Облысымыздың бір топ оқушысы Алматы қаласында өткен Өмірбек Жолдасбеков атындағы механика және математика бойынша зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсына қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Конкурс әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде ақпанның 27-сі мен наурыздың 2-сі аралығында өткізілді. Аталмыш конкурс математикаға қызығушылығы бар дарынды балаларды қолдауға және анықтауға арналған. Оған алыс және жақын шетелдерден оқушылар қатысты. Ғылымға ден қойған дарынды балалардың зияткерлік сайысында 500-ге тарта ғылыми жоба ұсынылған.
Екі турда өткен конкурсқа республикалық ғылыми сайыстардың облыстық кезеңдерінде I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталған оқушылар қатысты. Ғылыми жұмыс мазмұнында белгілі нәтижелермен салыстырғанда жаңашылдық, өзектілік болуы міндетті. Сонымен қатар автордың зерттеу барысында енгізген жаңалығы болуы шарт.
Облыс намысын қорғағандардың ішінде Петропавл қалалық классикалық гимназияның 11-сынып оқушылары: Рауана Төлеутай мен Анель Ахметова – экономика және Жалғасбек Мұсырман қолданбалы математика салалары бойынша зерттеу жүргізген. Олардың жұмыстары мазмұндылығымен, өзектілігімен ерекшеленіп, қазылардың назарына іліккен. Экономика саласы бойынша “Қазақстандағы еңбек нарығын дамытудың мәселелері мен перспективалары” тақырыбын бірлесіп зерттеген Р.Төлеутай мен А. Ахметованың жұмысы 2-орынға ие болған. Бұл оқушыларға классикалық гимназияның математика және экономика пәндерінің мұғалімі Мәрзия Әлмұхамбетова жетекшілік еткен.
Жалғасбек Мұсырманның ғылыми жобасы 3-орынға лайық деп танылған. Жалғасбектің жетекшісі Аягөз Бектасованың айтуынша, ол өзінің жобасын “Петропавл қаласындағы автокөлік қозғалысының проблемаларын шешу жолдары” тақырыбына арнаған. Ол үшін Петропавл қаласындағы Мир және Букетов көшелерінің қиылысын бағдаршаммен реттеуді тиімді басқару жұмысына зерттеу жүргізген.
– Жалғасбек тәулікті 4 интервалға бөліп, әрқайсысы үшін жеке зерттеу жүргізді. Онда циклдің ұзақтығы, бағдаршамдағы жасыл сигналдың жану ұзақтығы, жол интенсивтілігі сияқты өлшемдер сарапталды. Сол арқылы формулалар шығарылып, математикалық зерттеулердің тұжырымы жасалды. Жалғасбектің ғылыми жобасы Петропавл қаласы көшелеріндегі кептелістер мәселелерін шешу жолдарына арналды. Оның тақырыбы бүгінгі күні өзекті, – дейді Аягөз Сәруарқызы.
Дарынды балаларға мамандандырылған облыстық қазақ-түрік лицейінің оқушылары Арман Нұрахмедов пен Самал Бектұрған өз жобаларын экономика тақырыбына арнаған. Олар “Ұлы Отан соғысы жылдарындағы Қазақстанның экономикасын талдау” тақырыбын алып, оны Солтүстік Қазақстан облысы кәсіпорындарының мысалдары негізінде талдаған. Бұл екі оқушының бірлескен жобасы да 3-ші орынға ие болған.
Өмірбек Жолдасбеков атындағы механика және математика бойынша зерттеу жұмыстарының халықаралық конкурсында үздік деп танылған жобалар I, II, III дәрежелі дипломдармен марапатталған және олар Ұлттық бірыңғай тестілеуден босатылатын болады.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.