Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаеваның жеке концерті болып өтті. Әншімен бірге сахнада дирижер Сергей Имашбаевтың жетекшілігіндегі облыстық филармонияның эстрадалық-симфониялық оркестрі мен сазгер Еркін Ынтықпаев та өнер көрсетті.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
40 жылдан бері қазақ сахнасының сәніне айналған Роза Қуанышқызы сол баяғыша сұлу, ақжарқын қалпында. Ол бұл концертін Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орайластырған. Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы көпшілік сүйіп тыңдайтын Нұрғиса Тілендиевтің, Талғат Сарыбаевтың, Еркін Ынтықпаевтың, Александра Пахмутованың, Александр Зацепиннің және тағы басқа сазгерлердің әндерін шырқады. Әсіресе, көрермендер ана жайында айтылған әндерге ұзақ қол шапалақтады. Жезтаңдай әншінің шырқаған әндері жүректерді тербеп, көңілдерді кернеді.
Роза Қуанышқызы әр әнін табиғи дауыспен орындады. Ол облыстық эстрадалық-симфониялық оркестрдің кәсібилігін тілге тиек етіп, қызылжарлық көрермендерге зор ықыласын білдірді. Жақын болашақта өңіріміздің алыс аудандарында өнер көрсететіндігін айтып, солтүстікқазақстандық нәзік жандарды төл мерекелерімен құттықтап, оларға бақыт пен қуаныш тіледі.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.