Елбасымыз Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында жалпықазақстандық мәдениетті дамытуға жаңаша серпін беру, мәдени саясаттың ұзақмерзімді тұжырымдамасын әзірлеу мәселесін көтеріп, бұл туралы Үкіметке нақты тапсырма жүктеді. Соған орай 2014 жылғы 11 ақпанда өткізген отырысында республика Үкіметі өзінің тарихында тұңғыш рет отандық театрлардың көкейкесті проблемаларын талқылады. Әсіресе, өңірлік театрларда қордаланған өзекті мәселелердің бары рас.
Үкімет отырысында көтерілген мәселелер бойынша өзінің пікірін білдіруі үшін біз С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қасымовты әңгімеге тарттық.
– Қуандық Ишанғалиұлы, Сіз басшылық етіп отырған театрдың шаңырақ көтергеніне биыл он төрт жыл болады. Соның соңғы сегіз жылында театр тізгінін өз қолыңызда ұстап келесіз. Бұған дейін өңірлердегі театрлар мәселесі осындай биік деңгейде әңгіме арқауына айналып па еді?
– Елімізде елуден аса театр бар. Астана мен Алматыдағы ең үлкен театрларды айтпағанда, Тәуелсіздіктің арқасында өңірлерде ұлттық сахналар шаңырақ көтерді. Солардың бірі – біздің театр. Алайда, театрлар ұжымдарын толғандырған өзекті мәселелер биылғы 11 ақпанда ғана Үкімет тарапынан қозғалды. Бұған Нұрсұлтан Назарбаевтың үстіміздегі жылғы Жолдауында мәдени саясатты қалыптастыруға берген тапсырмасы ұйытқы болды.
Соған орай Үкімет отырысында баяндама жасаған Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед: “Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз алдағы уақытта рет-ретімен ұлттық мәдениетіміздің басты салалары: театр, кино, кітапхана және музей істеріне арналған Үкімет отырыстарын өткізіп, осы салалардағы қордаланған мәселелерді талқылап, оларды шешудің жолдарын қарастыратын боламыз. Міне, осындай талқылаулардың негізінде еліміздегі мәдени саясаттың 2030 жылға арналған жаңа тұжырымдамасы жасалатын болады”, – деп атап айтты.
Бұл ұлттық мәдениеттің, соның ішінде театрлардың да көкейкесті проблемаларын шешудегі жаңа әрі пәрменді тың қадам болмақ деген ойдамын.
– Үкімет отырысында министр театрларымызға арнап салынған ғимараттардың заман талабына сай бой көтергендері кемде-кем екенін айтты. Мұның Сіздің театрға да қатысы бар емес пе?
– Әлбетте, солай. Өйткені, біздің театр орналасқан ғимарат бір кездері энергетиктердің Мәдениет үйі болатын. 2000 жылы – “Мәдениетті қолдау жылына” және Сәбит Мұқановтың туғанына 100 жыл толуына орай Петропавлда қазақ театры бой көтергенде жазушы-драматургтің есімі берілгендіктен, күрделі жөндеуден өткізілді де, өнер шаңырағы осында қоныс тепті. Театр Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың және Сәбеңнің зайыбы Мәриям апайдың қатысуымен ашылғанды.
Мұнда ғимараттың көнергендігі сезілмей қоймайды. Шатырын түбегейлі жаңарту керек. Сондай-ақ, сахналық құрал-жабдықтарды, орындықтарды, электр жабдықтарын, өртке қарсы құралдарды, су қондырғыларын жаңартуға, бері салғанда, 70 миллион теңгедей қаражат қажет.
Егер лайықты ғимарат болса, ол көрермендердің жоғары эстетикалық талғамына сай келер еді. Соған қоса театр сахнагерлерінің рухани ұмтылыстарын да арттыра түсер еді.
– Театр артистерінің еңбекақысы көңілден шыға ма? Отырыста бұл мәселеге де көңіл бөлінді ғой?
– Министр облыстық театрдың артистері негізінен 30-40 мың теңге ғана еңбекақы алатынын атап көрсеті. Анығында да, солай. Өңірлік театрлар еңбекақының деңгейін өз күшімен көтере алмайды. Мұнда екі дәреже бар. Біріншісі – төменгі деңгей. Ол еңбек өтілі аз артистердің айлық ақысы 20 мың теңгенің айналасы деген сөз. Екіншісі – еңбек өтілі он бір жылдан асса, 53 мың теңге мөлшерінде болады. Алайда, ол үшін артист кемінде жиырма екі қойылымға қатысуы керек. Бұлай ойнау қиын.
Артистер де қоғам мүшелері ғой. Азаматтардың қай-қайсысы сияқты, олардың да жеке басының қамы, отбасы мұқтаждары бар. Балаларын оқыту, жақсы тұрмыс құру, тағысын тағы қажеттіліктер оларда да жетерлік. Сондықтан олар өздерінің бойына біткен өнерлеріне орай ойын-тойларда ән салып, өнер көрсетеді, асаба қызметін атқарады. Былайша айтқанда, сананы тұрмыс билейді деуге болады.
– Спектакльдерді қаржыландыру туралы не айтар едіңіз?
– Бұл – театр үшін өзекті мәселе. Жылдық жоспар жасалады. Онда жылдың премьерасы белгіленеді. Бір жылда төрт-бес жаңа спектакль қойылады. Мерекелік ертеңгіліктердің әрқайсысы бір қойылымға татиды. Қаржы осыларға жұмсалады.
Соған қоса өңірдегі маңызды оқиғаларға, тұғыры бөлек тұлғаларға арналған қойылымдарға қаржы қажет. Сырттан режиссер шақыруға тура келеді. Драматургке сценарий жазу үшін тапсырма беріледі. Мұның бәріне қаражат қажет. Бұл мұқтаждықты жергілікті бюджет көтереді. Мысалы, 2013 жылы театрға спектакльдерді қою үшін 4 миллион 200 мың теңге бөлінді. Бұл, әрине, аздық етеді. Биылғы жылы жаңа қойылымдарға бөлінген қаражат – 4 миллион 730 мың теңге. Бұл да жетімсіз.
– Тұтас алғанда, бір жылға жұмсалатын қаржы мөлшері қандай деңгейде?
– Театрдың бүкіл мұқтаждықтарын алғанда, былтыр 104 миллион 407 мың теңге жұмсалды. Ал 2014 жылға 102 миллион 208 мың теңге қарастырылып отыр.
Бұған артистердің, сондай-ақ театрдың басқа да қызметкерлерінің, жұмысшыларының еңбекақысы, қойылымдарға қажетті қосалқы шараларға жұмсалатын барлық шығындар кіреді.
Бірақ біз облыстық бюджеттен берілетін қаржыға ғана иек артып отырудан аулақпыз. Спектакльдерді қоюдан, театрдың өз табысынан, облыс аудандарына гастрольдардан кіріс кіргіземіз.
– Театр тірлігіне жетік адамдардың “Репертуар – сахнаның жаны” дейтіні тауып айтылған сөз деп ойлаймын. Бұған Сіз не дер едіңіз?
– Дұрыс, орынды айтылған лебіз деп ойлаймын. Репертуар – театрдың тыныс-тірлігі, жұмысының көркемдік сапасы, қоғам алдындағы көтеріп отырған әлеуметтік жүгі. Ол үнемі жаңармаса да, тың туындылармен толығып отыруға тиіс. Осы орайда біз жылына, балаларға арналған қойылымдарды қосқанда, төрт спектакль даярлай аламыз.
Қайталанатын спектакльдер де жаңаша көзқарасты қажет етеді. Айталық, бұрынғы бір ретте көрсетілген спектакльде ойнаған артистердің орнына жаңалар келсе, олар өзіне тән өзгеріс жасайды. Рөлге көзқарасы өзгешелеу, пайымы бөлек болады. Демек, қойылым жаңарады. Мұны да ескеру керек.
Жалпы алғанда, репертуар тәуелсіз болуға тиіс. Ол – театрдың төл саясаты, ұстанған бағыты. Көркемдік кеңес қалай шешеді, солай болады.
– Кейбір театр сыншылары “Өңірлердегі театрлар өздерінің маңындағы тұлғалардың төңірегінен ұзап шыға алмайды. Батырларын, билерін, ақындарын мүсіндеуге әуес” деген пікір айтады. Сіз осымен келісесіз бе?
– Жоқ! Келіспеймін. Мысалы, Мағжанның туғанына 120 жыл, Сәбиттің туғанына 110 жыл, Сафуанның туғанына 90 жыл, Қожабергеннің туғанына 350 жыл толуына арнап “Өйтпесе, Мағжан бола ма?”, “Жаужүрек”, “Дөкей келе жатыр”, “Елім-ай” спектакльдерін қойдық. Алғашқы екеуіне сценарий жазып беруді көрнекті драматург Дулат Исабековке тапсырдық. Екі қойылым да көңілдегідей қойылды деп ойлаймын. Егер мен ол кісіден басқа бір өңірдің ақыны, жазушысы яки батыры туралы драма жазып беруді өтінсем, не дер еді? Біз өзімізге таныс, өз топырағымызда туған тұлғалардың өмірі мен ісін ардақ тұтамыз. Бірақ түгел қазақ ұлтына ортақ адамдарды, айталық, Абайды, Мұхтарды, сондай-ақ халықтық эпостардың атақты тұлғаларын бөліп тастамаймыз.
Өзге өңірлер Мағжанды, Сәбитті, Ғабитті, Сафуанды, Қожабергенді біз сияқты дәріптеп жүрген жоқ қой.
– Өңірлердің театрларына Тұңғышбай Жаманқұлов басшылық жасайтын Театр қайраткерлері одағы қандай көмек жасай алады?
– Бұл – қоғамдық ұйым театрларға кеңесші ретінде қажет бірлестік. Ол театрлардың республика деңгейіндегі фестивальдарын ұйымдастыруға ұйытқы бола алады. Мысалы, 2012 жылы осы одақ Қарағанды қаласында “Ізденіс іздерімен” деген фестиваль өткізді. Оған біз де қатысып, олжалы оралдық. Олжамыз сол – өзгелерді байқап, өз деңгейімізді салыстырдық. Таразымыз тең, тіпті, кейбірінен озық екенімізге көзіміз жетті.
Бұл одақ қазақ-орыс тілдерінде “Театр КZ” журналын шығарады. Онда пьесалар жарияланады. Сыншылардың талдаулары беріледі. Бір сөзбен айтқанда, Театр қайраткерлері одағының шығармашылық көмегі бар.
– Артистердің тұрақтауы қалай?
– Театрлардың ұқсастығы – ауысулардың болып тұруы. Бұл – жазылмаған заңдылық. Соған орай бізде кадрлар жетіспеушілігі жоқ дей алмаймын. Бірақ қол қусырып отырудан аулақпыз. Мен бір мәрте Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына барып, түлектермен кездестім. Лайықты дегендермен сөйлесіп, театрға шақырдым да. Осы мақсатпен Астанадағы Ұлттық өнер университетінде де болдым. Алайда, мұнда келе қойғандары жоқтың қасы. Жастар өңірлерге келуге ықыласты еместігіне көз жеткіздім. Олар бұл орайда қайткен күнде де Астана мен Алматыдан кеткілері келмейді. Театрлардан орын тимесе де, неше түрлі шоу-бағдарламаларға қатысады, соларды жүргізуші болады. Сондай-ақ қазіргі уақытта теледидар театрға тікелей бәсекелес болып алды. Бізде көршілес Ресейдегі сияқты телебағдарламалар етек алып барады. Бұл – жастарға қолайлы.
– Оларды белгілі бір кезеңге өңірлердегі театрларда қызмет атқаруға міндеттейтін орган жоқ па?
– Бұрын болған, қазір бар деп айтуға қиынсынамын. Өйткені, Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзырында болғанда оларды даярлайтын жоғары өнер оқу орындары бес жылға, яки одан жоғары мерзімге міндеттейтін. Қазір бұл оқу орындары Білім және ғылым министрлігінің құзырында болғандықтан, сахналық өнері бар жастар өз қалауы бойынша таңдау жасайды.
– Жастарды тарту үшін жағдай жасау керек сияқты. Бұл үнемі қолдарыңыздан келе қоймайды ғой?
– Олар осындай талап қояды. Біз бір күннің ішінде оларға пәтер әпере алмаймыз. Бірақ жалға алар болса, өз тарапымыздан көмектесер едік.
Театрдың он жылдығына орай облыстық әкімдік артистерге жеті пәтер берді. Бұл үлкен көмек болды. Бірақ соңғы екі жылда пәтер алмаған театрлар қатарында министр біздің облысты да атап өткенімен келісемін.
– Жоғарыда аталған Үкімет отырысынан кейін еліміздің театр тақырыбында қалам тербейтін тілшілері пікірталасқа түсіп кетті. Бұлардың бір тобы “Өңірлердегі театрлардың деңгейін көтеру үшін оларды жергілікті әкімдіктердің қарамағынан алып, Мәдениет және ақпарат министрлігінің құзырына берген дұрыс” дейді. Екіншілері бұған қарсы уәж айтады. Бұл ретте Сіздің ойыңыз қалай?
– Үкімет осы отырыста мәдениет саласына, оның ішінде театрлар жұмысына айрықша көңіл бөлетінін жеткізді. Бұл – құптарлық іс. Алайда, өңірдегі театрдың басты жанашыры және қамқоршысы – облыстық әкімдік. Сондықтан театр оның құзырында болуы керек.
– Елбасымыз Қазақстан халқына биылғы Жолдауында өткен жиырма екі жылдың ішінде ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтардың қатарында зайырлы қоғам мен жоғары руханиятты атап өтті. Бұл Мәңгілік Ел Ұлттық идеясының түпқазығының бірі емес пе? Осы жолда театр ел азаматтарының жоғары руханиятын нығайтады деп пайымдаймыз.
– Жоғары руханият – сана-сезімі мықты, елжанды, патриот азаматтың бойындағы үлкен қасиет. Осы қасиетті театр да шыңдайды. Сондықтан Мәңгілік Ел идеясы күнделікті жұмысымызға бағдар сілтейтін шамшырақ десем, артық емес. Өйткені, біз сахнадан адамдар жүрегіне ізгіліктің, бауырмалдықтың, адамдарға деген сүйіспеншіліктің, отаншылдықтың нұрын төгуге тиіспіз!
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.