«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Тимур ИСМАНОВ: “ЖАСТАРДЫ ЖҰМЫСҚА ОРНАЛАСТЫРУҒА ЖӘРДЕМДЕСУДІ АБЫРОЙЛЫ ІС ДЕП САНАЙМЫН”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облысымызда жастар саясатымен айналысып жүрген ұйымдар баршылық. Осы орайда жас қыз-жігіттерді қызметке орналастыру бойынша іс тындырып жүрген “Жастар кадр орталығы” қоғамдық бірлестігін ерекше атап өтуге болады. Бірлестіктің директоры Тимур Исманов – 3-ші жыл қатарынан өңірдегі жастар саясатының дамуына өз үлесін қосып, бүгінде өзіндік жаңа идеяларын іске асырып жүрген белсенді азаматтардың бірі. Жуырда онымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Тимур Советұлы, ең алдымен әңгіменің бастауын туған жер, өскен ортаңыздан бастасақ…

– Мен 1993 жылы Жамбыл ауданының Пресновка ауылында дүниеге келдім. 2000-2004 жылдары облыс орталығындағы “Дарын” мектеп-лицейінде, кейін 2004-2011 жылдары №8 эстетикалық тәрбие беретін мектеп кешенінде білімімді жалғастырдым. Оқу орнында волейболмен шұғылданып, мектепаралық және қалалық сайыстарға қатысып, түрлі мәдени-көпшілік шараларды жүргізуші болып, атсалысып жүрдім. Пәндік олимпиадаларға қатысып, қоғамдық жұмыстарға белсене араластым. Тек ең негізгілерді атап өтсем, 2008-2010 жылдары “Импульс” мектеп ұйымының президенті, 2009-2011 жылдары “Қалалық гендерлік клуб” әлеуметтік жобасының мүшесі, 2010-2012 жылдары облыстық жастар мәслихатының депутаты болдым. Мектепті бітіріп, ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің жаратылыстану-география факультетінің студенті атандым. Өскен ортам өте жақсы. Достарым, Құдайға шүкір, көп. Әзірге бойдақпын.

– Бүгінде Сіз басшылық етіп отырған ұйым туралы әңгіме қозғасаңыз. “Жастар кадр орталығының” көздеген мақсаты қандай?  

– “Жастар кадр орталығы” қоғамдық бірлестігі 2012 жылдың 9 сәуірінде ашылды. Бүгінде арнайы эмблемамыз да бар. Біздің ұйымымыздың көздеген мақсатына тоқталар болсам, мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, яғни жастардың құқықтық, әлеуметтік жағынан қорғалуына мән беріп, оларды жұмысқа орналасу мәселесі бойынша кеңес беру. Соған орай облыс орталығындағы кәсіпорындар мен басқа да фирмалардың басшыларымен кездесіп, тығыз қарым-қатынас орнатамыз. Былайша айтқанда, жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасында дәнекершінің міндетін атқарамыз. Бір қарағанда бүгінде жасы он сегізге толмаған азаматтың немесе студенттің ақша таппақ түгіл, жұмысқа орналаса алуының өзі мұң. Десек те жастар көңілі қалаған қызметке орналасқан жағдайдың өзінде еңбекақысын уақытында төлемей, ақыр соңында оларды тақырға отырғызып кететін ұйымдар да бар. Осы орайда біз жұмысқа орналасуға жәрдемдескен жастың дәл осылай алданбауын, маңдай терімен тапқан нәпақасын уақытында әрі толық алуын қадағалаймыз.

“Әр теңгенің екі жағы болады” демекші, кей жағдайда жұмысқа орналасқан жастардың өздері де басшылық тарапынан жүктелген міндетті дұрыс атқармай, жалқаулық танытып жатады.

Ең бастысы, біз өз қарамағымызға алған жастың өзіне ұнайтын, көңілі қалаған жұмыс түрін тауып беруге жәрдемдесеміз. Мамандарымыз қай жасқа болсын ақыл-кеңес беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Жәрдем сұраған әрбір жасқа қолдан келгенше қол ұшын беріп, қай жағынан болса да оған көмектесе алсам, соған қуанамын. Осы арқылы тәжірибе жинаймыз, ал тәжірибелі кадр болсаң, кез келген қызметте жұмыс істеуіңе жол ашық.

– Орталықтың құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз. Алғашқы идея қашан пайда болды?

– “Жастар кадр орталығы” бірлестігі бір күнде құрылған жоқ. Ұйымымыздың алғашқы кірпіші 2011 жылдың мамыр айында, яғни мектепте оқып жүрген кезімізде қаланды деуге болады. Мәселе былай болды: 2009 жылы жазғы демалысқа шыққанымда жұмыс істеп, бірінші қыркүйекке дейін керек-жарағымды тапқан қаражатыма сатып алғым келген еді. Иә, сөйтіп, өзімді бағып-қағып келген ата-анамның қалтасына салмақ түсіргім келмеді. Сондықтан бірден облыс орталығындағы кеңселер мен дәмханаларды аралап, жұмыс іздедім. Жұмыс берушілерге ұнағаныммен, менің әлі 18 жасқа толмағанымды білген соң жұмысқа алудан бас тартты. Тіпті, мемлекеттік бағдарлама бойынша да уақытша жұмысқа тұруыма жасым жетпеді. Жұмыс таба алмай жүргенімді көрген ата-анам: “Еңсеңді түсірме, әлі-ақ қызмет табасың”, – деп жұбатқандай болды. Ақыр-соңында жастарға ең қолжетімді жұмыстардың бірі – жүк тасушы болып еңбек еттім. Осы сәтте дәл өзімдей басқа да жастардың ұнаған қызметіне кірмек түгіл, маусымдық жұмысқа орналасуларына да мүмкіндік туа бермейтінін түсіндім. Себебі, қай кәсіпкер болсын студентті жұмысқа алғаннан гөрі тәжірибесі бар маманды жұмысқа алғанды жөн көреді емес пе? Сөйтіп, 2010 жылы достарыммен жиналып, болашақ жобамыздың тезистерін жасап, мақсатымызды айқындадық. Бастапқыда біз бастамашыл топ ретінде жұмыс жүргізген едік. Ал 2011 жылдан бастап 17-18 жастағы таныстарымызға жұмысқа орналасуға жәрдемдестік. Содан бері жыл сайын мамыр мен тамыз айларының аралығында жоғары сынып оқушыларын жұмысқа орналастыру бойынша тұрақты түрде көмек көрсете бастадық. Өзіміз оқушы болғаннан соң тек өзіміздей оқушылармен жұмыс істеуімізге тура келді. Әзірге аяқалысымыз жаман емес.

– Сонымен қанша жасқа нақты көмек көрсеттіңіздер?

– Ең алғашқы көмегімізді мектепте оқып жүргенімізде көрсетіп, яғни “Импульс” мектеп ұйымының президенті бола жүріп, 15 оқушыны маусымдық жұмысқа орналастырдық. Атап айтқанда, олар жарнама агенттігінде промоутер болып еңбек етті. Біз болсақ кәмелеттік жасқа толмаған жас болған соң жұмыс күнінің толық болмауын, еңбекақыларының уақтылы төленіп отыруын жіті қадағалап отырдық. Ал келесі жылы 45 оқушыны “жайлы жеріне” қондырдық. Неге аз десеңіз, ол кезде аталмыш игі іспен айналысып жүрген өзімді достарыммен бірге қоса есептегенде, бар-жоғы 4-5 адам ғана болған едік. Жағдайымыз тек 2012 жылы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-ға оқуға түскен соң ғана өзгерді. Жұмысқа орналасуға жәрдемдескен жастардың қатары қалыңдай түсті. Сөйтіп, олардың санын 97-ге жеткіздік. Сырт көзге қарағанда бұл сан аз көрінуі мүмкін. Дегенмен, барлық жұмысты демеушісіз, сырттан қаржылай қолдаусыз атқарғандығымызды ескерген жөн. Көмек сұрай келген жастарды барынша табысы молырақ жерлерге орналастыруға тырысамыз. Атап айтар болсақ, оларды, негізінен, сауда орындарына, дәмханаларға, “Основание”, “Альфа Север” және “КЭК Рүстем” сияқты құрылыс фирмаларының құрылыс алаңдарына жұмысқа орналастырудың амалдарын жасап жүрміз. Қазір мұндай серіктестіктерге көбінесе құрылысшылар, дәнекерлеушілер, күзетшілер, ал жазғы дәмханаларға даяшылар мен ыдыс жуушылар ауадай қажет. Әрі студенттердің ақыларын жемей, уақытында төлеп отырады. Ең бастысы, қазіргі уақытқа дейін осы мақсатта белсенділік танытудамыз.

– Неліктен тек оқушылармен және студенттермен ғана жұмыс істейсіздер? Дипломын құшақтап, маман атанғандардың арасында да жұмыссыз жүргендер бар емес пе? Екі қолға бір күрек таба алмай жүрген орта жастағылар да жетіп жатыр.

– Шынын айту керек, дипломы бар жастар қара жұмыстан гөрі өз мамандықтары бойынша жұмыс істегенді, жоғары жалақы алғанды қалайды. Ал орта буын өкілдеріне денсаулығына немесе жастарына байланысты жұмыс тауып беру оңай емес. Осы орайда студенттермен жұмыс жүргізген ыңғайлы. Себебі, оларға кез келген жұмыс жарай береді. Олар көше сыпырып, құрылыс алаңында құм тасуды ұят көрмейді. Менің дәрежеме сай емес деп кері айналып кетпейді. Біз жұмыс тауып берген студенттердің басым бөлігі өзіне жүктелген міндетті тыңғылықты, жауапкершілікпен атқаруда екендігін атап айтқым келеді. Десек те олардың арасынан да міндетті түрде айлығы 40-50 мың теңгені құрайтын, бар жұмысы кабинетте отырып, бір қабаттан екінші қабатқа қағаз таситын жеңіл-желпі жұмыс іздеп келетіндер де кездеседі. Біз болсақ жоғары оқу орнының табалдырығын жаңа ғана аттаған, әлі бір мамандық иесі болмаған жастың ондай жұмысқа орналаса алуы екі-талай екендігін айтып, жұмыс беруші қандай жұмыс ұсынса да қарсылық танытпауға шақырамыз. Айтқанымызға келіспей, бағын басқа ұйымдарда сынап көргілері келгендер де баршылық. Іздене жүріп, қалаған жұмысын тауып жатса, біз қуанбасақ, ренжімейміз.

– Жастарға жұмыс тауып беру үшін қандай мекемелерге жүгініп, көмек сұрайсыздар?

– Облыс орталығының кәсіпкерлерімен қатар, басқармалар мен бөлім басшыларымен тығыз қарым-қатынас орнатуды қолымызға алдық. Әсіресе, облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Асқар Сақыпкереевпен бірге біраз ортақ істер атқардық. Сондай-ақ облыстық Жастар саясаты мәселелері жөнiндегi басқарманың басшысы Виктор Молодовскиймен және жаңадан ашылған облыстық Жастар бастамалары орталығының директоры Данияр Әбутәлiповпен жұмыс атқарудамыз.

– Жоғарыда студенттерге консультациялық көмек береміз деп атап өткен едіңіз. Сол жайлы сөз қозғасаңыз?

– Орталығымызда қала бойынша қай мекемеге қандай қызметкер қажеттігі жайында арнайы тізіміміз бар. Біз оны маусым сайын жаңартып отырамыз. Студенттер уақытша жұмыс іздеп келгенде біз тізімімізге көз жүгіртіп, оны қай мекемеге жұмысқа орналастыру мүмкін екендігін білеміз. Әрі өзге жастар ұйымдары сияқты “Пәленше мекемеге қызметкер керек екен” деп қолына мекенжайы жазылған қағаз ұстатып, өз бетімен жібере салмаймыз. Керісінше, жұмыс берушімен өзіміз хабарласып, атқарылатын жұмыс, төленетін еңбекақы көлемі жайында келісеміз. Көрсететін көмегіміздің барлығы тегін. Жұмыс іздеп келген жас бір теңге де шығармайды.

Мысал келтіретін болсам, бізбен көптен бері жұмыс істеп келген екі жас өз жобаларын жүзеге асыру барысында кезіккен мәселелерді шешіп беруді өтінген болатын. Біз болсақ білгенімізді үйретіп, кімге және қай мекемеге жүгіну қажеттігін айтып бердік. Жасыратыны жоқ, екі танысымыз бүгінде облыс орталығында жеке кәсіпкер ретінде өз істерін дөңгелетіп отырған жағдайлары бар.

– Ұйым құрамында қанша жас бар?

– Штатымызда жалпы 15 адам бар болса, оның жетеуі тұрақты түрде қызмет атқарады. Ал қалғандары көктем және күз айларында ортақ іске жұмылдырылады. Барлығы – студенттер. Ұйымымызда 3 бөлім бар. Мысалы, орынбасарым Рүстем Омаров – мен іссапарға жүріп кеткенімде орнымды жоқтатпайтын білікті маман. Ал кадр бөліміне Игорь Любовицкий жауап берсе, Дархан Мұқашев пен Аян Мұрзатаев деген азаматтар жедел басқару және персонал басқармасы қызметінің тізгінін ұстауда. Аталған азаматтар ең басынан бастап маған қолдау білдіріп отырған нағыз жан жолдастарым. Сол себепті ортақ іске жұмылуымыз да жеңіл. Бір-бірімізді айтпай түсінеміз деуге болады.

– Қоғамдық жұмыспен айналысу барысында қандай іс-шараларды өткізуге мұрындық болдыңыздар?

– Біз 2012 жылы “Болашақ бүгіннен басталады” акциясын, 2013 жылы ҚР Мемлекеттік рәміздері күніне орай “Патриоттар форумын”, Бескөл ауылында “Елбасы – ел тірегі, жас ұрпақ – ел білегі” жастар форумын, “Жастар есірткіге қарсы” акциясын, сол жылдың желтоқсанында Қызылжар ауданында “Президентпен бірге жаңа шыңдарға!” жастар форумын, “Қызылжар жастары – Тәуелсіз Қазақстанның болашағы” атты ауыл жастарының слетін өткіздік. Аталмыш шаралардың әрқайсысына 300-500-ден астам жастар жұмылдырылды.

Біздің байқағанымыз, облыс орталығында студенттердің өздерін сырттай оқитын, мүмкіндігі шектеулі жастар, ауылдан келген жастар және тағы да басқа әлеуметтік топтарға бөлуге болады. Жұмысымызда осының барлығын ескеруіміз қажет. Себебі, олардың біріне жарамды жұмыс екіншісіне жарамауы мүмкін. Алдағы уақытта тағы бір идеямызды жүзеге асырмақ ойымыз бар. Атап айтқанда, ҰБТ тапсыру кезінде СҚМУ-дің екінші корпусының фойесіндегі факультеттер туралы ақпарат ілінетін стендтерге өзіміздің анкеталарымызды ілуді жоспарлап отырмыз. Ол анкеталарда студенттердің жазғы демалыс уақытында қандай жұмысқа орналасқысы келетіні жайында сұрақтар жазылған. Кейін толтырылған анкеталарға сараптама жүргізе отыра, қай салаға басымдық беру керектігін анықтап, аталмыш бағытта белсенді жұмыс атқаратын боламыз. Бұл біздің жұмысымызды жеңілдете түспек.

– Жастар тақырыбында қалам тербейтін тілші болғандықтан, СҚМУ-дің сайтына жиі кіріп отырамын. Бір күні 2013 жылдың үздік 100 студентінің тізімінен Сіздің есіміңізді көрген едім…

– Мектепте қандай белсенді болсам, университетте де оқуыма ерекше көңіл бөліп, қоғамдық жұмыстардан қалыс қалмауға тырысып келемін. Мәселен, 2011 жылы өткен “Тәуелсіздік шежіресі” ғылыми-практикалық конференциясында бірінші орын, 2012 жылы университетте өткен экологиялық олимпиадада 3-орынды жеңіп алсам, сол жылы “Уфа Ахмедсафиннің ғылыми мұрасы” атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияға материал жаздым. Сондай-ақ Астана қаласында өткен “Жас Отан” Жастар қанатының ІІ съезіне, “Дипломмен – ауылға!” атты екінші республикалық форумға, “Тәуелсіздік шежіресі” ғылыми-практикалық конференциясына қатыстым. Сондай-ақ 2013 жылы жаратылыстану-география факультетінің ең үздік студенті атанған болатынмын.

– Студенттермен тығыз жұмыс атқарып жүрген жастардың бірісіз. Өңіріміздегі жастар саясатын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмысқа қандай баға берер едіңіз?

– Бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында 58 жастар ұйымы жұмыс істесе, олардың бастамасымен қолға алынған 52 жоба табысты жүзеге асырылуда. Сәйкесінше, жастар саясатын іске асыруға бөлінген қаржы көлемі де жыл санап ұлғайып келеді. Бұл мақсатқа биыл облыс бюджетінен 48 миллион теңгеге жуық қаржы бөлінген. Мәселен, “Жастар тәжірибесі”, “Жасыл ел”, “Дипломмен – ауылға!” бағдарламалары арқылы жас мамандар жұмыспен қамтылуда. Өңір басшысы Самат Ескендіров аталмыш бағдарламаны іске асыру тек әлеуметтік саланың мамандарымен шектеліп қалмауы тиіс деген пікір білдірген болатын. Әрі “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында несие алып, өз ісін ашуға ниетті жастарға қолдау көрсетілмек. Міне, осындай тың істерді көре тұра өзім басшылық етіп отырған орталықтың өңірімізде жастар саясатын жүзеге асыру ісіне көлдегі тамшыдай болса да өз үлесін қосып отырғаны мен үшін зор мәртебе. Себебі, қолында дипломы жоқ студенттер мен жазғы демалыс уақытында қосымша қаражат табам деген мектеп оқушыларын жұмысқа орналастыруға жәрдемдесуді абыройлы іс деп санаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Қанат АТАМАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген автор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp