«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨТПЕЛІ КЕЗЕҢ ҚИЫНДЫҚТАРЫН БІРЛЕСЕ КӨТЕРДІК

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Таңат СҮГІРБАЕВ,

Жамбыл аудандық мәслихаттың 1994-2007 жылдардағы хатшысы,

Жамбыл ауданының

Құрметті азаматы.

Тәуелсіз еліміздің жан-жақты дамуының басты шарттарының бірі басқару органдарының құрылымын жетілдіру болып табылатыны белгілі. Сондықтан да 1993 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Президентінің “Жергілікті өкілетті және атқарушы органдар туралы” Жарлығы шығып, ол өз кезегінде жергілікті мемлекеттік органдардың атауы мен құрылымына маңызды өзгерістер енгізді. Жергілікті өкілетті органдар мәслихаттар деп атала бастады.

Аудандық мәслихат – депутаттар жиналысын қалыптастыру мақсатында 1994 жылғы 7 наурызда аудандық мәслихаттың сайлауы өткізілді. Сол кездегі заңға сәйкес аудандық мәслихаттың 21 депутаты сайланып, сайлаушылардың тілек-талаптарын жүзеге асыру үшін жұмысқа кірісті. Сол жылдың 30 наурызында Жамбыл аудандық мәслихаттың алғашқы ұйымдастыру сессиясы болып, мен мәслихаттың хатшысы болып сайландым.

Аудандық мәслихаттың алғашқы сессиясында экономика және әлеуметтік даму мәселелері, заңдылықты, азаматтардың құқығын қорғау, сондай-ақ депутаттық өкілдік және депутаттық этика мәселелері жөніндегі, денсаулық сақтау және білім жөніндегі тұрақты комиссиялар мен тексеру комиссиясы құрылып, оларға мәслихат депутаттары өз қалаулары бойынша бөлінді. Аталған комиссиялар аса маңызды мәселелер бойынша жұмыс жоспарларын белгілеп, тұрақты түрде мәжілістерін өткізді.

Тоқсанына бір рет депутаттарға арналған тұрақты жұмыс істейтін семинардың сабағы өткізіліп тұрды. Онда “Аудандағы нарықтық өзгерістер мен экономикалық реформадағы негізгі бағыттар туралы”, “Агроөнеркәсіп кешеніндегі жекешелендіру”, “Заңдылық және әскери қызмет туралы” Заңның орындалу барысы” туралы және басқа да тақырыптар қамтылды. Жоспарлы түрде қолға алынған мұндай шаралардың жаңадан сайланған депутаттарға берген пайдасы аз болмады.

Сайланған кезден бастап алған бағытымыз – аудан әкімімен бірлесіп, тығыз байланыста жұмыс істеу, аудан халқының ауызбірлігін, ынтымағын арттырып, оларды өтпелі кезеңде қиыншылықтарды жеңіп шығуға жұмылдыру болды. Бар ой-мақсатымыз – экономиканы тұрақтандыруға, нарықтық қатынастарға көшуді тездетуге, халықты әлеуметтік жағынан қолдауға, тәртіп пен жауапкершілікті нығайтуға бағытталған Қазақстан Республикасы заңдары мен Президент Жарлықтарының қатаң түрде орындалуын қамтамасыз ету болды.

Қызметінің негізгі нысаны сессия болғандықтан, мәслихат сессиялардың дайындық сапасын басты назарда ұстады. Осыған орай осыдан 20 жыл бұрын өткен кезекті бір сессия есіме түсіп отыр. Онда Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 9 маусымдағы “Заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы” Жарлығына орай аудандағы құқық тәртібі мен реттіліктің жайы және заңдылықты нығайту жөніндегі шаралар туралы” және басқа да мәселелер талқыланды.

Негізгі мәселені әзірлеу жұмыстары үлкен ұйымшылдықпен жүргізілді. Депутаттардың бәрі өз округтерінде болып, құқық тәртібі мен заңдылықтың сақталу жайымен танысып, жазбаша анықтамалар түсірді, қаулы жобасына енгізілетін өзекті мәселелерге бағыт берді. Тұрғындардан түскен пікір-ескертпелер назарға алынды. Сессияда бұл мәселені талқылау қызу өтті. Әсіресе, депутаттар Зейнолла Мәкенов, Айдарбек Жанболатов, Жапар Төлегенов және басқалары өз сөздерінде ұрлықтарды, қылмысты істерді ашуда аудандық құқық қорғау ұйымдарындағы етек алып отырған кемшіліктерге тоқталды. Қылмыс арқылы келтірілген шығындардың орнын толтыруға тиісті жұмыстарда нақтылы нәтижелер жоқтың қасы екендігін қынжыла айтқан болатын. Олар қабылданған қаулыда ескеріліп, бұл мәселе тұрақты комиссия мен тиісті орындаушылардың бақылауына берілген еді.

Иә, мәслихаттар бұрынғы кеңестерге жүктелген атқарушылық қызметінен арылды. Аудандық мәслихаттар заң шығармаса да, бүкіл ауданның бюджетін бекітіп, қолданыстағы заңдардың орындалуын қадағалайды. Ал қадағалау дегеніміздің өзі халық үшін қызмет етудің бір көрінісі емес пе? Оның ішінде, әрине, халықтың талап-тілегі бойынша әлеуметтік-тұрмыстық жағдайды жақсартуға мүдделі екенін қоса айтсақ, мәслихаттардың қарап отырмағандығын сеземіз.

Жергілікті өкілетті органдар депутаттарының 1994 жылғы наурыздағы сайлауынан кейінгі алғашқы есеп беру науқаны да болды. Аудандық мәслихатта депутаттардың сайлаушылармен кездесулерін өткізудің кестесі жасалып, оларға көмек ретінде екі рет анықтамалық-ақпараттық материал дайындалып берілді. Депутаттар тұрғындарға аудандық мәслихаттың қызметі, өздерінің жеке депутаттық жұмысы, ауданның экономикалық және әлеуметтік даму тұрғысындағы бағдарламалардың орындалуы, жаңа реформаны жүзеге асыру барысындағы қиындықтар мен туындап отырған проблемалар туралы айтып, сұрақтарға жауап берді, сайлаушылардың ой-пікірлері мен мұң-мұқтаждарын тыңдады.

Депутаттармен кездесулерде айтылған ұсыныстар мен сын-ескертпелер аудандық мәслихатта жинақталып, зерттеліп, мүмкіндікке қарай оларды оңынан шешу жолында шаралар алынды.

Аталған кезеңдерде осындай атқарылған жұмыстардың ортасында болып, халық қалаулысы атағын абыроймен атқарған білікті де белсенді депутаттар аз болған жоқ. Олардың қатарында бұрынғы депутаттар Альбина Жүсіпова, Анатолий Ермоленко, Иван Волков, Әсет Мұстафин, Людмила Житенко, Вячеслав Турнов, Елена Тарасова және басқаларды айтуға болады. Олар азаматтық парызына үлкен жауапкершілікпен қарап, сессияларда, тұрақты комиссиялардың отырыстарында өткір мәселелер қоятын, қолдарынан келгенше атқарушы билікті бақылауда ұстауға тырысатын.

Тағы бір айтайын дегенім, ол – депутаттың беделі жөнінде. Сайлаушылар сенген екен, ол өз мандатына сай болуы тиіс. Өз бағдарламасын жылы орынды еншілеп алған соң ұмытатын болса, онда оны дереу кері шақырып алу керек. Ондай депутаттарға өкілеттігінен айыруға дейін жаза қолдану құқығын мәслихаттарға 2001 жылы қабылданған “Қазақстан Республикасында жергілікті мемлекеттік басқару туралы” Заң берді. Осы құқықты біздің аудандық мәслихат 2002 жылы пайдаланып, бір депутатты мәслихат сессияларына дәйекті себептерсіз қатыспауына байланысты депутаттық өкілеттігінен айырған болатын.

Қазіргі таңда мәслихаттардың өкілеттігі барынша өсті, оған ауылдық округ әкімдерін аудандық мәслихат депутаттары сайлайтындығы айғақ. Бұл жергілікті өкілетті билік органдарының рөлі мен беделін, сайланған әкімдердің мәслихаттар мен халық алдындағы жауапкершілігін арттыра түсті.

Қазіргі бесінші шақырылған аудандық мәслихат депутаттарының алдында да ауқымды міндеттер жүгі аз емес. Олардың ең бастылары – атқарушы органдармен бірлесе отырып, өз өкілеттігі шеңберінде аудандағы өркенді істердің одан әрі дамуына лайықты үлес қосу, бюджеттік қаражаттың пайдалануына бақылауды күшейту.

Тәуелсіздікпен бірге толысып, атқарушы билікпен бірлесе, ел-жұртпен етене қызмет атқарып келе жатқан мәслихаттар халықтың қалауын білдіретін жергілікті мемлекеттік басқарудың маңызды бөлігі болып отыр.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp