Сәрсенбі күні Қызылжар өңіріне жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев пен облыс әкімі Самат Ескендіров облыс орталығындағы “Береке” шағынауданында “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасының орындалу барысымен, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-де құрылыс индустриясымен, №2 жылу-электр орталығы мен ТКШ-ны жаңғырту жобаларының қалай жүзеге асырылып жатқандығымен танысты.
Нұрсайын ШӘРІП,
“Солтүстік Қазақстан”.
Болат Жәмішев пен Самат Ескендіров ең алдымен “Береке” шағынауданында бой көтеріп жатқан биология-химия бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебіне ат басын тіреді. Облыстық Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ратмир Усманов “Қолжетімді тұрғын үй – 2020” бағдарламасы бойынша аталмыш шағынауданда салынып жатқан құрылыс нысандары жайында айтып берді. Соңғы екі жылда 5 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, оның біреуі жас отбасыларға арналған. Бүгінгі күні жас отбасылар үшін екі және үшқабатты 6 үйдің 2 бесқабатты коммуналды-жалгерлік үйдің, “Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі” қаражаты бойынша 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Олардың барлығы да биыл пайдалануға беріледі. Осы шағынауданда алдағы уақытта салынатын 22 үйдің 11-інің жобалық-сметалық құжаты дайын. Инфрақұрылымдар жоба бойынша іске асырылып жатыр. Келесі жылы пайдалануға берілетін 6 үйдің дайындама жұмыстарына, осы шағынаудандағы 7 көшені абаттандыруға республикалық бюджеттен қаражат қажет.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысын “Ария-Жаңа Астана” ЖШС жүргізіп жатыр. Серіктестік өкілінің айтуына қарағанда, құрылыс жұмыстарының 60 пайыздайы атқарылған. Аталмыш нысанда бүгінгі күні 110 құрылысшы еңбек етуде. Мектепке қажетті құрал-жабдықтар кесте бойынша жеткізілуде. 120 орындық жатақханасы бар, 720 орынға шақталған химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің құрылысын тамыз айының басына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Өңірлік даму министрі мен облыс әкімі “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС-де болып, сумен жабдықтау жүйелеріне арналған полиэтилен құбырларын шығаратын, темір құбырларды полиуретан көбігімен қаптайтын, “Монтеррей”, “Каскад” темір-жабыңқыштарын, сэндвич панель өндіретін, ақауы бар құбырларды қайта өңдейтін, құбырларды таттанбайтын қаңылтырлармен қаптайтын цехтарды аралады.
Өндіріс орнының бас директоры Александр Кондратов өткен жылы экспорттың үлесі 36 пайызға көбейгенін, зауыт өнімдерін Ресейдің Қорған, Омбы, Новосібір, Кемерово қалалары тұтынатындығын айтып берді.
Бұдан кейін Болат Бидахметұлы мен Самат Сапарбекұлы Индустриялық аймақтағы бұрынғы Калинин атындағы зауыттың бос тұрған ғимараттарына да соқты. 162 гектарды алып жатқан аумақта Үй құрылысы комбинаты мен кірпіш зауытын ашу жоспарланып отыр.
– Біз ең алдымен Индустриялық аймақтарды дамытуға басымдық бермекшіміз. Өйткені, оқшау тұрған кәсіпорынның тиімділігі шамалы. Ал барлық өндіріс орындарын бір жерге шоғырландыру инфрақұрылым тартуға да ыңғайлы болады. Оның үстіне бюджеттік қаржыны бөлуде де салмақ түспейді. Сіздерде Индустриялық аймақ құру үшін барлық мүмкіншілік бар. Тек 2015 жылғы қаржыландыруға үлгеру үшін аталған аумаққа қатысты тиісті құжаттарды 2 айдың ішінде тапсыруларыңыз керек, – деді Өңірлік даму министрі.
Осы күні Болат Жәмішев пен Самат Ескендіров Петропавлдағы №2 жылу-электр орталығына да соғып, аталмыш кешеннің жұмыс барысымен танысты. Аталмыш нысан 1961 жылы іске қосылған. Негізгі қондырғылары 11 энергетикалық қазандық пен 7 турбоагрегаттан тұрады. Кәсіпорынның директоры Виктор Бармин жылу-электр орталығында өндірілген жылу қуатының 232 шақырымға тасымалданатынын, жылу құбырларының тозығы жетуіне байланысты биыл 15,3 шақырымын қалпына келтіру қарастырылып отырғанын баяндады.
Сапар соңында министр мен облыс әкімі “ТКШ-ны жаңғырту” бағдарламасын жүзеге асыру, Петропавл қаласындағы торапты кәріз жүйелері мен кәріздік тазарту құрылғыларын қайта жабдықтау барысымен танысты. Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Антон Федяев соңғы 3 жылда 95 көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өткізілгенін, қайтарма қаржыға 11 тұрғын үй жаңартылғанын, ал торапты кәріз жүйелерін қайта жабдықтауды аяқтауға 2 399 млн. теңге қаражат қажет екендігін атап айтты.
Облыстық Құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ратмир Усманов министрдің назарына Петропавл қаласындағы ескі тұрғын үйлерді бұзу бағдарламасының бірінші кезеңін ұсынды. Оған Абай-Пушкин-Рига-Ғ.Мүсірепов-Жамбыл, Астана-Кеншінбаев-Некрасов-Чайковский, Жұмабаев-Гашек-Набережная көшелері бойындағы ескі үйлер енбек. Барлығы 1458 жеке тұрғын үй.
Облыстық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Валерий Затай Болат Жәмішев пен Самат Ескендіровті “Метро” мәдени-ойын-сауық кешенін жаңа Достық үйіне айналдыру жобасымен таныстырды. Онда аумағы 1350 шаршы метрлік қабылдау залын қайта жабдықтау, вестибюльді 700 шаршы метрлік қосымша аумақпен кеңейту, ғимараттың қасбетін жаңғырту, оның аумағын абаттандыру сияқты шаралар қарастырылған.
Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев осы жерде өз сапарының мақсаты жайында БАҚ өкілдеріне сұхбат берді.
– Әкімдік Петропавлдағы Индустриялық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін тапсыруды жоспарлап отыр. Барлық құжаттар тиісті деңгейде дайындалса, 2015 жылдан қаржыландыруды бастауға қолдау көрсететін боламыз. Бұл жердің бір тиімділігі – аталмыш аймаққа негізгі коммуникациялар тартылған. Біз осындай аймақтарды бюджет есебінен қаржыландыруды мақсат етіп отырмыз. Себебі, осындай тұралап қалған цехтарды кәсіпкерлікті өркендету үшін ұтымды пайдалануға болады. Осы тұрғыда Петропавлдың инвесторларды тартуға мүмкіншілігі зор, – деді Болат Бидахметұлы.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.