«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

СЫЙЛАУҒА БОЛМАЙТЫН СЫЙЛЫҚТАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

8 наурызда ер-азаматтар нәзік жандарға сыйлық сыйлайды. Бұл жазылмаған заңдылық. Бірақ, сыйлықтың да беретіні, беруге болмайтыны бар екен. Осы жайында біліп көру үшін қыз-келіншектер арасында сауалнама ұйымдастырдық.

Қыз-келіншектер көбіне арзанқол әшекей бұйымдар сыйлағанды ұнатпайды екен. Осындай өздері қаламайтын сыйлықтардың тізіміне гигиеналық заттар да қосылады. Үлкен-кішілі сувенирлерді де аса ұната қоятындары аз екен.

Көктемнің алғашқы мерекесінде дүкен шарлап, шаршағысы келмейтін кейбір ерлер жақын дүкеннен техникалық заттар сатып алып, сыйлайды. Өкінішке қарай, әйел затының көбі мұндай сыйлықтарды тек үй шаруашылығына қажетті ыдыстар деп түсінеді. Сондықтан да осы жағына келгенде жақсылап ойланған жөн.

Нәзік жандардың көбі мерекеде фитнес-клубқа абонемент алып бергенді күтеді екен. Ал сүйгеніңізге арзандау тұратын салпыншақ сырға немесе өзінің суреті бейнеленген шай ішетін кесе сыйласаңыз, қалауын таптым деп ойламаңыз. Бұл Сіз ойлағандай тосын сыйлық болмайды. Себебі, ондай дүниелер қазір өте көп және айтарлықтай қымбат та емес.  

Қыздардың көбі бұл күні косметикалық заттарды алуға арналған сертификат сыйласа, бір қуанып қалатындарын да жасырмады.

Мереке күні ер адамдардың бірқатары сыйлыққа үй жануарларын сыйласам, көңілінен шығамын деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ, мұндай сыйлықты сатып алмас бұрын ойланып көріңіз. Себебі, қыз-келіншектердің ит-мысықты жақтыра беретіндері де айтарлықтай көп емес екен.

Спорт құралдарын сыйлауды жоспарлап жүрсеңіз, ол адамның алдымен спортқа қаншалықты жақын екенін біліп алғаныңыз абзал. Әйтпесе, Сіздің сыйлық бір бұрышта шаң басып қалуы да ғажап емес.

8 Наурызда үлкенді-кішілі жұмсақ ойыншықтарды да сыйлайтындар бар. “Бұл жақсы сыйлық, бірақ оны қыз-келіншектерден де кішкентай балаларға әперген дұрыстау болатын сияқты”, – деп ойлайды біздің сауалнамаға жауап берген құрбыларымыздың көбі.

Міне, санап отырсақ, осындай оншақты үлкенді-кішілі нәрселерді 8 наурызда сыйлыққа алғанды қыз-келіншектердің бірқатары жақтыра бермейді екен. Олардың көбі “Мәнсіз сыйлық әпергенше оның орнына ақша берген жақсы болар еді, таңдағанымызды өзіміз сатып алар едік” дегенді алға тартады.

Мерекелік сауалнаманы жүргізген

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp