Уәлиханов ауданында кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 25 жыл толуына орай шайбалы хоккейден турнир өтті.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Аман Төрегелдин осынау айтулы датамен барша жұртты құттықтай отырып, турнирге қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.
Турнирге барлығы бес команда қатысты. Екі күнге созылған тартысты әрі қызықты өткен ойындар барысында “Озерный” командасы үшінші орынды еншілесе, “Мортық” командасы екінші орынды, ал жүлделі бірінші орынды аудан орталығындағы “Медерес” командасы иеленді.
Бас жүлдеге ие болған командаға аудан басшысы жүз мың теңге ақшалай сыйлықты және ауыспалы кубокты табыс етті. Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер Серік Қазымжанов, Жанат Амзенов, Кенжебек Жантілеуов және Ауған соғысының жауынгерлері турнирде көрсетілген сый-сияпатқа демеуқаржылық жасады. Турнирде Дінмұхамед Абаев – “Ең жас қатысушы”, Талғат Ратишев – “Ең үздік қақпашы”, Александр Шелухин – “Жарыс ардагері”, Мират Здулаев – “Ең үздік шабуылшы”, Рамазан Абишев – “Ең үздік қорғаушы” аталымдары бойынша марапатталды.
Уәлиханов ауданының ішкі саясат бөлімі.