«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АЛАШ АРДАҚТАҒАН АРУЛАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тарихтың тамырын басып көрсек, даналығымен, ақылдылығымен қоғамда ерекше орын алған әйел аналарды көруге болады. Бір ауыз сөздің өзімен жауды да, дауды да тоқтата білген асыл аналар кейінгі ұрпаққа қашанда үлгі-өнеге болып қалмақ. Бүгін 8 наурыз мерекесі қарсаңында батырлар мен ақындарға өмір сыйлаған Апа-Аналарымыздың, қазақтың қайсар Қыздарының бірқатарының есімін еске алуды жөн санадық.

Тұмар ханша – күнгей түркі сақ халықтарын билеген атақты әйел патша. Оның есімінің тарихқа еніп, әлемге танылуы “төрт құбыланың тұтас билеушісі” атанған парсы патшасы Кирдің Орта Азияға басқыншылық жорықпен келген, «жеңілуді білмейді» деп дәріптелген әскерін ашық шайқаста жеңуімен тікелей байланысты. Томирис шайқас соңында торсықты қанға толты­рып, оған Кирдің басын салуға бұйрық береді. Ол өз елінде бұдан кейін де талай жылдар билік етіп, әділдігімен халқын талай таңғалдырған.

Айғаным Сарғалдаққожақызы – Ұлы Абылай ханның тұңғыш ұлы, тақ мұрагері, Уәли ханның кіші ханымы. Уәли қайтыс болғаннан кейін, хан сайланады (1821-1822). ХІХ ғасырда қазақ әйелдерінен шыққан қоғам қайраткері. Айғаным өз заманының алдыңғы қатарлы адамы болды. Бірнеше шығыс тілдерін еркін меңгерген.

Бопай − Кіші жүздің ханы Әбілқайырдың зайыбы әрі мүдделесі, Кенесарының қарындасы. Сол кездегі қазақ халқының басына ел болу немесе елдігін мүлде жоғалту қауіпі төнгенде Әбілқайыр ұстанған саяси бағытты Бопай қолдап, ең бір шешуші кезеңдерде айырықша икемділік-тапқырлық танытып отырған, шайқасқа шыққан сарбаз болған.

Есімі ел ұранына айналған абыз аналардың бірі – Нұрила. Ол 1378-1456 жылдары өмір сүрген. “Диһнат мама” (әулие ана) деген атаудан шығарылып, Домалақ ана есімімен аталып кеткен. Өз заманында адамгершілігімен, әдептілігімен, парасаттылығымен, шыншылдығымен аты шыққан, қасиет қонған кісі болған.

Қазақ қыздарына үлгі бола алатын бірден-бір образ Қарашаш сұлу – әйгілі Жиренше шешеннің әйелі. Ол өзінің ақылдылығы, тапқырлығымен Жиренше шешенге лайықты жар бола білген ерекше адам.

Дина Нұрпейісова – қазақтың әйгілі күйші-композиторы. Қазақстанның халық әртісі. Ел арасында атағы шыққан қаршадай қыздың даңқын естіген әйгілі Құрманғазы арнайы іздеп келіп, ақ батасын берген. Дина тоғыз жасынан он тоғыз жасына дейін Құрманғазының баулуында болып, өнердің қыр-сырын бір адамдай меңгерген.

Күләш Байсейітова – қазақтың әйгілі әншісі (ли­рика-колоратуралық сопрано), қазақ опера өнерінің негізін са­лушылардың бірі, қоғам қайрат­кері, КСРО халық артисі. КСРО Мемлекеттік сыйлығының ла­уреаты. Қазақ халқы Күләш арқылы дүниежүзінің классикалық операсы мен көптеген халықтардың музыкасын таныды.

 

Шара Жиенқұлова – қазақтың тұңғыш профессионал биші қызы. Ол небәрі он алты жасында “би падишасы” атанды. Әлем халықтарының ән-биін шебер орындап қана қоймай, костюм кию мәнерін, жүрісін, дауыс ырғағын да келістіре салған. Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, қазақ би өнерінің ханшайымы театрда ғана емес, өз таңбасын кинода да қалдырған.

Тарихи деректерге сүйене отырып дайындаған

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp