Петропавл темір жол колледжінде өткен ғасырдың алпысыншы жылдарындағы түлектерінің кездесуі болды.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сол күні елу бес адам ақжарқын көңіл күймен, қауышқан құшақтармен сағыныш сезімдерін айғақтап, алаңсыз өткен жастық шақтарын еске алды. Олар бұдан бұрын “Темір жол техникумы” аталған бүгінгі колледждің “Жол шаруашылығы” бөлімшесінде оқып, білім алғанды.
Арада қырық бес жылдан аса уақыт өткенде бұрынғы түлектер кешегі Кеңес Одағының әр қиырынан жетіп отыр. Мысалы, Мәскеуден, Самарадан, Челябинскіден, Екатеринбургтен, Новосибирскіден, Омбыдан, Қорғаннан келгендерге Петропавлда тұратын достары қосылып, қайсыбірі танымай қалып, таңқалысып, мерейге бөленді.
Бастарын ақ қырау шалған ардагерлер кешегі жастық күндерінің айғағы болған суреттерге үңілді. Өрімдей жап-жас қыз-жігіттер енді бүгін үйлі-баранды, баладан бала көріп отырған ардагерлерге айналған.
Араларында еңбекпен даңқы шыққандары бар. Атап айтқанда, Станислав Рабчук техникумды 1967 жылы тамамдапты. Әуелі жол монтері болып жұмыс істеген Станислав Анатольевич кейін КСРО Жол қатынастары министрлігінің Жол және имараттар бас басқармасының бастығы болып тағайындалыпты. Ал техникумнан сол жылы түлеп ұшқан Николай Васютин Байкал-Амур магистралінің құрылысына қатысып, жолдың шығыс учаскесіндегі мәңгі мұздақтарды қопарып, Дусе-Алинский тоннелін салғандардың сапында болған. Николай Афанасьевич бүгінде Ресейдің Жол қатынастар қауымдастығының президенті қызметін атқарады.
Түлектердің басқосуында колледждің директоры Михаил Шатковский қонақтарды оқу орнының бүгінгі тыныс-тірлігімен, студенттердің жетістіктерімен таныстырды. Олардың іздерін басқан кейінгі лек те еліміздің игілігі жолында еңбек етіп жүргенін тілге тиек етті.
Петропавл техникалық мектебінің директоры, техникум түлектерінің бірі Анатолий Василеску осы кездесуді ұйымдастыруға қыруар еңбек сіңірген еді. Ол жастарға меймандарды таныстырып, олардан үлгі алуға шақырды.
Салтанатты шарадан соң жиналғандар Петропавлды аралап, жаңа көшелерді, ғимараттарды, ескерткіштерді тамашалады. Кездесудің соңында бұрынғы түлектер қызықты оқиғаларды еске алып, осыдан жарты ғасырға жуық өткен бұрынғы күндерін қайта жаңғыртты.