«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БІР КЕЗДЕ ҚОРҒАНСЫЗДЫҢ КҮНІН КЕШКЕН

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжар ауданындағы Соколовка елді мекені Есіл өзенінің бойында орналасқан. Қысы қытымыр, жазы жайсаң Қызылжар өңірінің әсем келбетін осы мекеннен-ақ көруге болады. Ақ қайыңды орман алқабында, Есіл өзенінде қыста ауыл балалары шаңғы мен коньки тепсе, жазда шомылып, денсаулықтарын шынықтырады. Аталмыш ауылдың шетінде даму мүмкіндігі шектеулі жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған (оңалту) мектеп-интернаты орналасқан. Тіршілігі бірқалыпты, өмірі бейқам интернаттың тыныштығын осыдан бірнеше жыл бұрын орын алған жаға ұстатар жағдай бұзған еді. Содан бері 3 жылдан астам уақыт өткендіктен болар, сырттан келген бөтен адамға балалар: “Бізде барлығы жақсы” дегендей күле қарап, жымия амандасады. Балалардың өздері айтқанындай, оларда барлығы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы сияқты…

Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жеткіншектерге мектеп-интернат әкімшілігі бар жағдайды жасап қойған. Ғимараттары жылы. Жатын орындары да жайлы. 5 мезгіл ыстық тамақ. Оқимын, білім алам деушілерге де барлық жағдай жасалған. Балалар мұнда оқу бағдарламасын меңгеріп қана қоймай, түрлі үйірмелерге де қатысады. Соның арқасында тоқу, тігу, ағаштан түрлі бұйымдар жасау, би билеп, ән айту өнеріне машықтанады. Үш тілді де меңгеріп келеді. Компьютермен жұмыс жасау да оларға таңсық емес.

Мектеп-интернатта 73 бала тәрбиеленіп келеді. Мұнда балалар 1-сыныптан бастап 9-сыныпқа дейін білім алады. Интернатта 93 адам қызмет етеді. Оның 36-сы педагогтер болса, қалғаны – техникалық қызметкерлер. Оқу бағдарламасы пәндерінің барлық мұғалімдері жеткілікті. Балалардың дамуы үшін қажет психолог, логопед сынды мамандық иелері де бар. Десе де, кадр тапшылығы жоқ емес, бар. Оңалту мектеп-интернаты болғандықтан, психотерапевт ауадай қажет екен. Бұл мәселе алдағы уақытта өз шешімін табуға тиіс.

– Мектеп-интернат мүмкіндігі шектеулі жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған. Мектепте білім алып, тәрбиеленген балалардың арасында түгелдей сауығып кетіп, ел қатарлы жоғары оқу орнына түскен балалар да болды. Мәселен, былтырғы түлектер ішінде Астана қаласының колледжіне түскен түлегіміз бар. Әдетте біздің балалар жергілікті колледждерге түсіп жатады. Былтыр екі түлегіміз 9-сыныпты бітірген соң жоғары оқу орнында білім алуды мақсат тұтып, мектептегі оқуларын жалғастырып келеді. Балалар түрлі республикалық, облыстық сайыстарға белсене қатысады. Жүлделі орындарға ие болғандары да бар, – дейді мектеп-интернаттың директоры Айгүл Мұстафина.

Айгүл Амангелдіқызының бұл қызметке тағайындалғанына көп уақыт өтпепті. Бұрындары Петропавлдағы №1 арнайы мектеп-интернат директорының орынбасары болып қызмет атқарған ол бұл мекемеге 2011 жылдан бері басшылық етіп келеді. Содан бері мектеп-интернатта ішкі тәртіп те өзгерген.

– Орын алған қылмыстық істен кейін балалар тарапынан оқу орнының әкімшілігіне деген сенімді қайтару оңай болмады, – дейді мектеп-интернаттың директоры.

Естеріңізде болса, ол былықшылықтың беті 2008 жылы ашылған болатын. Оқу орнының бұрынғы директоры Қанат Сәрсенбаев пен әлеуметтік педагог Евгений Дмитрачков екеуі бірлесіп, мектеп-интернат тәрбиеленушілерінің депозиттегі жәрдемақыларын 3 жыл бойы қолды еткен. Оған қоса, балаларға мектеп әкімшілігі тарапынан әлімжеттік көрсетілген. Сот барысында қылмыскерлердің талай былықтары ашылған. Сотқа куәгер болып шақырылған жәбірленушілер қылмыскерлердің жасаған жымысқы әрекеттерін бүгешігесіне дейін айтып берген екен. Сот шешімімен Қанат Сәрсенбаев 8 жылға бас бостандығынан айрылса, Евгений Дмитрачков бес жарым жылға сотталған.

Қылмыскерлерден жәбір көрген мектеп-интернаттың түлектері жымқырылған ақшаларын қайтарып ала алмаса да, болашаққа деген армандары асқақ көрінеді. Жәбір көрген ұл-қыздар үлкен өмірге аяқ басты. Бүгіндері оқу орнында балалар арасында келеңсіз жағдайлар туындамас үшін мектеп-интернаттың қазіргі әкімшілігі ішкі тәртіпке бірталай өзгерістер енгізген. Егер бұрындары ұл-қыздардың жатын бөлмелері аралас болса, қазіргі таңда қыздардың бөлмелері өзге қабатқа жайғастырылған. Тәрбиешілердің рұқсатынсыз ұл бала қыздардың бөлмесіне қалай бара алмаса, қыз бала да ұлдар тұратын қабатқа аяқ баспайды. Қыз баланы ұяң мінезді, инабатты етіп тәрбиелеу үшін қолөнер үйірмелерін ашқан. Онда қыздар бірлесіп, түрлі ойыншықтар жасап, оюлы кесте тігіп, тоқымамен айналысудың қыр-сырын меңгереді. Ұлдар болса ұсталыққа машықтанады.

– Балалардың әрбіреуімен жұмыс жүргізілді. Жүргізіліп келеді де. Ең бастысы балаларға теңіңдей қарау керек. Әдетте бала тәрбиеге көнбейді, ата-анасына қарап ержетеді деген ұстаным қалыптасқан. Балалар ата-ананың қамқорлығынан айрылғандықтан, олардың қамқоршысы да, ата-анасы да – бізбіз. Олар бізге қарап бой түзейді. Сондықтан осы мектепте қызмет ететін аспаздан бастап, мұғалімге дейін балаларға үлгі бола білуі тиіс. Осы қағиданы ұстанып, балаларға барынша шыншыл болуға тырысамыз. Бұл мектеп-интернат – олардың үйі. Үлкен өмірге қанат қағар алғашқы баспалдағы, алтын ұясы. Үйдегі ата-ананың қасында тәрбиеленіп келе жатқан баланың сеніміне кіру үшін ең бастысы ашықтық, шыншылдық керек қой, – дейді директор.

Айгүл Амангелдіқызы қалада тұрады демесеңіз, таң атқаннан күн батқанша мектеп-интернаттың ішінде. Тіпті, жаңажылдық мерекені де тәрбиеленушілерімен бірге қарсы алады. Бұл дәстүрге айналып кеткен, дейді ол. Өз отбасысында оны екі ұлы мен отағасы күтіп отырғанына қарамастан, балалармен бірге мектеп-интернатта дастарқан жайып, тәрбиеленушілерге деген ізгі тілегін білдіріп болғаннан кейін ғана үйіне қайтады. Өзге мерекелерді де мектеп әкімшілігі жұмыла қарсы алуды әдетке айналдырып үлгерген. Сондай-ақ балалар Астана қаласына да саяхатқа барып келіп, алған әсерлерімен бөліскен болатын.

Әкімшілік тарапынан көрсетілетін мұндай жылулыққа балалар да өздерінше жауап беретін көрінеді. Себебі, тәрбиеленушілер арасында білімге, спортқа құштар оқушылар көбейген. Балалардың білімге деген құштарлығы, өмірге деген көзқарастарының өзгеруінің арқасында осы мекемеден жалпы білім беретін мектепке бірнеше оқушы көшірілді. Тәрбиеленушілер арасында білімге ғана емес, спортқа бейім оқушылар да жеткілікті. Спорттың түр-түрімен айналысатын жеткіншіктер, әсіресе, қыста шаңғы тебуді ұнатады екен. Өз араларында бұл спорт түрінен жеңіске жеткен ұлдар да бар. Олар – Анатолий Кононов, Борис және Александр Волокитиндер, Евгений мен Александр Сельницалар, Евгений Писалев, Ілияс Жанбатыр, Никита Белов, Марк Батулин және тағы басқа балалар. Олар облыстық деңгейде өткен түрлі жарыстарда марапатқа ие болған. Балалар саламатты өмір салтын ұстануды мақсат еткендерін жасырған жоқ. Арасында шаңғы, коньки тебетін ұл-қыздар топтаса қалып, газетіміздің фототілшісі Талғат Тәнібаевті өздеріне ертіп, далаға шығып, табиғатта біраз серуендеп те үлгерді. Балалар қызықты әңгімелерімен бөлісіп, спорт түрлерін қалай меңгергендіктерін де көрсеткен екен. Би өнеріне машықтанған қыздар болса өнерлерін ортаға салды.

Суреттерді түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp