Петропавл қалалық Мәдениет үйінде “Абай оқулары” байқауы өткізілді. Қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ұйымдастырған осы байқауда өлең оқу қабілетін өзге ұлттардың тоғыз өкілі сынға салуға ниет білдірді.
Қазылар алқасына басшылық еткен ақын Жарқын Жұпархан қатысушыларға ақ жол тілеп, “Абай оқулары” байқауының мақсатын айтып берді.
Байқаудың қорытындысында әл-Фараби мектеп-лицейінің 10-сынып оқушысы Эльдар Накиев тоғыз үміткердің үздігі болып танылды. Ол жеңімпаз ретінде облыстық байқауда қала намысын қорғауға жолдама алды.
Екінші жүлде құрылыс-экономикалық колледждің студенті Мария Лыткинаға бұйырса, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің үміткері Алина Сербентович үшінші жүлдемен марапатталды.
Өзге қатысушыларға “Мәнерлеп оқу”, “Өнерлі өрге жүзеді”, “Сахна саңлағы”, “Қазақта қарасөзге дес бермедім”, “Шебер орындаушы”, “Әнді сүйсең, менше сүй” аталымдары бойынша дипломдар мен бағалы сыйлықтар тапсырылды.
(Өз тілшімізден).