “А” сыныбында өткізді. Сабаққа 15 оқушы қатысып, “Нұр” мешітінің ұстазы Х.Әділбеков, СҚО Дін істері басқармасының бөлім басшысы Ә.Карменов, “Молодежная – Жастар” газетінің өкілі Д.Қожахметов және дінтану мамандығының 4-курс студент-практиканттары шақырылды. Сабақ интерактивті жүйеде өткізіліп, облысымыздың 61 мектебі қосылып, сабаққа қатысты. Клара Арғынқызы онлайн-сабағы барысында теория мен практиканы үйлесімді ұштастырып, сабақ барысында қазіргі заман талабына сәйкес инновациялық оқыту технологияларын ұтымды қолдана білді. Сабақ барысында оқытушы оқушылармен сенімді қарым-қатынас құрып, белсенді бірлескен іс-әрекет жасай білді. Әр оқушының баяндамасына қорытынды, жалпылау пікірлерін қосып отырды. Оқушылар сабаққа үлкен белсенділікпен қатысты. Сабақ барысында тақырып бойынша барлық сұрақтар талқыланды. Оқушылар слайд шоу арқылы тақырыпты аша түсті. Тақырып өте күрделі болды, бірақ оқушылар барынша тырысып, жақсы атсалысты. Келген қонақтар өз ойларын білдіріп, жақсы әсер алды. Клара Арғынқызы ұйымдастыруымен өткен сабақ оқушылар үшін де өте қызықты өтті.
Оқушылар теріс ағымдардың жетегінде кетпеуі үшін біз оларға дін туралы алғашқы мағлұматты дұрыс жеткізе білуіміз керек. Ондай білімді Клара Молдахметова сияқты мұғалімдер берсе, біздің қоғамымыздың діни сауаттылығына алаң болмауымыз анық.
Әбубәкір КӘРМЕНОВ,
облыстық Дін істері жөніндегі басқарманың бөлім басшысы,
Гүлмира БЕЙСЕНБИНА,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
дінтану мамандығының 4-курс студенті.