Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында “Арман қанат бітірген” тақырыбында фотокөрме ашылды. “СҚО Іскер әйелдер қауымдастығы” ҚБ облыстық тарихи-өлкетану мұражайымен бірлесіп, бұл шараны өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген әйелдерді ұлықтау мақсатында ұйымдастырды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Көрмеде билік тізгінін ерлермен қатар ұстай білген қыз-келіншектердің 40-қа жуық суреті қойылды. Өңірімізде отбасылық өмірімен қатар қызметті тең ұстап жүрген нәзік жандардың көптігі қуантады. Суреттермен бірге көрмеде іскер әйелдердің түрлі марапаттары қойылған.
Көрменің ашылу салтанатына суреттерде бейнеленген нәзік жандардың өздері де қатысты. Оларды Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаған облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Мұқанов пен Мәдениет, мұрағаттар және құжаттамалар басқармасының басшысы Рүстем Елубаев сұлулық пен мейірімділік жаршысы – арулардың өмірдегі орны ерекше дей отырып, барша қыз-келіншектерге игі тілектерін арнады.
Салтанатты шара барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар іскер әйелдер “СҚО Іскер әйелдер қауымдастығы” ҚБ Құрмет граммотасымен марапатталды. Оларды құттықтай келген өңіріміздің өнерпаздары ән мен биден шашу шашты.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.