“Нұр Отан” партиясының облыстық филиалында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мұрындық болуымен өңірлік мүгедектер ұйымдары өкілдерімен кездесу болып өтті. Оған емдеу мекемелерінің бас дәрігерлері, партия өкілдері, облыс және қала әкімдерінің мүгедектермен жұмыс жөніндегі кеңесшілері қатысты.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Кездесуге асыққандардың бірі – қала тұрғыны, зейнеткер Наталья Низова. Ол 3 жастағы Даша есімді немересінің өмірін аман алып қалу үшін Денсаулық сақтау басқармасы басшыларынан көмек сұрай келген.
Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қабдырахман Сақтағанов Дашаның мәселесімен жеке танысқандығын айтты. Шетелде ота жасау үшін әжесіне қажетті құжаттарды жинауға кеңес берді. Кездесуде өзге де мүмкіндігі шектеулі жандар өз өтініштерін білдірді.
Өткен жылы облысымызда 900-ден астам жарымжан адам ем алған екен. Емханалар мен ауруханаларда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін сауықтыру бөлімшелері жоспарға сай қызмет етіп келеді.
Кездесуде қоғамдық мәселелер де тысқары қалмады. Қоғамдық көліктердің қатынауы, емханаларда арбаға таңылған науқастар үшін дәретханалардың қарастырылмағандығы, мүмкіндігі шектеулі әйелдерге гинекологиялық көмек түрлері мен босанатын әйелдерге қажетті жағдай туғызылмағандығы сынды мәселелер де көтерілді. Мүгедектер тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі негізінде берілетін тегін дәрі-дәрмектің жыл соңына жетпей қалуын және осы дәрілерді беретін дәріханалардағы ұзын сонар кезекті болдырмаудың жолдарын қарастыруды сұрады. Осы және өзге де өзекті мәселелерді қаперіне алған облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қабдырахман Сақтағанов өңіріміздегі барлық медицина мекемелерінің бас дәрігерлеріне тиісті тапсырмалар берді.