Аққайың ауданындағы Полтавка ауылында туып-өскен Күлмира Жармұқанова өмірін әскери жолмен ұштастыруды бала кезінен армандаған екен. Қайсар мінезді қазақ қызы алдына қойған мақсатына қол жеткізу үшін аянбай еңбек еткен. Нәтижесінде арманына қол жеткізіп, погон таққан арулардың қатарынан орын алған. Ажары ақылына сай аяулы жан бүгінгі таңда Қызылжар аудандық Ішкі істер бөлімінде анықтаушы болып қызмет етеді.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Ер-азаматтармен қатар иық тіресе еңбек етіп жүрген Күлмира Мұсатайқызы – баянды күнін бағалы ісімен көріктендірген жандардың бірі. Әділдікті арқау етіп, “Бақыттың кілті – еңбекте” деген қағидаға сүйенетін ол әр іске, әр адамға қырағы.
– Жұмыстың оңайы жоқ. Қандай салада болсын өз қиындығы болады ғой. Тек алға қарай ұмтылып, талаптанып, ерінбей еңбек ету керек. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Менің осы салада жүргеніме он жыл болады. Бүгінгі таңда штатта екі адам қызмет етеміз. Жұмысымыз ауқымды. Мамандығымыз анықтаушы болғандықтан, қолымызға алған әрбір істі мұқият қарап, қандай жағдайда болғанын, кімнің кінәлі екеніне көз жеткізу үшін қажетті деген жұмыстың барлығын жүргіземіз, – дейді полиция капитаны Күлмира Мұсатайқызы.
Өзіне жүктелген жұмысты абыроймен атқарып, ұжым ортасынан өз орнын ойып алған полиция капитаны еңбексүйгіш қызметкер ғана емес, сонымен қатар аналық міндетіне адал жан. Бүгінгі таңда Күлмира Мұсатайқызы Ризана есімді қыз баланы мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп отырған жайы бар.
– Тоғыз жыл бойы Бескөлге Петропавл қаласынан күнде келіп-кетіп жұмыс істедім. Осыдан бір жыл бұрын сәті түсіп, баспана мәселесі шешілді. Оған қызымыз екеуміз қатты қуандық. Енді жол арасы қысқарып, жұмыс істеуіме ыңғайлы болды. Әйел адам болған соң бәрін де ойлайсың ғой. Қалай болғанда да, иығыңа айқара артқан ауыртпалықты көтере білу керек. Сондықтан да кейбір сәтсіздіктерге қарамай, күш-жігеріңді сала еңбектенген дұрыс. Бұл – менің өзіме қоятын ең басты талабым. Тек еңбек қана адам жанын айқындылыққа, жарасымдылыққа және өзіне-өзі ризалық сезімге кенелтіп, бақытты ете алады. Ал еңбекте басты талап – тәртіп. Сондықтан да тәртіпке бағынып, мінсіз қызмет етуге тырысу керек, – дейді ол.
Шындығында да, өмірдің игілігі – еңбекте. Ал еңбек пен тәртіп егіз емес пе?!
Жұмысын адал атқарып қана қоймай, ана болу аманатын да орындап, дәуір жүгін алға жетелеген ардақты жанның ендігі арманы – қызына қазақы тәрбие беріп, үлгілі азамат етіп бойжеткізу. Бойында батырлық пен батылдықтың ұшқыны бар осындай ай қабақ қарлығаштарды көргенде:
“Сүймеген сені азамат, азамат па,
Көңілің тәрізді аппақ таза мақта.
Бәрін айт, бірін айтта лайықсың,
Қазақтың қызы деген ғажап атқа” – деген тамаша өлең жолдары ойыңа оралады.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.