«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МЕКТЕПТЕ БӘРІ БАР, Бірақ оқушылар азайып барады

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Төлеген Смайылов – Ақжар ауданындағы Қызылту орта мектебінің директоры. Бұған дейін аталмыш ауданның Қазан орта мектебінде директор болған және ол басқарған бұл білім ошағы “Сорос-Қазақстан” қорының грантын екі мәрте жеңіп алған. Таяуда Төлеген Смайыловпен сұхбаттасудың сәті түсті. 

– Төлеген Мұхамедұлы, Сіздің химия-биология пәнінің мұғалімі мамандығын таңдауыңызға не себеп болды?  

– Мен Ақжар ауданындағы Май ауылында туғанмын. Осы мамандықты таңдауыма химия-биология пәнінің мұғалімі Жұмағұл Бейсембаевтың ықпалы зор болды. Орта мектепті орысша аяқтадым да, әкемнің ақылымен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің химия-биология факультетінің қазақ бөліміне оқуға түстім. Бұл кезде мектептерде мұғалімдер жетіспеді. Келіншегім Айгүл Сабыргелдіқызы математика-информатика факультетін бітірген, екеуіміздің де мамандығымыз сұранысқа ие болды. Оқу бітірген жылы Ақжар ауданындағы Үлгілі ауылындағы мектепте жұмыс істедік, бірақ сағат саны аз болды. Келесі жылы сол ауданның Қызылту орта мектебіне ауыстық. 1997-2000 жылға дейін сондағы аралас мектепте орысша да, қазақша да сабақ бердік. Өзім қоғамдық жұмысқа белсенді болдым, кез келген жұмысқа кірісіп кетемін. Соныммен көзге түстім. Ол кездегі аудандық Білім бөлімінің басшысы Владимир Новик Петропавлдағы біліктілікті арттыру институтына курсқа жіберді. Курста менеджербасшы сертификатын алып, Қазан орта мектебіне директор болдым.

– “Сорос-Қазақстан” қорының грантын қалай ұтып алдыңыздар?  

– 2001 жылы “Сорос-Қазақстан” қорының жобасы жарияланды. Оның ішінде біз “Мектеп – жергілікті қауымдастық орталығы” деген тақырып бойынша жоба қорғадық. Ауылда клуб жоқ болғандықтан, жұртты мектепке тарту жұмысын жүргіздік. “Ел болам десең, бесігіңді түзе!” дегендей, елдің ақсақалдарын, ауылдың белсенді азаматтарын, ата-аналарды біріктіріп, балалармен тәрбие жұмысының жоспарын жасадық. Біздің жобамыз конкурста бірінші орынды иеленіп, құны 5500 АҚШ долларының грантын ұтып алдық. Ол қаржыға мектепке телевизор, камера, фотоаппарат, спорттық жабдықтар, тренажерлер, жалпы балалардың денсаулықтарын көтеру үшін қажетті құрал-жабдықтар алдық. Өзіміздің жоспарлап бастаған жобамызбен жақсы жұмыс жүргіздік, стендтеріміз болды. 2002 жылы ол жұмысымызды одан әрі жалғастырып, аталмыш қордың екінші грантын тағы ұттық.

– Екінші ұтыстарыңызды қандай мақсатта пайдаландыңыздар?

– Өзім химия-биология пәнінің мұғалімі болған соң балалар мен табиғат арасындағы байланысты жандандыруға, экологияға баса назар аудардық. Мектептің жанына ағаш отырғызумен, өзен-көлдердің маңайын тазартумен, көгалдандырумен айналыстық. Табиғат аясына шыққанда қажетті жабдықтар алдық. Ол кезде Петропавлдағы Бірінші гимназия, Дәуіт орта мектебі, Ленинград кәсіптік-техникалық училищесі (қазіргі ауыл шаруашылығы колледжі) де осы жобаға қатысты. Конкурс Алматыда өтті. Біз бір-бірімізге көмектесіп, жұмысымызды көрсетіп, облыстың атын шығардық. Осы жоба арқылы біз барлық жұмысты бала тәрбиесіне жұмылдыра білдік. Сонымен қатар 2001 жылы Астанада түрлі деңгейлердегі білім беру мекемелерінің конкурсы өтті. Біз оған да қатысу үшін бейнеслайдтарымызды жібердік. Нәтижесінде Қазан орта мектебі “Ең үздік шағын жинақты мектеп” аталымы бойынша республикада екінші орын алды. Осылайша облыстың ең шалғайында жатқан мектептің аты елімізге танылды.

– Бұл мектептен кетуіңізге не себеп болды?

– 2004 жылы Талшықта ашылған мектеп-интернаттың директоры болып тағайындалдым. Ауыл-ауылды аралап, көпбалалы, аз қамтылған отбасылардың балаларын және жетімдерді жинап, мектеп-интернатқа орналастырдық. Бірақ бір жылдан кейін сол кездегі аудан әкімі Қайрат Пішенбаев аудан әкімі аппаратының басшысы етіп тағайындады. Одан отбасылық жағдайыма байланысты Көкшетау қаласына көштім.

– Сіз Сара Назарбаева ұйымдастырып ашқан “SOS-Астана” балалар ауылында да қызмет істепсіз. Сол жайында айта кетсеңіз?

– 2001 жылы Астана қаласындағы жетім балалар тәрбиеленетін мекемелерді көруге біздің облыстан делегация жіберілді. Солардың арасында мен де болдым. Бізден барған өкілдерді “SOS-Астана” балалар ауылы мемлекеттік емес мекемесіне апарды. Мұнда 3 жастан 23 жасқа дейінгі жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленеді. 14 отбасы бар, әр отбасында 5-6 баладан тұрады. Маған мұнда бірден ұнап, “Осы жерде жұмыс істесем” деген ой келген болатын. 2009 жылы сол арманым орындалды, зайыбым екеуміз осы ұйымға жұмысқа тұрдық. Мен онда аға педагог қызметін атқардым. Бұл – жетім балаларға ұзақмерзімді қамқорлық көрсететін орын. Қазақстандағы жетімдер үйлерінде, баспаналарда болдым. Мен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалармен жұмыс істей жүріп, адамгершілік-рухани тұрғыда қанағаттандым. Өйткені, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқорлық жасау, оларға тәрбие беру, адамгершілік қасиеттерді бойларына сіңіру – нағыз ізгілікті іс. Қаншама жетім балалардың сауабын алдым.

– Араға бір мүшел уақыт салып, бұрын мұғалім болып істеген Қызылту мектебіне директор болып оралыпсыз…

– Иә. Осы жазда демалысқа шығып, ел жаққа келгенімде Ақжар ауданының Білім бөлімінің басшысы Сайранбек Жақыпов мені 1997-2000 жылдар аралығында өзім қатардағы мұғалім болып істеген Қызылту мектебіне директорлыққа шақырды. 13 жыл өткенде сол мектепке директор ретінде қайта оралдым. Химия-биологиядан сабақ та беремін. Бұл мектеп те “Сорос-Қазақстан” қорының грантының иегері болған. Қазір бұрынғы өзіммен қатар жұмыс істеген және сол кезде өзім оқытқан оқушыларыммен бірге жұмыс істеймін. Бүгінде алдымда кешегі оқушыларымның балалары отыр, осыны көру де бір ғанибет.

– Сізге бұрынғы білім беру жүйесі жақсы таныс. Қазіргі білім беруге көзқарасыңыз қандай?

– Бұрын біздің сабақ беру тәсілімізде де түрлі әдістерді қолдандық. Бірақ қазіргі сабақ беру тәсілінде жаңа леп, өзгерістер бар. Біздің мектеп жаңа технологиялармен жұмыс істейді. Оқулықтар жеткілікті, интерактивті тақта, проекторлар, компьютерлер, ноутбуктар бар. Мектепте түрлі үйірмелер жұмыс істейді. Қосымша сабақтар жүргізіледі. Жалпы ауылымыз мықты. Жеке шаруашылықтар көп. Олар Жаңа жылда мектепке музыкалық аспаптар сыйлады. Қамқоршылық кеңес жұмыс істейді. Біз мұғалімдерден, ата-аналардан ақша жинамаймыз. Өйткені, ата-аналар комитеті мен серіктестік басшылары өздері көмектеседі. Мектеп пен ата-аналар, оқушылар арасында ынтымақтастық орнаған. Бұл өте маңызды. Мектепте 30-35 жыл еңбек етіп, еңбегімен еленген әріптестерім бар. Білім ошағының беделі осыған да байланысты. Мен өзіме ұнаған жерге қайтып келдім. Алдымызда әлі талай жоспар бар.

– Сізді мектеп басшысы ретінде не толғантады?

– Бұрын мен мұғалім болып істеген кезде мектепте 100-ден астам бала болатын. Қазір оқушылар саны азайып барады. Осы жағы алаңдатады. Бұл – өзекті мәселе.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp