«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӘКІМ ӘЙЕЛ КӘСІПКЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс әкімі Самат Ескендіров облысымыздың бірқатар кәсіпкер әйелдерімен Петропавлдағы “Астана” мейрамханасында кездесу өткізіп, дастарқан басында емен-жарқын әңгіме өрбітті. 

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,  

“Солтүстік Қазақстан”.

Облыс әкімімен болған мерекелік кездесуге Аққайың, Ақжар, Жамбыл, Қызылжар, М. Жұмабаев аудандары және Тайынша қаласынан өз кәсібін дөңгелетіп отырған ажары ақылына сай асыл жандар келді.

– Біздің облыстағы жеке кәсіпкерлердің 80 пайызын нәзік жандар құрап отырғаны белгілі. Мемлекет тарапынан бүгінде өз кәсібін бастаймын, дамытамын дегендерге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Бизнес өкілдеріне көмектесіп, осы жолда жүйелі жұмыс істеп келе жатқан кәсіпкерлерді қолдау орталығы ашылды. Осындай мүмкіндікті мүлт жібермей, еңбек етіп жүргендеріңізді мақтан етеміз. Сіздердің күш-қуаттарыңыздың, парасаттылықтарыңыздың арқасында біз ең жоғары жетістіктерге қол жеткізетінімізге сенімдімін, – деді өңір басшысы Самат Ескендіров.

Қолынан келген кәсібін жасап, отбасына ғана емес, қоғамға да пайда келтіріп отырған еңбекқор жандар мерекелік дастарқан басында өз жұмыстары жайында айтты. Сөз алған кәсіпкер әйелдер өзінің еңбек жолына тоқталып, түрлі мәселелерін, түйінді ойларын ортаға салды. Тайынша қаласынан келген жеке кәсіпкер Қайыржан Қазбекова әйел затының қаншалықты қайратты, шыдамды, әр жұмысқа жауапты келетіндігін айтты.  

– Мен өзім 1994 жылдан бері осы салада жүрген адаммын. Басында, әрине, қиын болды. Ала сөмке арқалап, сауда-саттықпен де айналыстым. Барлығы да бала-шағаның жарқын болашағы үшін. Біздің жұмысымыз оңай емес. Кәсіпкерлікпен қатар, бала тәрбиесі, үй шаруасын да бір адамдай алып жүру керек. Оны мына отырған әріптестерім жақсы түсінеді. Бірақ талантты әрі еңбексүйгіш адамға тосқауыл болмайды. Сондықтан да үнемі еңбек етіп, жақсылыққа ғана үміттендік. Енді, міне, бүгінде қол жеткізген жетістіктер ауыз толтырып айтарлықтай. Балаларым ержетті, қазір көмекшім, қолқанатым. Мен бастаған істі одан әрі жалғастырып отыр. Ана үшін мұның өзі – үлкен бақыт. Әрине, отағасы қолдап, демеу бермесе, мұндай биікке көтерілмес те едім. Мақсат ортақ болған соң бірлесе еңбек еткен жөн деп ойлаймын. Ер адамдар табиғатынан мықты, бірақ нәзіктікті ту еткен әйелдер де әлсіз емес дегім келеді. Біз қолдан келгенше жұмыс істейміз, Елбасының саясатын қолдауға әрқашан дайынбыз, – деді Қайыржан Қазбекова.

Әйел аналар атынан сөз алған облыстық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Бақытжан Сәмиева барлық қыз-келіншекті мерекемен құттықтап, осындай ерекше кездесуге шақырған Самат Сапарбекұлына алғыс айтты.

Өңіріміздегі түрлі саланың дамуы үшін айтарлықтай жұмыс жүргізіп отырған әйел кәсіпкерлермен болған кездесуде жастарды жұмысқа тарту, ауылды көркейту, балабақша, кадр мәселесі жайында да сөз қозғалды. Әр кәсіпкерге сөз беріп, оны мұқият тыңдаған өңір жетекшісі мүмкіндігінше барлығына көмек, қолдау көрсетілетінін айтты.

Кездесу соңында Самат Ескендіров қонақтарға гүл шоғы мен сыйлық тарту етті. Сондай-ақ Сіздердің де есімдеріңіз болашақта осындай кітапқа енгізілсін деген ниетпен Владимир Адамчиктің “Ұлы әйелдердің ұлы ойлары” кітабын ұсынып, әйелдер қауымымен бірге естелік суретке түсті.

Суретті түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp