Анатолий БАШМАКОВ,
сенатор, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық
саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.
Әр адам құндылықтарды өзінше бағалайды. Бүгінде осы құндылықтар елеулі сынақтарға тап болып, тіпті, жаңаша пайымдалып жүр. Осындайда нені өткен күнге қалдырып, нені өзімен бірге болашаққа ала баруды әркім өзі шешуі керек. Отбасы осындай мәңгілік құндылықтардың бірі болып табылады. Әрине, шаңырақ құрған адамдар отбасына уақыт бөліп, қамқорлық жасайды, ұрпағына, балаларға ақыл-кеңесін береді. Бұл оңай емес. Фридрих Энгельс “Отбасының, жекеменшіктің және мемлекеттің пайда болуы” еңбегінде отбасы адамзат қауымының ауыспалы түрі деп жазған еді. Ол әлеуметтік, экономикалық және мәдени өзгерістерге қарай өзінің тыныс-тірлігінің түрін өзгертіп отырады. Бұрындары отбасы экономикалық негізге сүйенетін, оны діни ұстанымдар нығайтып келді. Ал қазір отбасыны игілік көргенімен, оны нығайтқылары келмейді, яки нығайта алмайды.
Әрине, мұның бәрінің себеп-салдарлары бар. Өмірдің жылдам ағысынан, ерлі-зайыптылардың өз алдына жұмыс істеуінен олар сирек жүздеседі, әйелдер экономикалық жағынан тәуелсіз және өзін-өзі құрметтеу сезімі күшті. Адамзат, ғылым қазіргі уақытта Батыс толғанысқа беріліп жүрген өркениетте маңызды әлеуметтік институт – отбасы неліктен құлдырап бара жатқанын жеріне жеткізе зерттей алмауда. Көрсетілетін жәрдемді көбейтуге болады, алайда одан құндылықтардың жүйесі өзгере қоймайды. Дүниежүзінің әлеуметтанушылары мен демографтары материалдық жағдайды жақсарту бала тууды азайтуға әкеліп соқтырып отырғанын қазірдің өзінде дәлелдеді. Мынадай керісінше көрініс қалыптасқан: ел бай болған сайын отбасыда балалар азаюда. Отбасы қоғамның ардақты құндылығы болудан қалып барады. Сондықтан бала туу да кемуде. Бұл ретте тұтыну мен рухани құндылықтардың арасындағы айырмашылықты азайту керек. Бірақ қазіргі экономика мен әлеуметтік инфрақұрылым бұл айырмашылықты ұлғайтып отыр. Және материалдық молшылыққа өзекті маңыз беретін ата-аналардың өздері осыған жағдай тудыруда. Бүгінде адам ақша тауып қана қоймай, жақсы көлік мінетінін, дегдар топқа жататын адамдармен араласуын, өзінің тағы басқа да осындай артықшылықтарын көрсете отырып, қоғамдық құрметке бөленгісі келеді. “Жұлдыздар думанының”, кең тараған сауық-сайран телебағдарламалардың көмегімен қадірменді, дегдар топ барлық тұрғындарға, әсіресе, жастарға қыр көрсетеді. Жолы болғыштарға еліктеуге тырысады. Ал олардың әдетте балалары болмайды яки отбасында ең көп дегенде бір ғана бала өсіреді.
Бұл отбасыға қатысты көптеген проблемалардың біреуі ғана. Отбасылар үнемі берік пе? Өкінішке қарай, біздің елімізде жыл сайынғы ажырасу пайызы бұрынғыша жоғары.
Отбасыдағы, тұтастай қоғамдағы адамдар қарым-қатынастарының, тәрбиенің, гендерлік теңдіктің маңызы мен құндылығына баға жетпейді. Ерлі-зайыптылардың ынтымағы өмір ағысына әсер етеді. Ынтымақ болса, ырыс бар. Бұл бала тәрбиесіне де ықпал етеді. Балалар ата-ананың қасиетін танытады.
Ата-ана баласын бақытты еткісі келсе де, ол өмірді ата-анасынан көргенімен бағалайды. Отбасының рухани жағдайында өсіп, ержеткен бала ересек өмірге ата-анасы бөлеген бақытқа орай аяқ басады. Ал біз оған барымызды беруге тырысамыз.
Міне, нақ сондықтан да сүйікті адамына деген сүйіспеншілікке, бақытқа, игілікке толы бұл байлық балаларға да даруы мүмкін. Ата-аналар балаларына өздерінің қамын ғана ойламай, өзгелерге де бақыт тілейтіндей, қайырымдылық, қамқорлық, мүдделестік тәрбиесін беруі керек.
Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев 2013 жылғы 7 наурызда Ақордада әйелдермен болған кездесуде біз балаларға олар өміріміздегі бар жақсымызды: достығымызды, қайырымдылығымызды өздеріне дарытатындай тәрбие беруге жауапкершілік алатынымызды айтты.
Мына даналықты естен шығармайық: сатының төменгі баспалдақтарына аяқ баспай, оның басына шығу мүмкін емес. Осы тәрізді алдымен өзіңнің туған үйіңді, еліңді, халқыңды сүймей тұрып, аспанға асқақтай алмайсың.
Адамгершілік қасиетті табиғат береді. Оны дамыту керек. Алайда, осы қасиетті аяққа басып алғанда тұлға құлдырап, азғындап кетеді. Осындай адам шаңырақ кұратын болса, ондағы ахуалды қалыпты деуге болмайды.
Отбасылық өмірдің басты заңдылығы – өзің таңдап қосылған адаммен тұрмыс құратыныңды естен шығармау. Біз ата-анамызды, аға-інілерімізді, әпке-қарындастарымызды, балаларымызды таңдамаймыз, ал жүрегіміз қалаған жанды сүйіп қосыламыз. Біз қосағымызбен қоса ағару үшін оны сүйеміз, оған сенім артамыз, алғыс арнаймыз, жақсысын асырамыз, бір-бірімізді демеп, қолтықтаймыз. Сөйтіп өзгені бақытқа бөлейміз, өзіміз де бақытқа кенелеміз.
Рерих ғарыштың ұлылығы еразамат пен әйелге байланысты депті. Бұл екеуі – тірліктің тірегі. Бұл жерде еразаматтың, әкенің рөлі маңызды. Ол әйелді ардақтауға тиіс. Өйткені, әйел – ана!
Біз өмір сүріп отырған өркениетке еразаматтар иелік етеді деген тұжырым қалыптасқан. Анығында солай ма? Назар аударыңыз: бүгінде бәріне әйел басшылық жасайды! Ол бәріне үлгереді, қашанда қамқоршы әрі нәзік жанды. Әйел айналасын өзіне баурап алған. Мұның сыры неде?
Австриялық психолог Зигмунд Фрейд отыз жыл бойы осыны зерттегенде әйел жанының құпиясын аша алмағанын мойындаған. Тек Стендаль ғана: “Сүйікті әйел қатал болса да, ол сонысымен сүйкімді!” деп ақиқатын анық айтқан.
Еразаматтар өздерінің сүйіктілерінің сұлулығы мен нәзіктігіне тәнті бола отырып, әйелді ең алдымен өзінің аналық жылуымен жаратылысқа жан бітіретін үй-орамның панасы деп біледі.
Әйелдің төзімділігі – үлкен құпия. Ол ғана өзінің бойындағы қуатымен өмірге жаңа келген әлсіз шарананы пәрменді етіп шыңдай алады. Ананың құдіреттілігі деген осы. Ана – Жаратқанның қамқорлығы мен жан шуағын бізге алдымен жеткізетін адам. Өмірге келген алғашқы сәттен бастап біз мұны ақылмен емес, жүрегімізбен сезінеміз.
Анамыз – біздің алғашқы махаббатымыз. Біз оны туғаннан сағындық, іздедік, оның дидарын көрген сайын қуанышқа бөлендік, бізге беймәлім болмыстың қауіп-қатерлерінен сол ғана қорғай алатынын ұғындық.
Анаға деген сүйіспеншілік біз ойлағаннан әлдеқайда әсермен бойды баурайды. Кішкентай кезіңде бұл табиғи сүйіспеншілік. Ананы сүю үшін ешқандай күш-пәрмен қажет емес. Алайда, біз ержеткен сайын ананы жақсы көру, құрметтеу сезімі күшейе түсуі керек.
Өкінішке қарай, анасына бойы жібімейтін, салқын, немқұрайды ұл-қыздар да жоқ емес. Анасы бұлар үшін жай бір көрші әйел сияқты ғана. Қазіргі балалар әдебиетінің өн бойынан ана бейнесін көрмейміз. Оның бейнесі өшкен, кейінге ысырылып қалған. Бүгінгі газеттер мен журналдар ана туралы жазбайды, теледидарда ол жайлы жан баурайтын бағдарламалар жоқ. “Литературная газета” өзінің беттерінде “Ана туралы сөз” деген айдар ашты. Біздегі аудандық, облыстық және республикалық баспасөз одан үлгі алса, жаман болмас еді. Анасын ардақтайтын ұл мен қыздың ол жайлы лебізін басқан газет бұдан ұтар еді. “Тағзым ет ата-анаңа, жерге басың тигенше!” деген ән неткен құдіретті десеңізші!
Өмірдің ағысы өзен тәрізді. Оның мұхитқа қарай ағылған суының бастауы сағасына әсер етеді. Біздің анамыз да осы өзен іспетті. Оған деген сүйіспеншілігіміз, ақ тілеуіміз осы бастаудан нәр алады. Осы ретте мен өзімнің анамды үнемі айрықша ризашылықпен есіме аламын. Мен үшін ол – қашаннан бері өмірімнің шамшырағы. Өте ізгі, ұяң да жанашыр болды. Оның дауыс көтеріп сөйлегенін немесе ұрыс-керіс жасағанын естіп, білген емеспін. Ол өшпенділікке қарсы өктемдік жасаған емес. Мектеп бетін көрмесе де, нағыз зиялы адам еді. Зиялылықтың нәрі жүректе ғой. Мұны ешбір университетте оқытпайды. Бұл – Тәңірдің сыйы, отбасыдан дарыған тарту.
Мына бір оқиғаны есіме алсам, жанарыма жас үйіріледі. Біздің ауламызда қарлығаш ұя салғанды. Үш балапаны бар. Сарыауыз балапандар ұядан құлап түседі. Анасы оларды ұяға қайта қондырады. Әлсіз балапандар тағы да құлайды. Ұябасар тағы да көтеріп алады. Уақыты келіп, сарыауыздар қанаттанып шықты. Қанаты болған соң ұшып кетті. Ұя бос қалды. Бірде мені анам шақырып алып: “Толя, ұябасар мен балапандары есіңде ме?” – деп сұрады. “Иә, есімде!” – дедім мен. “Міне, сендер де сол балапандар тәріздісіңдер. Сен, Юра және Витя үшеуің қанаттанып ұштыңдар. Алайда, туған ұяларыңды ұмытушы болмаңдар!”
Біз гендерлік теңдік жайлы айтқанда оның түп-тамырына бойлауымыз керек. Ал оның түп-тамыры – анамыз. Анасын жан-тәнімен сүйетін ұл өзге әйелге де соншалықты тағзым етеді. Өзіне анасын өнеге тұтатын қыз да Әйелдің, Ананың ұлы бейнесіне кіршік түсірмейді. Ана деген сөз – адамзат баласының ең асыл лебізі.