Мәскеуде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы өтті. Оған Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Ресей Президенті Владимир Путин және Беларусь Президенті Александр Лукашенко, сондай-ақ Еуразия экономикалық комиссиясы алқасының төрағасы Виктор Христенко қатысты.
Кездесу барысында Кеден одағы мен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы интеграциялық үдерістердің жай-күйі мен перспективалары, сондай-ақ ЖЕЭК-тің бұрынғы отырыстарында қол жеткізілген келісімдерді іске асырудың негізгі мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық одақты құру туралы шарт жобасына дайындық барысы қаралды.
Нұрсұлтан Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы шарт екі бөлімнен – институттық және функциялық бөліктерден тұратынын айтты.
– Бірінші бөлігіне сәйкес халықаралық экономикалық ұйым құрылады. Біз одақтың органдарында тараптардың өкілеттігінің тең болуы жөнінде уағдаластық. Осындай тәжірибе соттармен қатар, басқа органдар аппараттарын қалыптастыру кезінде де сақталады. Мемлекет басшыларының шешімдері болашақ одақтың органы үшін міндетті болуға тиіс. Жаңа мүшелерді қабылдауға қатысты айтсақ, оны “топтап” қабылдау негізінде жүзеге асыруға уағдаластық. Шарттың функциялық бөлігі бойынша алдымен экономикалық одақ құрған жөн екенін атап өтпекпін. Бұл тұста елдеріміз ішінде түсініспеушілік туғызатын қосымша мәселелерді енгізудің қажеті жоқ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Ресей, Беларусь және Қазақстан интеграция жолымен жүйелі түрде ілгерілеп келе жатқанын, одан қазірдің өзінде нақты нәтижелер мен қайтарымның барын атап өтті.
Беларусь Президенті Александр Лукашенко кездесу барысында шартқа келісілген мерзімде қол қою үшін өзара тиімді шешімдер табылатынына сенімін білдірді.
Akorda.kz