«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БАРАР ЖЕР, БАСАР ТАУ ҚАЛМАДЫ ДЕМЕҢІЗ…

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әйел ана әр үйдің күн сәулесіндей сияқты. Ол өз жылуымен отбасына мейірім сыйлап, әр ісіне адал болуға тырысады.

Жақсы жар, қамқор ананың ұлылығында шек жоқ. Болашағы үшін еңбек етіп, өмірдің талай қиындығына төзе білген асыл жандарды біреулер бағаласа, енді біреулер зорлық-зомбылық көрсетіп, кемсітіп жатады. Ерлер, нақтырақ айтар болсақ, күйеулері жағынан осындай қорлық көріп жүрген нәзік жандардың саны аз емес. Көп жағдайда отбасыда орын алған осындай олқылықтардан кейін әйел заты бір ашуланса да, кейін бәріне кешіріммен қарайды. Сөйтіп, әрі қарай күйбең тірлігімен өмір сүре бастайды. Себебі, кез келген әйел күйеуін жаманатты қылғысы келмейді. Бұл барша қазақ қыз-келіншектеріне тән.

Бірақ кейбір ерлер арасында осындай жақсылықты түсінбейтіндер де бар. Нәтижесінде жылы құшақ жұмылған жұдырыққа айналып, қорлықпен күн өткізіп жатқан әйелдер саны аз емес. Өкінішке қарай, мұндайға шыдайтындар да бар, ал шыдай алмағандары одан шығатын жол іздейді. Көп ретте басын сауғалап, жанына тыныштық іздеген аналар Әйелдерді қолдау орталығына келеді.  

Орталық 2000 жылы ашылған. Оның басты мақсаты – әйелдерге түрлі жағдайда көмек көрсету, қолдау. Мұнда сенім телефоны іске қосылған. Оған хабарласқан адамдар заңгер, психолог және әлеуметтік қызметкердің көмегін, ақыл-кеңесін алады. Атап өту керек, мамандар көмегіне жүгінген әйел адамға аты-жөнін айтпауға да болады.

Орталықтың жұмысы әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталған. Яғни, психологиялық көмек көрсету, бас сауғалайтын орын беру.

2011 жылдың қараша айында зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға арналған баспана ашылған болатын. Орталық төрайымы Алина Орлованың сөзіне сүйенер болсақ, 2013 жылы бұл жерге 14 әйел мен 3 бала келіп, өздеріне пана тапқан. Зәбір көргендерге бұл жерде барлық тиісті жағдай жасалып отырған. Өкінішке қарай, қазір уақытша баспананың жұмысы тоқтатылған. Мемлекет тарапынан қажетті көмек көрсетілсе, алдағы уақытта қайта ашылар деген үміт те бар.

Психологтердің айтуына сүйенер болсақ, ер адамдар жағынан көрсетілетін түрлі қысымға әр саладағы әйелдер тап болып жатады. Егер ер адам әйелдің әлсіздігін пайдаланып, соққының астына алып, үйдің берекесін кетірсе, ешбір шара қолданбай отыра беруге болмайды. Дер кезінде қабылданған дұрыс шешім ананың және балалардың болашақ өміріне үлкен әсер етуі мүмкін. Сондықтан да: “Жабулы қазан жабулы күйі қалсын, бұл біздің жеке басымыздың мәселесі, өзіміз шешеміз” деп қарап отыруға болмайды.

Жеті адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған орталық, негізінен, төрт бағыт бойынша қызмет көрсетеді.

Оның ішінде тұрмыстық жағдайда зәбір көрген әйелдер құқығын қорғауды, адам саудасын тоқтатуға үлес қосуды көздейді. Орталық қызметкерлері еңбек эмигранттарымен де өз бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді. Ал ең бастысы – олар әке-шешесі маскүнемдікке салынған балаларға көмектеседі.

– Біз қала мектептерінде оқушылармен түрлі маңызды кездесулер ұйымдастырып тұрамыз. Психолог мамандармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізіп, отбасындағы ұрыс-керістің куәгері болып жүрген балалармен кездесеміз. Олардың жағдайын сұрастырамыз, қолдан келгенше барлық жағдайды жасап, жаман жолға түсіп кетпеулеріне оң әсер тигізу үшін түрлі іс-шаралар жасаймыз. Өзіңіз ойлап қараңыз, егер әке мен шеше ішетін болса, ондай отбасында баланың қандай тәрбие көруі мүмкін? Әрине, мәселені өз ағынымен жіберіп, қарап отырса, күні ертең ондай ерлі-зайыптылар ата-ана құқығынан заңды түрде айрылады. Сонда баланың жағдайы не болмақ? Бізді алаңдататыны да осы. Балалар қандай болса да, өз отбасында өмір сүргісі келеді. Оларды да түсінуге болады. Ата-ана қандай болса да, ең жақын адамдар емес пе?! Осы ретте біз жаңа қанатқақты жобаны қолға алғалы отырмыз. Ол “Бизнестің Жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жүзеге асар деген үміттеміз. Сәтін салса, осындай отбасылармен әлеуметтік қызметкер жұмыс жүргізетін болады. Оны отбасының көмекшісі деп атайтын боламыз. Негізгі міндет – жайсыз отбасылардағы баланың тәрбиесін бақылау. Қажет болса, бала кәмелеттік жасқа толғанға дейін осындай көмекшінің назарында болады. Бұл ата-анаға да оң әсерін тигізер деген сенімдеміз. Бастысы, бала отбасында тәрбиеленсін, өмірдің теріс ағымына түсіп кетпесін деген ой ғой біздікі, – дейді орталық төрайымы.

Орталықтың ұйымдастыруымен әйелдер колониясында компьютерлік сауат ашу және әлеуметтендіру жобасы да жүзеге асуда. Колонияның басшысының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айқын Баженовтың айтуынша, әр топта он адамнан айналысатын болады. Сабақтың ұзақтығы – 1,5 сағат. Толықтай курстан өткендерге сертификат тапсырылады. Мұндай қадам темір тордың арғы жағында отырған қыз-келіншектердің де көңілінен шығуда. Өз алдына олар да бостандыққа шыққан кезде алған білімнің бір пайдасы тиіп қалар деген үмітте.

Әйелдерге қорған болған орталық облыстық Ішкі істер департаментімен де жоспарлы түрде, бірлесіп жұмыс жүргізіп, отбасы тыныштығын сақтауға сүбелі үлес қосуда. Облыс бойынша әйелдердi зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция майоры Қайсар Қанафин 2013 жылы 394 жайсыз отбасы есепке алынғандығын айтты. Аға инспектор ондай отбасыларға жүйелі түрде барып, жоспар бойынша жұмыс істейді. Қажет болған жағдайда әкімшілік жазаға тартады. Мұндай іс-шараның басты бағыты нәзік жандарды қолдау, қорғау, отбасындағы оқыс оқиғалардың алдын алу болып табылады.

Әйелдерді қолдау орталығынан жандарына пана іздеп келетіндер аз емес.

– Жұмыс барысында көптеген оқиғалар кездесіп жатады. Кейбір әйелдерді біз, тіпті, он жылдай білеміз. Олар үнемі біздің қызметкерлермен байланысып, ақыл-кеңес алып тұрады. Қажет болса ұялы телефонға да хабарласады. Бірақ күйеуінен қанша зәбір көрсе де, ажыраспайды. Осындай әйелдердің шыдамдылығына қарап, таң қаласың. Жалпы әйел адамның психологиясын түсіну қиын ғой. Кейбіреулердің барар жері болмаса, екінші біреулері балаларын, ертеңгі күнін ойлайды да, ашуын басып, баяғы өміріне қайта оралып жатады. Күйеуімен ажырасып, жаңаша өмір бастап кеткен келіншектерді де білеміз. Балалы-шағалы әйелдер дейміз ғой, біздің орталыққа тұрмыс құрғанына екі-үш ай ғана болса да, күйеуінің соққысына жығылған жас келіншектер де келеді. Тіпті, қартайған шағында түрлі себептерге байланысты ұлдарынан зәбір көріп, амалсыздан біздің қызметкерлер көмегіне жүгінген қарияларымыз да аз емес. Бұл жерде біз жас ерекшелігіне қарамаймыз. Ерлер жағынан қысым көргендердің бәріне заңды түрде қажетті көмек көрсетуге мамандарымыз әрқашан дайын, – дейді орталық төрайымы.

…Қазақ халқы әйел затын қашанда сыйлап, қорғап, қолдай білген. Бұл орайда ермін деп ездің ісін істеп жүрген кейбір “батырларға” әйгілі Мөңке бидің: “Әйеліңмен дос бол, үйіңнің берекесі кіреді” деген нақылын айтқан жөн сияқты.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp