Түрлі тағдырларды табыстырып, жатты жақын қылған облыс орталығындағы отбасылық үлгідегі Балалар ауылында 33 бала тәрбиеленуде. Жел өтінде қалған бұл балапандардың бүгінде паналары бар, тумаса да туғанындай жаны ашып, жақсы көретін аналары бар. 4 үйде тұрып жатқан мейірімге мұқтаж, жылы сөзге зәру жетімдерге ана болған аяулы жандардың бүгінгі еңбегін асыра бағалау мүмкін емес шығар, әсте. Аналармен әңгімелескен кезімізде соны ұқтық.
Жадыра ЕСЕНГЕЛДІ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Балаларымен таныстырған үйдің отанасы Раушан Мусраунова әр жастағы 8 баланың тағдырлары әрқилы екенін айтты. Үш ұл мен бес қыздың екеуі тұлдыр жетім екен. Қалғандарының әке-шешелері – “ащы судың” шырмауынан шыға алмай, ата-ана болу құқығынан айрылғандар мен жаза басып, темір тордың арғы жағына тоғытылғандар. Балалармен екінші жыл тұрып жатқан отанасы әр баланы жалғызындай жақсы көретінін айтты. Жалғызындай дейтіні – Раушанның жан дегенде жалғыз ұлы бар екен. Балалар ауылына жұмысқа орналасар алдында Есіл ауданындағы Бірлік ауылында бастауыш сыныптарға 25 жыл ұстаздық еткен ол кейін ауыл мектебі жабылған соң жалғыз баласымен облыс орталығына көшіп келеді. Ұлы интернатта оқығандықтан, ипотекалық пәтерде жападан жалғыз тұрмау үшін жұмыс іздейді. Балалар ауылына жұмысқа орналасар алдында жүректі сан ойлар мазалайды. Білім мен тәрбие беруді ұштастыра отырып, жел өтінде қалған сары ауыз балапандарды мама қаздай бауырына басуға бірден келісу кімге болсын оңай еместігі белгілі. Алайда, аналық мейірім мен аяушылық сезім таразы басын төмен тартып, бір күннің ішінде өзінің ұлымен қосқанда тоғыз баланың анасы болып шыға келеді.
Аз ғана уақыт ішінде балаларға туған анасындай болып кеткен Раушан бастапқы уақытта балалармен қарым-қатынас орнату кезінде қиналғанын да жасырмады.
– Балалардың мектепке бармаған күндері болды. Тамақ ішпеген, кезекшіліктен бас тартқан сәттер болды. Көп қиыншылықты Ринат деген тентегім көрсеткен болатын. Бүгінде бұл баламды жанымнан артық жақсы көремін. Ал қыздарыммен бірден тіл табыстым. Кейбірі “Мама” дейді, “Татешка” дейтіндері бар. Кешке қарай менің жаныма отырып, иығыма бастарын қойып еркелейді. Сырларымен бөлісіп, бастан кешкен оқиғаларын баяндайды. Жақында Настя Кондратьева деген қызым әкесін көргісі келгенін айтты. Өмірі әкесін көрмеген қыз: “Есейген соң әкемді іздеп табамын”, – деді. Шешесін көргісі келмейді. Ал Виктория Магамедова деген қызым тұл жетім. Ойын ашық айтады. Әкесі бес айлығында, ал шешесі бес жасында қайтыс болған. Өзімнің туған қызымдай Виканы туысқандарыма барғанымда бірге алып жүремін. Жуырда ағам оған ұялы телефон сыйлады, келінім құлағына күміс сырға тақты.
Бірінің анасы келгенде екінші бала түнеріп: “Маған қашан келеді екен?” жылап тұрған уақытта “Балалардың туған анасындай бола алмаймын-ау. Туғаны қалай осындай періштеге қиянат жасады екен…” деген ойлар түн ұйқымды ұрлайды. Лена деген қызымның: “Кешірші мені, күн күтемін, түн күтемін деген” сөздері бар өлеңдерін оқығанда көзіңнен жас парлайды, – деді Раушан көзіне іркілген жасты жасыра алмай. Сол уақытта жанымызға келген Виктория есімді қыз: “Туған шешемдей болған анашым осындай әдемі, мейірімді, әділ болып қала берсе екен деймін. Анама мол бақыт, шыдамдылық тілеймін, жиі көңілді болып жүргенін қалаймын”, – деп мейірлене қарады.
Осы отбасының тәрбиешісі Роза Мәжитқызы да балаларды тәрбиелеу мен оқыту ісіне зор көңіл бөледі. Сабақтарына дайындалуға көмектескеннен кейін бірнеше балаға кесте тігуді, домбыра тартуды үйретеді. Әр баланың қас-қабағына қарап, жүрегі жүз езілсе, жігерін мың рет түйетін тәрбиеші балаларды үйіне әкетіп, оларға ас дайындап, әңгімеге тартып, сырғанақ тебуге апаруды дәстүрге айналдырған.
– Барлығының ата-аналары келе бермейді. Кейбірі үшін “бала түгіл, бас қайғы” болып кеткен. Жер басып жүрген ата-аналарын ойлап, көз жастарына жиі ерік беретін балалардың көңілін демеушілер де аулап тұрады. Жетімін жебеген қайырымды жандар азық-түліктер мен киім-кешектер, тәтті тағамдарды үзбей әкеледі, – дейді бала жанының бағбаны.
Қазақ үйіне көрші орналасқан келесі отбасының анасы Ирина Драчевскаяның да балалар ауылында жұмыс істегеніне екі жылдай уақыт болыпты. Жүгіртпе жолдан хабарландыруды көріп, осы жұмысқа орналасуды ұйғарған Ирина Александровна балалар үйінің директоры Арыстан Әкімжановпен сөйлесіп, балалармен жолыққан соң жанына жақын жұмысты тапқанын бірден түсінеді.
– Үш баланың жеке істерін оқып отырып, олардың бұған дейінгі өмір сүрген жағдайынан жан түршігеді. 6 бала аядай ғана асүйде тұрып келіпті. Өйткені өзге бөлмелердің едендері отынға жағылып кеткен. Үйде пеш те болмаған. Терезелері шүберектермен жабылған үйдегі үш кереуетке балалар таласып ұйықтаған. Төсек-орын, киім-кешек атымен жоқ. Көрер жарығы бар балалар, абырой болғанда, осы ауылға орналастырылды. Сол себепті оларға көп нәрсені қайтадан үйретуге тура келді. Тазалықты сақтау, тәртіпті, тәрбиелі болу керектігін жиі айтып отырамын. Ал Новоишимка ауылының тумасы – 9-сыныпта оқитын Юрий Колесниковке үлкен үміт артамын. Шешесін көрмегеніне 10 жылдың жүзі болды. Бір келіп, амандығын білмеген шешесі бауыр еті – баласына қиянат жасаса да, жеткіншек осы жылдар бойы анасының тым болмаса дауысын естуге аңсаған. Жақында Ғаламтордан таныстары арқылы шешесінің телефонын тауып алып, анасына хабарласқан. Содан кейін маған келіп, тіл қата алмай, қалшылдап тұр. Не болғанын сұрағанымда шешесімен сөйлескенін айтты. 9-сыныпты бітіріп, жұмысқа орналасқан соң шешесіне баруға бел буған. “Не үшін бармақсың?” деп сұрағанымда: “Көзіне қарап, бетіне түкірейін деп едім”, – деді. Мен оған: “Одан да шешеңнің сені бұл өмірге аяқ-қолың сау, ақыл-есің дұрыс етіп дүниеге әкелгеніне және тағдырдың жазуымен осы үйде тұрып жатқаныңа алғысыңды айт”, – дедім. “Ащы суды” жақсы көретін шешесімен бірге тұрғанында бүгінгі күнгідей сабағын үздік оқып, түрлі олимпиадалардың жеңімпазы болуы неғайбыл еді, – дейді отанасы.
Әр баламен жеке жұмыс жасайтын ана қызметін ауыстырмайтынын айтты. “Мен өз отбасыммен табыстым. Менің өмірлік мақсатым да, міндетім де – балаларымды қабілет-қарымым жеткенше тәрбиелеп, үлкен өмірге қанат қақтыру”, – деді ақ жүректі ана.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.