«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ ЖЕТІЛДІРІЛЕДІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Өңірімізге жұмыс сапары барысында Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев жерді тиімді пайдалану және жер қатынастары саласындағы өзекті мәселелер бойынша министрліктің селекторлық режімдегі көшпелі кеңесін өткізді.

Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Кеңеске қатысқан Өңірлік даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Заңының жобасына тоқталып өтті. Негізгі өзгерістер Жер кодексіне енгізілмек. Құқықтық құжаттағы толықтыруларға сәйкес бұдан былай міндетін адал орындамайтын жер телімдерінің иелері мен жерді пайдаланушылардың тізілімі жасалып, жер телімдерін жалға беру шартының талаптары орындалмаған жағдайда біржақты бұзу нормасы енгізілмек. Сонымен қатар, пайдаланылмайтын немесе заңнаманы бұза отырып пайдаланылған жер телімдерін мәжбүрлеп алып қоюдың жеңілдетілген тәртібін енгізу қарастырылған. Басқа да толықтырулар жерді беру және алып қою тетіктерін, оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану бойынша құқықтық шаралар кешенін жетілдіруге бағытталып отыр.

Көшпелі кеңеске қатысушылар жер ресурстарын ұтымды пайдаланудағы мемлекеттік бақылауды одан әрі жақсарту, ауыл шаруашылығы айналымына тартылған жерлерді түгендеуді жүргізу мәселелерін талқылап, жер заңнамасына енгізілгелі отырған өзгерістер мен толықтыруларға қатысты өз пікірлерін білдірді. Облыстардың әкімдері селекторлық режімде жер қатынастарын реттеуге қатысты туындаған түйткілді мәселелер жайлы ұсыныстарымен бөлісті.

Өңіріміздегі жерді пайдалану барысына тоқталған облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров осы уақытқа дейін 8 ауданда жер телімдерін түгендеу бойынша жұмыс атқарылғанын айтты. Оның барысында 170 мың гектар жердің пайдаланылмай келгені анықталған. Бұл бағыттағы жұмыс биылғы жылы жалғасын таппақ. Жер телімдерін мемлекеттік меншікке қайтару бойынша жұмыс жергілікті билік органдарының қадағалауында. Десек те жер ресурстарын пайдаланудың түйткілді тұстары да жеткілікті. Мәселен, екінші деңгейдегі банктерге кепілге қойылған жерлерді қайтару, жерді пайдалану аясын кеңейту, ауыспалы егіс жүйесін қамтамасыз ету мәселелерін заңнамалық тұрғыдан шешу қажет.

Кеңесті қорытындылаған Болат Жәмішев заң жобасы бірінші кезекте жер қатынастарын тиімді реттеуге бағытталғанын айтып, жиын барысында айтылған ұсыныстар жер қатынастары заңнамасын жетілдіруде ескерілетінін жеткізді. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp