Кенжетай қажы ДҮЙСЕНБАЙ,
ҚМДБ-ның СҚО бойынша өкіл имамы, “Қызылжар” орталық мешітінің бас имамы
Ислам діні осыдан сан ғасырлар бұрын әйелге ешкім бермеген құқық берді. Ол кезеңде қай қоғамда да болсын әйелдің құқығы шектеулі еді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадис шарифінде: “Әйелдеріңді ренжітпеңдер. Ол Алла тағаланың сендерге аманаты”, – деп әйелдің діндегі алатын орны қандай мәртебелі екенін айтқан. Қазіргі таңда да әйел қауымының қоғамдағы алатын орны мен дәрежесі ерекше.
Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Ата-ананың балаға бере алатын ең жақсы мұрасы – жақсы тәрбие”, – деген хадисінде айтылғандай, бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана. Қазақ қауымы ұрпақ тәрбиесіне, оның ішінде қыз баланың тәрбиесіне қатты көңіл бөлген. Отбасында қыз баланың орны да, жолы да бөлек. “Қыздың жолы жіңішке”, “Қызға – қырық үйден тыю” дегенде аталарымыз қыз балаға қамқор болу, оның арнамысын қауым болып ойлау қажеттігін, көлденең көзден, ғайбат сөзден қорғау керектігін айтқан. Қыз намысы, әдеп-ұят, инабаттылық секілді қасиеттерді қыз бойына жас кезден-ақ ұялатқан. Қыз балиғат жасына жеткенде ата-ана оған бойжеткен ретінде қарап, үйдегі ер балаларға “қарындасыңды өкпелетпе”, “қарындасыңды біреу-міреу ренжітпесін” деп құлағына құйып отырған. Асыл дініміз болса қоғамдағы отбасы шаттығына, ата-анаға деген құрмет, жастардың отау құруы, отбасындағы бала тәрбиесі және де т.б. мәселелерге де аса мән берген. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: “Кімнің үш қызы болып, оларға дұрыс тәрбие берсе, маңдай терімен тапқанымен киіндіріп бақса, олар (яғни, қыздарды тәрбиелеп өсіргені) ол үшін тозақ отынан қалқан болады”, – деп, қыз баланы тәрбиелегені үшін қандай сый күтіп тұрғанын көрсеткен болатын.
Діннің жаңа дүниемен түйісуі көптеген жаңашылдықтар мен мүмкіндіктерге жол ашады. Осы өзгерістерді мүмкіндігімізше дұрыс пайдалана отырып, асыл дініміздің ұстанымдарын, терең тамырлы мәдениетіміздің құндылықтарын, ата-бабамыздан біздерге жеткен әдет-ғұрып пен озық салт-дәстүрлерінің қаймағын бұзбай сақтап қалу – баса назар аударарлық жайт. Кезінде халқымыздың дала жыраулары мен ақындары өнегелі сөздерінде, дана билеріміз өз үкімдерінде де дін мен дәстүрді байланыстыра білген. Оларды бір-бірінен бөле қарауға болмайды. Себебі, олар бірін- бірі толықтыра отырып, тұтас бір ұлттық болмыс құрайды. Ислам діні әйел қауымын қалай құрметтесе, қарға тамырлы халқымыз да әрқашан нәзік жанды әйел затын қастерлеген, шаңырақтың ұйтқысына, ырыс пен ынтымақтың алтын діңгегіне балаған. Солардың қатарында шоқ-жұлдыздай шоғыры биік Домалақ ана мен Айша бибі, ұлы Абайды тәрбиелеген Зере мен Ұлжан, қол бастаған Бопай, ел билеген Айғаным, Ұлпан аналарымыздың тұлғасы жылдар өткеніне қарамастан, келер ұрпаққа үлгі-өнеге болып, жадымызда мәңгі сақталуы керек.
Қазіргі қоғамда кейбір келеңсіз жайттар да кездеседі. Осы турасында халқымыздың аяулы ұлы, зиялы азаматы Б. Момышұлы атамыз: “Жаудан да, даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Немересіне ертегі айтып беретін әжелердің азаюынан қорқам. Дәмді, дәстүрді сыйламайтын балалар өсіп келеді. Оның қолына қылыш берсе, кімді де болса шауып тастауға даяр. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке-шеше жоқ”, – деп мұңайған екен. Расында, бүгінде балаларын бесікке бөлейтін аналарымыз бен немерелеріне батырлар жырын айтатын әжелеріміз азайған мына заманда ұрпағымызға ұлттық тәрбие беру – күрделі мәселелердің бірі.
Сондықтан сөзімді қорыта келе айтарым, “Әкеге қарап ұл өсер, анасына қарап қыз өсер” демекші, балаларымыздың болашақта жаман, не жақсы болатынына ата-анасының берген тәрбиесі себеп болады. Әсіресе, отбасының ұйтқысы болған ана туралы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): “Жұмақ – аналарыңның табанының астында”, “Анаңа, анаңа, тағы да анаңа жақсылық жаса, одан кейін әкеңе”, “Күйеуіне қиянат жасамайтын, оған қоса намаз оқитын әйелдер, сөз жоқ, жұмаққа барады”, – деген хадистері Ислам әлеміндегі әйелдің, ананың орны биік дәрежеде екенін көрсетеді. Бәрімізді дүниеге әкелген аналарымыздың дәрежесі екі дүниеде де биік болсын!